Қоғам • 07 Қараша, 2021

Отбасында әкенің орны ерекше

1405 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шымкентте «Әкеге қарап ұл өсер» VІ республикалық форумы өтті. Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, БҰҰ-ның Қазақстандағы халық қоныстануы саласындағы қоры, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен «Әкелер Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған форумға еліміздің барлық өңірінен делегаттар қатысты.

Отбасында әкенің орны ерекше

Нақтырақ айтсақ, отбасылық саясатқа жауапты орталық және өңірлік мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, халық­аралық ұйымдардың, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының және ғылыми-сарапшылық қауым­дастықтың өкілдері әкелер институтын дамыту мәселесін бірлесе талқылады. Отбасы институтын нығайту және ер-азаматтың отбасындағы рөлі мен жауапкершілігін арттыру мақ­саты көзделген форумда Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асқар Умаров қатысушыларды үкіметтік емес сектормен бірлесіп, министрліктің отбасы институтын қолдау бойынша жүргізіп жатқан жұмысы, сондай-ақ гранттық жобаларды және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын іске асыру туралы хабардар етті. Қазіргі уақытта 31 өңірлік отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді, олар өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға маңызды әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетеді. Елімізде 2013 жылдан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша жыл сайын Отбасы күні атап өтіледі және жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өткізіледі, оған 8 жыл ішінде Қазақстанның барлық өңірлерінен 18 мыңнан астам отбасы қатысты. Сонымен қатар вице-министр отбасыларға қолдау көрсету, отбасылық жанжалдарды шешу және балалары бар әйелдерді уақытша тұрғын-жаймен қамтамасыз ету бойынша 234 орталық құру жоспарланғанын атап өтті. Отбасы – шағын мемлекет. Яғни ол да өзінше басқаруды талап етеді. Сондықтан да отбасының құрылымына зор мән беріліп, оның іргетасының берік болуына атсалысу – әрбір мүшесінің міндеті.  Қазақта «Ұяда не көрсең ұшқанда, соны ілерсің», «Ата көрген, оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Атаға не қылсаң, алдыңнан сол келеді», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген көптеген өлшемдер бар. Осы өлшемдерге қарайтын болсақ, бар мәселе отбасынан басталатынын ұғуға болады. Ұлт болашағында отбасы ең басты тұғырды иеленеді. «Әкеге бағыну – Аллаға бағыну» депті Мұхаммед пайғамбарымыз. Ал Сахабалардың: «Баланың ізгі болуы – Алла тағаладан, ал әдептілік – әкеден», дейтін сөзінің терең мәні бар. Ақылы мен пайымы терең аналар балаларын үнемі әкесін сыйлап, құрметтеуге бейімдеп отырады. Әкеге құрмет көрсетуге, қызмет етуге баланы жасынан анасы үйретіп отырса, мұндай отбасында әрдайым тәртіп, ынтымақ пен бірлік болатыны сөзсіз. Өйткені ұл-қызын намысшылдыққа, елі, қала берді өз бауырлары үшін еңбек етіп, өмір сүруге баулып отыруда әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер-білімі, мейірімі мен талап қойғыштығы, еңбекқорлығы шешуші маңызға ие. Әке – ұрпақ иесі, панасы, айбары, үй басшысы, асырау­шысы және тәрбиешісі. Форумда осындай ой-пікірлер айтылды.

Ал Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан өз сөзінде бүгінде қоғам ауқымды трансформацияны басынан өткізуде екенін айтып өтті. «Осылай жедел өзгеріп жатқан қоғамдағы ер азаматтардың орны мен рөлі, оның мойнындағы міндеттер қандай? ХХІ ғасыр жағдайында жақсы әкеге қандай талаптар қойылады? Бүгінгі форум, міне, осы мәселелерді ашық талқылауымен маңызды деп ойлаймын. Сонымен бүгінгі әкелердің ең маңызды миссиясы қандай? Менің ойымша қазіргі әкенің басты міндеті – әйелдерді бақытты ету. Себебі, әйел бақытты болса, бала да, отбасы да бақытты болады. Тіпті, әйел бақытты болса, әлем бақытты десек те артық айтқандық емес, деді Шыңғыс Мұқан. Сондай-ақ қала әкімінің бірінші орынбасары Герри Чепменнің «Махаббаттың 5 тілі» атты кітабы ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылып жатқанын айтты. – Бұл кітапта автор отбасы бақытты болуы үшін мынадай 5 тәсілді қолдануды ұсынады. Олар: жақсы сөз айту, уақытты мазмұнды өткізу, сыйлық беру, бір-біріне адал қызмет ету және физикалық қарым-қатынас. Бү­гін­гі ер азаматтар осы бес мәселеге мұ­қият болса, жары мен балаларын бақыт­ты ете алады деп ойлаймын. Бұл өз кезегінде елімізде отбасы инсти­тутының нығаюына ықпал етеді».

Сонымен қатар форумда Парла­мент Сенатының депутаты, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Ләззат Сүлеймен, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл, БҰҰ халықтың қоныстануы саласындағы қорының (ЮНФПА) Қазақстандағы атқарушы өкілі Райымбек Сейсемәлиев сөз сөйлеп, форум жұмысына сәттілік тіледі. «Ерлердің рөлі, олардың отба­сы­лық өмірге қатысуы және Қазақ­стандағы балаларды тәрбиелеу» атты ке­шенді ұлттық әлеуметтік зерттеу нәти­желерінің тұсаукесері форум бағдар­ламасының маңызды бөлігіне айнал­ды. Сондай-ақ «БАҚ пен блогер­лердің Қазақстандағы Отбасы инсти­тутын қалыптастыруға әсері», «От­басы және дін», «Мектептер жанын­дағы әкелер кеңесін дамыту», «Ерек­ше балалардың ерекше әкелері», «От­басылық тәрбиеде әкенің рөлін арттыру», «Балалардың спорттық тәрбиесі», «Бала тәрбиесіндегі кітап­тар­дың рөлі» атты панельдік сессиялар өтті.