Аймақтар • 03 Қараша, 2021

Атырау облысындағы атыс: Тұрғындар кінәлілердің жазалануын талап етті

227 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облысындағы Сағыз ауылының маңында болған атыстан кейін тұрғындар тергеудің әділ жүргізілуін, кінәлілердің жазалануын талап етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырау облысындағы атыс: Тұрғындар кінәлілердің жазалануын талап етті

Бұдан бұрын Атырау облысында ауыл жастары арасында атыс болып, 6 адам жарақат алғанын жазған едік. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, 30 қазанда сағат 19:30-да «Атырау-Ақтөбе» тас жолының 331-шақырымындағы Сағыз ауылының маңында жастар бір-біріне оқ атқан.

Оқиға орнында 6 адам жарақат алып, Сағыз ауылдық дәрігерлік амбулаториясына жеткізілген. Кейін атыстан 5 адам оқ жарақатын, 1 адам дене жарақатын алғаны анықталды.

Жарақат алғандардың бірі – 1985 жылы туған азамат ауруханада қайтыс болған. Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі оқ тиіп, жарақат алғандардың жағдайы туралы ақпарат таратты. Жарақат алғандардың біреуі үйіне жіберілген. Бір ер адам Мақат аудандық ауруханасына жеткізілген. Үш адам түрлі жарақатпен облыстық ауруханаға жатқызылған. Қызылқоға ауданындағы атыстан кейін полиция қызметкерлері Сағыз ауылында күшейтілген режимде жұмыс істеуге жұмылдырылды.

Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиевтың айтуынша, тәртіп сақшылары Сағыз ауылын тәулік бойы патрульдеп, күшейтілген режимде жұмысын жалғастырып жатыр.

Оқиға орнында Атырау облыстық полиция департаментінің жедел-тергеу тобы жұмыс істеуде.

Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігімен (Адам өлтіру) тергеу басталды. Бір күннен соң облыстық ауруханаға түскен үш адамның жағдайы орташа ауыр және ауыр деп бағаланғанын хабарлаған болатынбыз.

Облыстық ауруханаға 1985 жылы туған үш ер адам түскен. Екі науқас нейрохирургия бөлімшесінде, үшінші науқас хирургия бөлімінде ем-дом қабылдап жатыр. Ал, кеше, 2 қарашада Сағыз ауылындағы полиция бөлімшесіне 25 әйел адам келіп, 30 қазанда орын алған оқиғаға қатысты әділ тергеу жүргізіліп, кінәлілердің жазалануын сұраған.

«Қазір облыстық полиция департаментінен келген арнайы жедел топ тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу ісі әділ өтеді. Атырау облыстық полиция департаменті басшысы Қамза Үмбетқалиев тергеу ісін тікелей бақылауында ұстап отыр. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов бір адам қайтыс болған қанды оқиғаны бақылауына алды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайды», деп мәлім етті Қызылқоға ауданы әкімі Нұрсұлтан Бисембиев.