Қысқы спорт • 01 Қараша, 2021

Денис Тенді еске алды

163 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордадағы «Барыс Арена» мұзайдынында қазақстандық даңқты мәнерлеп сырғанаушы, 2014 жылғы Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тенді еске түсіруге арналған дәстүрлі Denis Ten Memorial Challenge халықаралық турнирі өз мәресіне жетті.

Денис Тенді еске алды

Биыл екінші мәрте өткізіліп жатқан ха­лықаралық доданы Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қол­дауы­мен «Денис Тен қоры» қоғамдық қоры ұйымдастырды. 2019 жылы тұңғыш рет Денис Тен туып-өскен Алматы қаласында тұсауы кесілген байрақты бә­секе биыл бірінші мәрте елордада өтті. Себебі осы турнир өтуі керек болған Алматыдағы «Ха­лық Арена» спорт кешені қа­зіргі таңда коронавируспен ауырған науқастарды емдеу ор­талығына айналған. Сондықтан ұйымдастырушылар жарыстың өту орнын ауыстыруға мәжбүр бол­ды. Ал былтырғы турнир коронавирус пандемиясына байланысты өтпей қалған еді.

Осы жылдан бастап мәнерлеп сырғанаудан «Челленджер» (ISU Challenger Series) санатындағы жылдың 7-ші жарыс кезеңіне қосылған биылғы Denis Ten Memorial Challenge турнирінде 16 елден келген 100-ден астам спортшы бақ сынады. Олардың қатарында биылғы әлем чемпионатының жүлдегерлері, Бейжіңде өтетін Қысқы Олимпия ойын­дарына жолдама жеңіп алған бірқатар тәжі­рибелі мәнерлеп сырғанаушылар да бар.

Ал қазақстандық спортшылардан бұл сында ел намысын ерлер арасында Рахат Бралин, Михаил Шайдоров, Диас Жиренбаев, қыздар бәсекесінде Анастасия Лобанова, Богдана Ракишева, Ясмина Текик және жұптасып өнер көрсетуде Гауһар Наурызова/Боянсангур Датиев пен Максин Уэзерби/Темірлан Ержанов жұбы қорғады.

Denis Ten Memorial турнирі жас мәнерлеп сырғанаушыларға өз бақтарын халықаралық ареналарда сынап көруге мүмкіндік беретін жарыс саналады. Мәселен, 2019 жылы қазақ­стандық Максин Уэзерби мен Темірлан Ер­жа­нов жұбы Алматыда өткен ха­лықаралық жарыс­та қола медальға ие болып, 2020 жылғы әлем чемпионатына жолдама алған еді.

Биылғы бәсекеге тоқталар болсақ, ерлер арасындағы сында жүлделі үш орынды да Ресей спортшылары жеңіп алды. Атап айтқанда, Петр Гуменник бас жүлдені иеленсе, күміс пен қола медаль Марк Кондратюк пен Ан­дрей Мозалевке бұйырды. Ал 2019 жылғы Қазақстан чемпионы және Гданьскіде (Польша) өткен жасөспірімдер арасындағы Гран-при кезеңінің жүлдегері атанған Михаил Шайдаров бұл жолы үз­діктер қатарынан көріне алмай, жарысты небәрі тоғызыншы орынмен қорытындылады.

2019 жылғы мемориалда жас­өспірімдер санатында өнер көр­сетіп, сол кезде 4-ші орынға ие болған Рахат Бралин би­ыл 12-ші сатыға табан тіреді. Ал 17 жас­тағы мәнерлеп сыр­ғанау­шы Диас Жиренбаев жарысты 10-орын­мен түйіндеді.

Қыздар арасындағы бәсекеде Беларусь өкілі Виктория Сафонова топ жарды. Күміс және қола жүл­делерді әзербайжандық Ека­те­рина Рябова мен украиналық Анас­тасия Шаботова өзара бө­лісті. Қазақстандық Анастасия Ло­банова, Ясмин Текик, Богдана Ракишева 8-ден 10-ға дейінгі орындарға тұрақтады.

Жұптық сында ресейлік Анас­тасия Скопцова-Кирилл Але­­шин және Елизавета Худай­бер­­диева-Егор Базин алтын және қола жүлдені жеңіп алса, украи­­налық Алек­сандра Наза­рова мен Мак­сим Никитин жұ­бы 2-орынды иеленді. Отан­дық мәнерлеп сыр­ғанау­шылар Гау­һар Наурызова мен Бой­сан­гур Датиев үздік жеті спорт­шы­ның қатарынан көрінді.