Экология • 01 Қараша, 2021

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының негізгі бағыттары

2120 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Жасыл Қазақстан» – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленген Ұлттық жоба. Осы арқылы еліміз­дегі эколо­гиялық жағдайды жақ­сар­тып, ха­лық­қа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру көзделіп отыр.

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының негізгі бағыттары

Орнықты дамудың 7 мақсатын көздейді

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, құжат төрт негізгі бағыттан тұрады. Тұтастай алғанда, Ұлттық жобада 11 міндет қарастырылып, соған сәйкес 19 көрсеткіш және 48 іс-шара айқындалды.

«Бірінші бағыт – «Таза Қазақстан» атмосфералық ауа сапасын жақсарту, қалдық­­тарды басқару және еліміздегі су нысандарының экожүйелерін сақтау сынды негізгі экологиялық проблемаларды шешуге ықпал етеді. «Үнемді Қазақстан» бағытында табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануға ден қойылады. Бірінші кезекте, бұл су ресурстарына және экономиканың энергия сыйымдылығын төмендетуге қатысты. «Табиғат» бағытының мақсаты – био­алуан­дықты сақтау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту. Төртінші бағыт – «Экология болашағы» халықтың экологиялық білімі мен мәдение­тінің деңгейін арттыруға арналған.

Әр бағыт бойынша мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бірінші деңгей­дегі құжаттарымен, сондай-ақ БҰҰ Орнық­ты даму мақсаттарымен өзара байланыстылығы айқындалған. Мәселен, тұрақты дамудың 17 мақсатының ішінде бұл жоба жеті мақсатты іске асыруды көздейді», деді С.Брекешев.

Еліміздің бас экологы айтқандай, «Таза Қазақстан» атмосфералық ауаның ластануын азайтуды, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруді, тұйық циклдегі экономиканы дамытып, тарихи ластануларды жоюды және республика аумағындағы су нысандарының экожүйелерін сақтауды көздейді. Бұл біріншіден, ластанудың деңгейі жоғары өнеркәсіп орындарының қызметі мен электр стансаларында көмірді жағумен байланысты. Осы мәселені шешу үшін ауа сапасы нашар 10 қалада 5 жыл ішінде 16 ірі кәсіпорында зиянды қалдықты 20%-ға төмендету жоспарланып отыр. Айталық «АрселорМиттал Теміртау» қалдық көлемін 54%-ға азайтуға міндетті.

Ұлттық парктердің қатары толығады

Экожүйені орнықты дамыту үшін әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ауданы шамамен 10-12%-ды құрауы тиіс. Қазір Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың үлесі – 9,6%. Осыған байланысты «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық паркін және «Мерке» қорықтар табиғи паркін құру жоспарлануда.

«Сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлардың санын қалпына келтіру» міндеті шеңберінде тұран жолбарысын реинтродукциялау үшін азық базасын құру мақсатында «Іле – Балқаш» мемлеккеттік табиғи резерватында қабан, тоғай бұғысы, елік санын ұлғайту көзделген. Сондай-ақ балық ресурстарының табиғи популяциясын 224 мың тоннаға дейін ұлғайту және жерсінуі кемінде 65% болатын 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі іс-шаралар қарастырылған», деді министр.

Экологиялық мәдениет басты назарда

С.Брекешевтің айтуынша, «Экология болашағы» аясында орнықты даму қоға­мын құруға баса назар аударылады. Ве­домство басшысы экоқұрылым мен мә­­де­ниет деңгейін арттыру жөніндегі бағыт ұлттық жобаның базалық бағыты са­на­­латындықтан табиғатты қорғау және экологиялық сақтау іс-шаралары мен сая­са­ты бірінші кезекте экология және қор­шаған ортаны қорғау туралы базалық тү­сі­ніктері бар азаматтарға арналады. Қа­зіргі жағдай осы саладағы білім беру, оның ішінде экологиялық білім саласын­да реформалар жүргізу қажеттілігін көрсетіп отыр.

«Осы бағытта екі міндет алға қойыл­ған. Біріншіден, бұл – экологиялық аспектілерді ресми білім беру және ағарту жүйесіне біріктіру. Мектептің 6-сынып бағдарламасына таңдау бойынша жаңа курс ретінде «Экологияны» енгізіп, осы бағыттағы ағарту орталықтары же­лісін құру көзделген. Екіншіден, эко­ло­гиялық бағыттағы ақпараттық кеңістікті қалыптас­тыру. Birge-taza Qazaq­stan сынды экологиялық акциялар іске асырылады», деді Экология министрі.

Тұтастай алғанда, жобаны іске асыру халықтың нақты кірістерінің ұлғаюына, ІЖӨ-нің 231 млрд теңгеге өсуіне ықпал етіп, 60 мыңға жуық жұмыс орны ашы­лады деп болжануда. Министр бұл жо­­ба әлеуметтік нәтижеге қол жеткі­зу­ге арналғанын жеткізді. Бұдан басқа атал­ған стратегия көлдердегі су сапасын жақсар­туға, сондай-ақ суару кезінде шы­ғын­ды азайтуға мүмкіндік береді. Сол секілді орманды аумақты 5%-ға дейін ұлғай­туға жол ашады деп сендірді жоба авторлары.