Қазақстан • 03 Қараша, 2021

Жаңа ақылы жолдар пайда болады

431 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда автожолдардың жеті учаскесі ақылы болмақ. Жоба «Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы» аясында жүзеге асырылмақ.

Жаңа ақылы жолдар пайда болады

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-тың хабарла­уынша, 7 жаңа ақылы учаскені пайдалануға ен­­гізу туралы бұйрық жобаларына қол қо­йыл­ған және Әділет министрлігінде тір­­ке­ліп жатыр. Олар: Нұр-Сұлтан – Пав­ло­дар, Шымкент – Өз­бек­стан шекарасы (Таш­кентке), Щучинск – Көк­ше­тау, Қапшағай – Талдықорған; Шым­кент – Тараз, Тараз – Қайнар, Шымкент – Қызыл­ор­да. Аталған учаскелер ақы алу жүйе­сі­­нің бар­лық қажетті жабдығымен жабдықталған.

«Бірінші техникалық санаттағы учас­ке­лер­дегі ақылы жүйені 2021 жылғы 15 қара­шадан бастап енгізу жоспарланып отыр. Бұл ретте осы учаскелер биыл 1 қазан­нан бастап тестілік пайдалануға беріл­ген болатын. Тестілік пайдалану нақ­ты жағдай­лар­да алгоритмдердің жұмы­сын, жөндеу бағ­дар­­ламаларын және дерек­терді өңдеудің тех­­но­логиялық проце­сін тексеру үшін оны коммер­циялық пайда­лануға беру алдында ақы алу жүйесі­нің инф­рақұрылымын кешенді тексеру­ді қам­тиды», делінген компания хабарламасында.

Жүйе бойынша учас­ке­лерде шлаг-баумдар болмайды. Автомобиль­дер­дің өтуі арнайы камералар мен жабдық­тар­дың көмегімен бақылау аркаларына бекітіледі. Ashaq жүйенің басты ар­тық­­шылығы – жолдарда кептелістер мен ке­зек­тердің болмауына байланысты авто­мо­бильдердің жылдамдық режімін сақтау.

Осындай жолдармен жүруге ақы төлеу үшін автокөліктің мемлекеттік нөмі­рі­не шотты толтырудың 20-дан астам нұс­қасы қа­рас­тырылған: QAJ mobile (мобильді қо­сым­ша), Kaspi.kz, Kiwi-әмиян, Forte Bank және тағы басқа. Сондай-ақ сигнал бақылау аркаларын­да оқылатын және жол жүру төлемі есебі­не тең­герім есептен шығарылатын арнайы белгілерді (RFID белгілер) желімдеу көзделеді.

2013 жылдан бастап I санаттағы ақылы учаскелер бойынша жол жүру мөлшерле­мелері өзгерген жоқ (Нұр-Cұлтан – Щучинск алғаш­қы ақылы учаскесі енгізілген сәттен бас­­тап) және ол өзгеріссіз сол күйінде қала­ды деп хабарлайды компания. Сонымен қатар «ҚазжолҒЗИ» АҚ қолданыстағы тариф­­терден едәуір төмен болатын II және III санат­тағы жолдар үшін тарифті айқындау әдістемесін әзірлеген.