Коронавирус • 02 Қараша, 2021

Талап күшеймей, тақсірет азаймайды

170 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазан айының соңында өңірдегі карантиндік іс-шараларды күшейту туралы қаулы қабылданып, бірқатар шектеулер енгізілді. Жаңа құжатқа сәйкес Ashyq жобасына қатыспайтын нысандардағы шектеулер әлі де сақталады. Себеп – қатерлі дерттің қармағына ілінгендер саны өсе түскен. Соның салдарынан өңір «қызыл аймақтың» қатарынан әлі де шыға алмай отыр.

Талап күшеймей, тақсірет азаймайды

Деректерге көз жүгіртсек, ін­дет­тің жайылып келе жат­қан­­­ды­ғын аңғаруға болады. Мә­се­лен, өткен аптада COVID-19 жұқтырған 945 жағ­дай тіркеліп, індетке шал­ды­ғу­шылар саны 1,03 есе өскен. Тиісті орындар сақтандыру жолдарын айтып, алдын алу шараларын жүр­гізіп жатырмыз дегенімен, әзірге жағдайдың оңала алмай тұрғаны анық. Енді талапты қатайтпаса болмайтын түрі бар.

Ashyq жобасына қатысу­шы­ларды есептемегенде, әрқи­лы салтанаттарды, еске алу, отбасылық іс-шараларды өткі­зуге тыйым салынады. Біз осы арада карантин талап­та­рын бұзғандарға қатаң шара қолдану керек екенін айтқы­мыз келеді. Әйтпесе, дерттің зардабынан қорқып айылын жиып отырғандар аз. Бұл жайды өткен жолы да жазып, елдің еті өліп кеткенін айтқан болатынбыз. Мобильдік топтар тәртіп бұзушыларды анық­тап, әкімшілік айыппұл салып жатқанымен, облыс орта­лы­ғын­да­ғы аудандарда да жүздеген адам жинап, той-томалақ өткі­зу, бата беру тыйылған жоқ. Осын­шама адамның ішінде бірді-екі­лі дертті адам болса, он­даған, тіпті жүздеген адамның індет жұқтырып алуы оп-оңай. Адамдардың сақтық шараларын ескермей, қатерге басын тігіп, неліктен тәуекел ететіні түсініксіз. Мейрамхана мен дәмхана иелері «қызыл аймақтағы» қауіптің үстемдік құрып тұрғанын жақсы білсе де, өздерінің қарақан басының қамын ойлап, рұқсат беруі де қисынға келмейді. Демек карантиндік тәртіп бұзғандарға салынатын айыппұл көлемін өсіру керек шығар. Бәлкім сонда ғана аяғын тарта басуы мүмкін.

Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусинаның айтуына қарағанда, өңірде (Sputnik V, QazVac, CoronaVac, Sinofarm (XayatVax + VeroCell) вакциналары қолже­т­і­мді. Сөз арасында күні бүгінге дейін вакцинаның бірінші компонентімен 296 071 адам егіл­генін айта кетелік. Бұл – егілу­ге тиісті халықтың 61,8 па­йызы. Ал екінші компонент бо­йынша 270 761 адам егіліп үлгерген. Бұл көрсеткіш жалпы халықтың 36,8 пайызын құрайды. Осы арада жұмысты әлі де ширата түсу керек екенін айта кету парыз. Ұжымдық им­мунитетті қалыптастыру үшін халықтың кем дегенде 60 па­йызын қамту қажет еке­ні бел­гілі. Міне, осындай көр­сет­кішке қол жеткізгенде ғана карантиндік шараларды сәл босаңсытуға болар.

– Облыс бойынша 296 071 екпе салдырған адамның 231-і
ғана індет шеңгеліне ілінді, – дейді Айнагүл Мусина, – мұндай жағдайдың орын алуы жалған төлқұжат жасатудың салдары болуы әбден мүмкін.

Жалған төлқұжаттың жұрт­шы­лыққа тигізер зардабы көп екені туралы аз айтылып жүрген жоқ. Дәлел­ден­ген кезде жалған вакцина жасағандар қылмыстық жауап­кершілікке тартылатыны да белгілі. Біле тұрып осын­­дай қадамға барғандарды қалай кешіруге болады. Бір адам­ның ғана денсаулығына нұқсан келіп қоймай, жалпы ха­лыққа қауіп төндіруге жол беріп отыр­ған­дар­ды жазалау қатай­тыл­са, мұн­дай қасақана тәртіп бұзу азаяр ма еді.

Өңірде ревакцинация қараша айының үшінші онкүндігінен басталады. Алдымен тәуекелді топтар қамтылмақ. Вакцинаның бір дозасы қайта вакциналау үшін қолданылады. Қосымша дозаны енгізу толық курс аяқ­тал­ғаннан кейін 6-9 айдан кейін ұсынылады.

Қолда бар деректерді ақыл тара­зысына салып сарап­та­са­ңыз, індеттің өршіп тұрғанына алдымен өзіміз кінәлі екеніміз айдан анық. Халықтың бәрі төтеннен келген дерттің қарқы­нын төмендету үшін алдымен өзі сақтанса, өзге де аман болар еді. Бір әттеген-айы, жалқының ғана емес жалпының жайын ойлау кемшін.

 

Ақмола облысы