Экономика • 31 Қазан, 2021

Қор қаражатының сарқылу қаупі бар ма?

578 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ұлттық қор қаржысы талай әңгімеге арқау болғалы қашан. Әу баста қорға жиналған қаражат 2030 жылға дейін жетеді деген үмітпен жүрдік. Расымен мұндағы ақша 2000-2014 жылдар аралығында тек өсім көрсетті, резерві 77,2 млрд долларға жетті. Алайда 2009 жылдан бері қордағы қаржыға қол салу жиілеп кетті. Қомақты қаржы әуелі банктерге, содан кейін экономиканы түзеуші деп танылған компанияларға кетті. Ақыр соңында Ұлттық банк төрағасы Е.Досаев қордағы қаржы 2030 жылға дейін жетеді деген қиялға тым сеніп қалуға болмайтынын, трансферт жалғаса берсе алдағы бірер жылда қазынаның түбі көрініп қалатынын ескертуге мәжбүр болды.

Қор қаражатының сарқылу қаупі бар ма?

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев журналистермен кездескен кезде 2022-2024 жылдардағы Ұлттық қорға түсетін түсімдердің жалпы көлемі 3,4-3,9 трлн теңге болатынын жеткізді. 2021 жылы – 2,7 трлн теңге, 2022 жылы – 2,4 трлн теңге және 2023 жылы 2,2 трлн теңге мөлшерінде қаржы бөлінетіні және қандай жағдай болсын, шекті дәлізден асып кетуге болмайтыны айтылды. Алайда кей сәтте «тәбетіміз» шекті дәлізден асып кететінін 2021 жылдың тәжірибесі көрсетті. Нақтырақ айтсақ, 2021 жылы Ұлттық қордан 1 трлн теңге емес, 1,85 трлн теңге трансферт сұралды. Экономикалық жағдай болжамды дәлізге көнбейтіні, мемлекеттік бюджеттің жағдайы күрделі екені және оны жасыру да қиындап бара жатқаны осыдан-ақ сезілді. «Егер алдағы уақытта қажеттілік шекті дәлізден асып кетсе, жетпей тұрған қаржыны тағы да сырттан қарызға алып жабамыз ба?» деген қауіп жоқ емес.

Жалпы елдегі Ұлттық қорды басқару тәсілі Норвегиядағы Ұлттық қор жү­йесімен сәйкес келеді. Кезінде Үкімет соған қарап қор жүйесін құрғаны есте. Қазір де екі елдің қор жүйесін бір-бірі­мен салыстыратындар көп. Street Invest Partners сарапшысы Данияр Жұ­ме­кеновтің айтуынша, екі елде бір үл­гімен басқарылатын Қордың транс­ферттік саясатын бір-бірімен салыстыру қисынсыз. Айталық, біздің Ұлттық қордың қоржынындағы 60 млрд доллар – ІЖӨ-нің 38 пайызы. Ал Норвегиядағы қорда жинақталған 1 трлн доллар – ІЖӨ-нің 250 пайызы. Демек, Норвегия 4 пайыздық трансфертпен-ақ әлеуметтік проблемаларын шешіп отыр деген сөз.

Осы ретте Д.Жұмекенов әлемдік дағ­дарыстың алдында бюджет шығыс­тары Ұлттық қор есебінен 28 пайыз­ға қаржыландырылғанын, ал биыл эко­номикалық қиындықтар жағдайында бұл көрсеткіш 35 пайызға дейін өсуі мүмкін екенін қаперге салды. Каран­тин­дік шаралар мен экспорттық кіріс­тің төмендеуіне байланысты бірінші жарты­жылдықта Қазақстанның ІЖӨ 1,8 пайызға қысқарғанын ресми статистика жоққа шығармайды. 2019-2020 жылдардағы мұнай бағасының төмендеуі Ұлттық қорға да әсер етті. Бұл ретте бюджет кірістерінің басқа көздерінде қиындықтар байқалады: 2021 жылдың бірінші жартысында бөлшек сау­да айналымы 16,5 пайызға төмен­деді. Карантиндік шектеулер кейінгі айларда да жалғасқанын және көптеген азаматтың жұмыссыз қалғанын ескере отырып, салық түсімдеріне қатыс­ты проблемалар ұзақ уақыт бойы сақта­лады деп болжауға болады. Демек, біз мұн­дай жағдайда біраз уақытқа дейін Ұлт­тық қордың трансферіне тәуелді болып қала береміз. Сарапшы айтып өт­кен­дей, мұнай нарығын қалпына кел­тір­­мейінше бұл құбылыс жалғаса береді. «Қазіргі дағдарыс құрылымдық рефор­малардың қажеттілігін көрсетіп тұр. Мұ­ны кезең-кезеңмен жүргізу қажет­ті­гін ескеретін кез келді», дейді сарапшы.

Соңғы кезде сарапшылар Ұлттық қорға аударылуы тиіс қаржының бюд­жетте қалып қоятынын, мұндай тәжі­рибені жою қажеттігін жиірек айта бас­тады. Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы Нұрлан Жұмағұлов Алматыда журналистермен кездескен кезде Ұлттық қорға салық төлеудің орнына мұнай секторындағы компанияның қаражаты республикалық бюджетке түсіп отырғанын айтты. Мысалы, 2020 жылы Қарашығанақ пен Солтүстік Каспий жобалары бойынша әріптес компаниялардан 664 млрд теңге түспепті.

Жалпы бюджеттің Ұлттық қорға деген көзқарасы көңіл көншітпейтіні, оны жасыра алмайтын жағдайға жеткеніміз белгілі болды. Ұлттық банк төрағасы Ұлт­тық қордан республикалық бюджет­ке алынатын трансферт көлемі көбейе берсе, 2023 жылға қарай қорда ішкі жалпы өнімнің 30,8%-на ғана тең қаражат қала­тынын, мұндай жағдайда Қор қар­жыс­ын қалған уақытта жұмсау мүмкін­дігі шектелетінін айтқан-ды. Мәселені төрағаның сөзімен нақтыласақ, жыл аяғына дейін бюджет ережесін қабылдап, Ұлттық қордың жинақтау функциясын сақтау және мұнай тапшылығын азайту шарасын қабылдау қажет.

Жалпы сарапшылар Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру үшін бюджет ережесін енгізу қажеттігін көптен айтып жүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айында «Мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасын» әзірлеуді тапсырды. Бюджеттік ереженің жаңа редакциясы экономиканың өсуіне кедергі келтірместен Ұлттық қордағы қаржыны сақтап қалуға басымдық береді. Демек, бюджеттің кем-кетігін Ұлттық қорға қол сұқпай-ақ толтыруды дағдыға айналдыру жоспарда бар. Бірақ Үкіметтің экономикалық, қаржы блогына жауап беретін құзырлы орындар бұл сұраққа әлі жауап берген жоқ.

Ұлттық қорға иек арту үрдісі келер жылы да жалғаса беретінін мына деректер байқатып тұр: Ұлттық экономика министрлігі елдегі даму бағдар­лама­ларын қаржыландыруды ұлғайту үшін 2021 жылы Ұлттық қордан 1 трлн емес, 1,85 трлн теңге мөлшерінде нысаналы трансфертті тартатынын айтты. Бұл жоспардағы сомадан әжептеуір көп. ТМД елдерінде мұндай үрдісті тәжірибеге енгізу үрдісі бар.

Тәуелсіз сарапшы Айдар Әлібаев бізбен әңгімесінде Ресейдің суверенді қорының тәжірибесін көшіре беруге мүмкіндігіміз көтермейтінін айтып берді. Ресейде 2015 жылдан бері мұнай­дан түскен кез келген түсімді автоматты түрде мемлекеттің суверенді қорына аудару тәжірибесі енгізілген. Бұл қордағы жиналып қалған қаржының кертіліп қалмауына және қажет кезде оған сүйенбей-ақ тығырықтан жол табуға мүмкіндік береді.

Бірақ сарапшы айтып өткендей, мұ­найдан түскен түсімнің бәрін бірдей Ұлт­тық қорға аудара беруге біздің мүм­кіндігіміз жоқ. Ресейде мұнай секторынан кейінгі табысты салалардың бірі – қор­ғаныс саласы. Мұнайдан кейінгі түсім­нің басым көпшілігі осы саладан келеді. Ал біздегі жағдай басқаша. Сондай-ақ А.Әлібаев Жаңа бюджет ережесі көп мәселені жүйелендіретінін де айта кетті. Бірақ сол өзгерістер қандай параметрлерді қамтитынына да байланысты болмақ. Сарапшының айтуынша, қорда ІЖӨ-нің 30 пайыз алуға болмайтын төменгі шектік дәлізі болуы керек. 2020 жылы ІЖӨ-і номиналды мәнде 67,7 трлн теңге болса, қол сұғуға болмайтын 30 пайызы шамамен 50 млрд долларды құрауға тиіс.

Үкімет өзіне ыңғайлы трансферт үлесін азайтуды ойлай отырып, соның орнын қосымша кіріс көздері арқылы толтыруды ескеруі қажет. Олай болмаса, онда бюджеттік ереже енгізілгеннен кейін де жағдай өзгермейді. Бұл жерде көп мәселе Үкімет құрамының жауап­кершілігі мен біліктілігіне байланыс­ты екені белгілі. Жыл аяғында Парламентке келіп, Ұлттық қорға алақан жаю екінің бірінің қолынан келеді. Сондықтан Үкімет қолдағы қаржыны үнемдеп, ұқсата да білгені жөн. Ұлттық қорды басқару жүйесі дұрыс емес екенін ескерткен сарапшы түскен түсімнен бөлек, мұнай секторы ұйымдарының тура салықтары корпоративтік табыс салығы, үстеме пайда салығы, пай­далы қазбаларды өндіру салығы, өнім­ді бөлу бойынша үлестері және тағы басқа да салықтар осы Ұлттық қорға жиналатынын да айтып өтті. Үкіметтің Ұлттық қорға кез келген уақытта қол созуына жол ашып тұрған фактор да осы екен. Сон­дықтан ең алдымен жоғарыда аталған түсімдерді скрингтен өткізіп, артылға­нын қайта алынбайтындай Ұлттық қор­ға сақтап отыру керек. «Жаңа бюджет ережесін дайындаған кезде Ұлттық қорға түсім түсуі мүмкін барлық көздерге ревизия, скринг жасалуы қажет және бұл бір реттік ревизиямен шектеліп қалмауы тиіс. Мәселенің осы жағы реттелмесе, Ұлттық қор мен мемлекеттік бюджет арасы жүйеленбейді. Себебі 2020-2021 жылдары бюджетке түсуі тиіс салықтың 40 пайызы түспеді, донор аймақтар аза­йып, реципиент өңірлердің қатары өсті. Бұған қоса, бюджет ережесін дайындайтын жұмыс тобының құрамы да көп мәселені шешетінін ескерген дұрыс», дейді А.Әлібаев.

Сарапшылардың пікірінше, бюджет тапшылығын Ұлттық қор транс­фер­ті толтыру үшін жан-жақты ойласты­рыл­ған жүйелі тәсіл қажет. Айталық, Үкімет мұнай баррелін 100 емес, 30-40 АҚШ доллары жағдайында болуы­на шешім қабылдап, сол жағдайға бейімделуді үйрену керек. «Ресейде мұнай бағасының 40 доллары бюджетке, қалған бөлігі Ұлттық қорға түседі. Ауырлау болса да бізге де сондай шешім қабылдау қажет. Оған мүмкіндігіміз бар. 2022-2024 жылдың бюджеті белгіленген кезде мұнай бағасы барреліне шамамен 50-60 доллар шамасында есептелген. Қазіргі баға одан қымбат. Осыны ескеру керек», деп қорытындылады А.Әлібаев.

«Central Asia Cronos талдау агент­тігінің сарапшысы Сергей Полыгалов­тың пайымдауынша, Ұлттық қор қаража­тын пайдаланудың жаңа ережелерін енгізу соңғы бірнеше жылда Ұлттық қорға түсетін түсімдердің азаюымен бай­ланысты. Сондықтан қордың қара­жа­тын пайдалануды реттеп, қор актив­терінің жинақталуына қолайлы жағдай жасалуы тиіс. «Әйтпесе, қор резерв­терін айтарлықтай төмендетіп алуымыз мүмкін. Оның сыртқы жағымсыз салдарын қоспағанда, Ұлттық қордың сар­қылуы ел ішінде орны толмас зардаптарға әкеледі», дейді С.Полыгалов.

Қазіргі таңда қорға жинақталған қаражат негізінен әлеуметтік бюджет баптарын орындауға жұмсалады. Атап айтқанда, бұл ақша зейнетақы төлеуге және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған. 2020 жыл­дың өзінде әлеуметтік қызметтерге 3,5 трлн теңге бөлінген. «Ұлттық қордың әл-ауқаты төмендесе, бұл мемлекеттік әлеу­меттік қолдаудың азаюына келіп тірелуі мүмкін. Сондықтан Ұлттық қор­ға түсетін түсімдерді бюджетке бұ­рып жіберуге жол бермеу тетіктерін қарас­тыру керек», деді С.Полыгалов.

 АЛМАТЫ

 

Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше