21 Ақпан, 2014

Жер мен су дұрыс пайдалана білген диқандарға ғана жомарт

385 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Өткен жылы облыста ауылшаруашылық өнімінің жалпы көлемі 122,9 миллиард теңгені (нақты индекс көлемі 110%) құраса, оның ішінде егін шаруашылығы өнімінің көлемі 57,2 миллиард теңгені (нақты индекс көлемі-121,4%),  мал шаруашылығы өнімінің көлемі 65,3 миллиард теңгені (нақты индекс көлемі – 100,5%) құрады. Бұл табыс өзінен-өзі келген жоқ. Олар ең алдымен табиғат ананың жомарттығы мен диқандардың елеулі еңбегінің арқасында пайда болды. Мысалы, өткен жылы ауылшаруа­шылық дақылдары 542,8 мың гектар алқапқа себілді. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 15,5 мың гектарға артық. Демек, өңірде жерді игеруде ілгерілеушілік бар. Ауа райы қолайлы бола ма, жоқ па, ол жағына алаңдамай, 15 мың гектар жерді артық игеруге тәуекел еткен диқандарға халық разы. Олардың ізгі ниетіне қарай ауа райы да диқандардың ойынан шықты. Соның арқасында өткен жылы масақты дақылдардың әр гектарынан орташа есеппен 18,5 центнерден өнім алынды. Сөйтіп, барлығы 422,9 мың тонна астық бастырылды. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 2,4 есеге артық. Сол сияқты, жер мен судың жомарттығының нәтижесінде көкөніс және бақша дақылдарынан 692,3 мың тонна өнім алынды. Жалпы, облыс көлемінде басым дақылдарды егу басты назарға алынған. Бұған 2012 жылмен салыс­тырғанда өткен жылы жүгері 3,3 мың (31,2%), майлы дақылдар 3,8 мың (4,6%), картоп және көкөніс-бақша дақылдары 2,9 мың (8,1%) және мал азығы дақылдары 8,7 мың гектарға (5,3%) артуы мысал болады. Және бұл алдыңғы жылы пайдаланылмаған егістік жер көлемінің 12,7 мың гектарға кемігенін көрсетеді. Бірақ қант қызылшасының егістік көлемі 4,3 мың (81,1%) гектардан неге 1,021 гектарға қысқарды? Облыс көлемінде егістік жерлерді тиімсіз пайдалануға жол беріп отырғандар бар ма? Бар екен. Мысалы, өткен жылы 79,5 мың гектар егістік жер игерілмей қалды. Атап айтсақ, Байзақ (76,8%), Жамбыл (81,1%), Жуалы (78,6%) және Қордай (74,8%) аудандары егістік жер көлемінің 70%-дан жоғары бөлігін игерсе, Мойынқұм (68,3%), Сарысу (65,4%) және Талас (36,8%), Шу (68,3%), Мерке (62,3%), Т.Рысқұлов (65%) аудандарында егістік жердің игерілу көрсеткіштері өте төмен болған. Аты аталған аудандарда пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді түгендеу туралы тапсырмаға сәйкес түгендеу жұмыстары жүр­гізілді ме? Жүргізіліпті. Соның нәтижесінде пайдаланусыз жатқан 484,5 мың гектар жер анықталып, оның 295,0 мың гектары мемлекет қорына қайтарылған да, ал 129,2 мың гектары ауыл шаруашылығына қайта пайдалануға берілген. Мамандардың айтуы бойынша, егістік алқаптарынан мол өнім алу үшін егіншілікте нөлдік және минималды технологияны пайдалану тиімді. Сондықтан болар, облыстың егіншілік саласында ауылшаруашылық мәндегі жерлерде су және ылғал ресурсын үнемдеу технологияларын енгізу мақсатында жүйелі жұмыстар баршылық. Нөлдік және минималды технология 2012 жылы 21,5 мың гектар алқапқа енгі­зілсе, 2013 жылы ол 23,5 мың гек­тарға (9,3%) жетті. Сонымен қатар, 2012 жылы су үнемдеу технологиялары 1,7 мың гектар алқапқа (оның ішінде 870 га алқапқа тамшылатып суару, 900 га жаңбырлатып суару) енгізілсе, 2013 жылы 2,9 мың гектарға (62,7%) жеткізілді. Сонау 2009 жылдан бері су үнемдеу технологиясын қолдану 9,6 есеге өсіп, 2881 гектарды құрапты. Бұл ретте Қордай ауданында өткен «Егінжай күні- 2013» дала семинары барысында су үнемдеу технологиясын енгізу арқылы мол өнім алуға болатынына диқандардың көзі тағы да жете түсті. Мысалды алыстан іздеудің қаже­ті жоқ. Қордай ауданындағы «Бәйтерек» шаруа қожалығы 48 гектар пияз егіп, оның әр гектарынан 80 тонна өнім алса, 61 гектар дәндік жүгеріден 130 центнер өнімге қол жеткізді. Жейтініміздің біразын жер мен судан алғандықтан, оларға минералды тыңайтқыштар мен ауылшарушылық техникаларының да көмегі қажет. Бүгінде облыста ауылшаруашылық тауарын өн­діру­шілердің минералды тыңайт­қыш­ты ендірген егістік көлемі 2012 жылмен салыстырғанда 121,5 пайызға арт­қан. Ал өткен жылы 136875 гек­тарға ендірілген минералды тыңайт­қыш 20091 тоннаны құрады. Бұл барлық егіс көлемінің 25,2 пайызы. Ал ауылшаруашылық техникаларын жаңарту жұмыстары дұрыс жо­лға қойылған. 2012 жылы 143 жаңа техника алынса, 2013 жылы 1160,3 миллион теңгеге 277 дана ауылшаруашылық техникасы сатып алыныпты. Жер мен суды дұрыс пайдаланудың бір парасы маусымаралық кезеңдегі көкөніс өнімдерінің тапшылығын болдырмау болып табылады. Бұл тұрғыда диқандар бүгінде жылыжай­лардың көмегіне жүгінуде. Соның арқасында өңірдегі жылыжай кешен­д­ерінің саны жыл сайын артып келеді. Мысалы, 2009 жылы 9,6 гек­тарды құрайтын 87 жылыжай шаруашылығы болса, бүгінгі күні облыста 27,2 гектарды құрайтын 405 жылыжай бар. Бұл жылыжайлардың өнімі ішкі қажеттіліктің 32 пайызын құрап отыр. Өткен жылы тек жылыжайлардың өзінен 1000 тоннадан астам көкөніс өнімдері жиналып, өткеріліпті. Ал алдағы 2015 жылға дейін жергілікті билік пен диқандар жылыжай аумағын 72 гектарға жеткізуді межелеп, ішкі қажеттілікті 100 пайызға қамтамасыз етуді көздеп отыр. Әлбетте, көкөніс күтіп, баптаумен бірге сақтауға да зәру. Ал бүгінгі таңда облыста жалпы сыйымдылығы 95,7 мың тоннаны құрайтын 62 көкөніс және картоп қоймалары бар. Бұл жеткілікті ме? Жоқ. Жүргізілген талдау қорытындысы бойынша маусымаралық кезеңдерде жеміс-көкөніс өнімдеріне деген қажеттіліктің толық қамтылуы үшін қосымша тағы да қоймалар қажет екен. –Халық сұранысының бірі – көкөніс. Сондықтан облыста маусымаралық кезеңдегі көкөніс өнімдерінің тапшылығын болдырмау үшін жылыжайларды 13,0 гектарға арттыру және 13300 тонналық жеміс-көкөніс сақтау қоймаларын салу жоспарлануда, дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Абдалы Нұралиев. Облыста көкөністің 5 пайызға жуығы ғана қайта өңделеді. Осыған орай ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін 2 есе арттыру үшін бірінші кезекте шикізатты тереңдетіп қайта өңдеу арқылы қосымша құн алуды және өндірілген өнімді дайындау, сақтау, қабылдау, қайта өңдеу және өткеру жұмыстарын жолға қою қажет деп отыр мамандар. Жергілікті билік үстіміздегі жылғы жоспары бойынша ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 6,4 миллиард теңге қарастырып отыр. Оның ішінде біз сөз етіп отырған жер мен суға қатысы бар егін шаруашылығын субсидиялауға 2 854,9 миллион теңге қарастырылған. Аталған қаражатты игеруге барлық ауыл шаруашылығы бөлімдері белгіленген ережелерге сәйкес белсенді жұмыс атқара ала ма? Міне, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының бақылауға алатын басты жұмысының бірі осы. Өйткені, үстіміздегі жылы су үнемдеу технологиясын 1718 гектарға, ылғал ресурсын сақтау технологиясын 8379 гектарға ұлғайту жоспарланған. Осы жоспар қағаз жүзінде ғана қалмасын десек, іске осы бастан ұйытқы болып, ұйымдастыру жұмыстарын ерте бас­тан қолға алған абзал. Оның үстіне, Елбасы биылғы Жолдауында «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі қабылданған тұжырымдамаға сәйкес 2030 жылға қарай егіс алқаптарының 15 пайызын суды үнемдеу технологияларына көшіруді тапсырды. Бұл ретте облыс әкімі Кәрім Көкірек­баевтың бас болуымен ресурс үнемдеу технологиясын қолдана отырып ирригациялық жүйе және суармалы егістік жерлерді қалпына келтіру үшін 2014-2020 және 2030 жылдарға арналған аймақтық бағдар­ламаның жобасы дайындалып, оның республикалық бағдарлама жобасына енгізілуі көңілге дем береді. Өйткені, бағдарлама бойынша су үнемдеу технологиясын қолдану 2020 жылға дейін 34,5 мың гектарға жеткізіліп, суармалы жерлер 2020 жылы 214 мың гектар, ал 2030 жылға дейін 244 мың гектар болады деп жоспарланған. Соның нәтижесінде су үнемдеу технология­сы қолданылатын алқаптар көлемі 21 пайызды құрап, 51 мың гектарға жетуі тиіс. Сондай-ақ, өңірде «Агробиз­нес-2020» бағдарламасы шеңберінде агро­өнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа бірнеше салалық шеберлік жос­парларын әзірлеу қолға алынған. Атал­ған жоспарды жүзеге асыру тетіктері, нақты жылдары әр облыс бойынша бөлінген. Соның ішінде Жам­был облысына 14 шеберлік жос­пары қарастырылыпты. Оның 5-еуі егін шаруашылығын дамытуға бағытталған. Қазіргі таңда облыстың ауыл шаруашылығының өркендеуіне шаруашылықтардың ұсақ тауарлығы кері әсерін тигізіп отыр. Өңірде 50 гектарға де­йін­гі жер телімі бар шаруа­шылықтар 64,4 пайызды құрай­ды. Ал, олардың алдыңғы қа­тар­лы ғылыми техникалық жетіс­тіктерді, атап айтқанда, тамшылатып және жаңбырлатып суару мен басқа да ылғал сақ­тау технологиясын енгізуді айт­па­ғанда, өндіріске агротехнология­ны, ауыспалы егіс жүйесін, өсім­­дікті қорғауды ендіруге де мүм­кіншіліктері жоқ. Бұл ретте, облыс әкімінің тапсырмасымен Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан 2013-2020 жылдарға арналған өңірдегі ауылшаруашылық құрылымдарын ірілендіру бағдарламасы бекітілді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Абдалы Нұралиевтің айтуынша, ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру мақсатында негізгі төрт бағыт белгіленіп отыр екен. Біріншісі, аудан аумағында ұсақ, орта шаруашылықтарды «байлаушы нүкте» болатын қайта өңдеуші кәсіпорын негізінде ірілендіру; екіншісі, әр аудан, әр ауылдық округ бөлінісінде 100 гектарға дейінгі көлемде жер пайдаланушыларды «байлаушы нүкте» болатын тұрақты экономикалық өсімі бар ірі шаруашылық негізінде ірілендіру; үшіншісі, орта, ортадан төмен деңгейде тұрақсыз жұмыс атқарып келе жатқан шаруашылық субъектілерін аумақтық қағидамен ірілендіру және төртіншісі, үшінші бағыт бойынша іріленген шаруашылықтардың біріне аудан әкімдерінің ұсынысы бойынша, сол іріленген шаруашылық субъектінің жерін өңдеуге қажетті техника мен тіркемелерін лизингке ұсыну арқылы «Тараз» ӘКК» ҰК» АҚ бірлескен кәсіпорнын құру. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ – аграрлық секторда» деді. Сол себепті ұсақ шаруашылықтарды ірілендіре отырып, заманауи технологияларды және инновацияларды қолданудың кешенді шараларын жүзеге асырып, облыстың ауыл шаруашылығы саласының өркендеп, дамуына үлес қосу Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі облыстық аумақ­тық инспекцияларының, жер, су жүйелері бойын­ша бас­қар­малардың, мекеме­лері­нің, қаржылай қолдау инс­титут­тары­ның, ғылыми және басқа да ұйым­дардың міндеті. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.