Заңға сәйкес, ел аумағында тұрып жатқан кез келген адам шетел азаматтығын қабылдаған сәттен бастап, Қазақстан Республикасының азаматы деген мәртебесінен біржола айырылады. Алайда Қарасудағы көші-қон қызметі мен осы ауданның әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімі бірлесіп өткізген жедел шара барысында ұсталған 64 жастағы әйелдің Ресей азаматтығын осыдан 16 жыл бұрын ресімдеп алғанымен, күні бүгінге дейін Қарасу ауылында тұрып келгені анықталып отыр. Ресейдің зейнетақысына қанағаттанбаған ол 2015 жылы Қазақстан Республикасында тағы бір зейнетақы ресімдеп алған. Қазір құзырлы орындар әккі әйелдің қалтасына заңсыз жолмен түскен қаржыны қайтарып алу мәселесін қарастырып жатыр.
Ресей азаматшасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 496-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 100 АЕК, яғни 291 мың 700 теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды. Сонымен қатар бүгінге дейін заңсыз иемденіп келген Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылды.