Технология • 29 Қазан, 2021

Бағдат Мусин: Ауылдағы науқастарға жасанды интеллект диагноз қояды

348 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда ауылдық жерлерде медицина сапасын жақсарту үшін науқастарға жасанды интеллект диагноз қояды. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бағдат Мусин: Ауылдағы науқастарға жасанды интеллект диагноз қояды

Аталған өзгерістер «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында жүзеге асады.

«Қазіргі уақытта ауыл тұрғындары үшін медицина мен жалпы білім беру жүйелерінің сапасы төмендеу болып отыр. Яғни ол сапаны көтеру үшін сапалы мұғалімдер мен білікті дәрігерлер қажет. Сондықтан, медициналық мәселелерді шешу үшін диагностиканы цифрлық форматта жүргізуіміз керек. Мысалы бірнеше өңірде пилоттық жобаларды жүзеге асырдық. Жасанды интеллект арқылы өкпе ауруларын немесе әйелдердің ауруларын анықтау үшін мейірбике науқасты рентген аппаратына алып келсе болғаны. Сол аппарат суреті базаға жүктеліп, Нұр-Сұлтаннан, Алматыдан немесе басқа қаладан білікті мамандар қарап, диагноз қоя алады. Екіншіден жасанды интеллектің өзі де сол суретке талдау жасап, өз ұсынымдарын бере алады. Алдағы бес жылда осы технологияларды енгізуді жоспарлап отырмыз», деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, мектептерде балалар кітаптарды өзімен тасып жүрмеуі үшін цифрлық технологиялар көбірек енгізіліп, керекті материалдар цифрлық форматқа көшіріліп жатыр.