Қоғам • 02 Қараша, 2021

Қазақстанда жыл басынан бері 63 мыңнан астам көлік шыққан

239 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда 9 айда 63 мыңнан астам көлік шығарылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,5% жоғары, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда жыл басынан бері 63 мыңнан астам көлік шыққан

Олардың басым бөлігін жеңіл автомобильдер өндірісі құрап, аталған кезеңде 55 016 көлік шығарылған. Сондай-ақ, 6971 жүк техникасы, 872 автобус, 489 тіркеме және жартылай тіркеме, 211 мамандандырылған техника өндірілді. Шығарылған автокөліктердің жартысына астамы «Сарыарқаавтопром» кәсіпорнына тиесілі.

Қостанай зауытында 38 309 жеңіл, жүк автомобильдері мен автобустар өндірілді. Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan компаниясы 19585 автокөлік, Семейдегі СемАЗ 3 155 коммерциялық техника, Көкшетаудағы «КАМАЗ Инжиниринг» 1 115 жүк көлігін, Hyundai Trans Auto 586 коммерциялық автокөлік, Daewoo Bus Kazakhstan 207 техника, Саран қаласындағы QazTehna жаңа зауыты Yutong 143 автобус шығарды.

Қазақстандағы кәсіпорындарда игерілген ең танымал брендтер бестігі (экспортты қоса алғанда): Chevrolet (23 556 бірлік), Hyundai (19 643 бірлік), Kia (6 871 бірлік), JAC (4 488 бірлік) және GAZ (3 149 бірлік). Қазақстанда шығарылған автомобильдер экспорты саланы дамыту үшін стратегиялық маңызды болып қала береді.

2021 жылдың 9 айында дайын автомобильдерді жеткізу 43% артып, 52,4 млрд теңгеге 7 816 көлік шетелге шығарылды. Олардың негізгі бөлігі Ресейге (4 346 бірлік), Өзбекстанға (2 968 бірлік), Беларуське (398 бірлік), Қырғызстанға (102 бірлік) және Әзірбайжанға (2 бірлік) сатылған.