07 Мамыр, 2010

65 ЖЫЛДЫҚҚА – 65 ҮЗДІК ШЫҒАРМА

1237 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлік дәстүрін ұлықтау бүгінгі ұрпақтың асыл парызы деп білеміз. Бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған игі шаралар өтіп жатыр. Осындай шырайлы шараның бірі елордалық “Астана ақшамы” газетінің ұйымдастыруымен өткен “МЕНІҢ АТАМ – МАЙДАНГЕР” атты мек­теп оқушылары арасындағы шығармашы­лық байқау болды. Жақында осы байқаудың қорытын­дысы жарияланды. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен аталмыш байқау­ға елордалық оқушылармен қатар, еліміздің басқа аймақтарын­дағы мектеп оқушыларынан 100-ге жуық шығар­ма­лар келіп түскен. Қазылар алқасының талқысы­нан өткен 65 шығарма газет бетінде жарық көрді. Олардың ішінен 10 шығарма үздік деп танылды. Бірінші орынды Астанадағы академик Ә.Марғұлан атындағы №40 мектептің 11 сынып оқушысы Нұрбек Бөрінемересі жеңіп алды. Екінші орынға елордалық оқушылар Әнел Ах­матуллина мен Қазбек Мұхарбек ие болды. Үшін­ші орынды үш оқушы иеленді. Байқау жеңім­паздарын Сталинград шайқасының қаһарманы Көшкентай Рақышев пен Украина майданының жауынгері Сейілбек Усин, Астана қаласы білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина, “Жауынгер-интернационалист Қ.Абдрахманов атындағы спорттық-патриоттық қордың” атқарушы директоры Сансызбай Жұманбаев салтанатты жағдайда дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырды. “Менің атам – майдангер” байқауына келіп түскен үздік шығармалар жеке кітап болып шықты. Қатысушылардың бәріне кәдесый ретінде тарту етілген бұл кітапты Астанадағы “Зерде” тілдерді дамыту жөніндегі инновациялық орталық басып шығарды. – “Менің атам ­– майдангер” байқауы секілді шаралар жас ұрпақты отандық пат­риотизмге тәрбиелейтін игілікті шараның бірі деп ойлай­мыз. Осындай байқауды ұйым­дас­тырған аста­на­лық газетке алғыс айта­мыз. Соғыс­тағы көр­ген бейнетіміз бен ерлігімізді немерелеріміз бен шөберелеріміздің білгені біз үшін шыны­мен де жүрек толқытатын жағдай. Рахмет, бар­шаңызға, – деді байқау жүлдегер­лерін құттық­таған қарт майдангер Көшкентай Рақышев. “Менің атам – майдангер” байқауының қорытындысына арналған салтанатқа жиналған ардагерлер мен оқушылар осы шарадан кейін Кеңес Одағының Батыры Ақан Құрманов атындағы №17 мектеп-гимназияның “Даңқ” музейін тамашалап, ел мен жердің қасиеті, ерліктің өнегесі туралы пікір алысты. Әлия ҚАСЕНОВА, №22 мектеп-гимназияның 11 сынып оқушысы. АСТАНА.