Еліміздің банк жүйесі талай қиын кезеңді басынан өткерген. Атап айтсақ, әлемдік нарықтағы тұрақсыздықтар, ғаламдық экономикалық дағдарыс, сондай-ақ, валюта бағамының ойнақылығы секілді жағдайлар. Енді осындай қилы кезеңді басынан өткеріп, осы күнге дейін табысты жұмыс істеп тұрған банктер бір-ақ күнде банкрот болып, өз жұмысын тоқтатады дегенге қалай сенесіз?!
Ел ішінде нендей алыпқашты әңгіме жүрмесін, мейлі мүдделі топтар түрлі әрекеттерге барса да Қазкоммерцбанк бұрынғыша, дағдылы жұмыс режімімен халыққа қызметін көрсетіп отыр. Бізде несиемен жұмыс істеу, жеке тұлғалардың салымы, төлем карталары мен банкоматтық жүйеде еш кедергі жоқ және шұбатылған кезекті де көрмейсіз. Осы ретте мен жеке салымшыларға әуелі өз есепшотыңыздағы жинақталған қаржыны біржолата қайтарып алмас бұрын, банк қызметкерлерімен немесе бөлімше басшыларымен сөйлесіп, ақылдасыңыздар дегім келеді. Бұл тек біздің банктің клиенттеріне ғана айтылған сөз емес, отандық барлық банк салымшыларына бағытталған кеңес. Олай дейтінім, негізсіз алыпқашты әңгімеге сеніп салымшылар бірнеше рет шығынға ұшырағанын өздері де байқамай жатады.
Барша отандастарымыз ескерер бір мәселе бар, ол – бізде, Қазақстанда салымшылардың қаражатын қорғау ниетімен жасалған мызғымас механизмнің жұмыс істеп тұрғанын ұмытпайық. Біздегі барлық банктер міндетті ұжымдастырылған сақтандыру жүйесінің мүшелері және жергілікті салымшылардың қаржысы толық қамсыздандырылған. Бұл дегеніңіз, банкке салған ұлттық валюта да, шетелдік валюта да өз құнын толық сақтап тұрады деген сөз.
Біздің елімізде отыздан аса әр деңгейдегі банктер жұмыс істейді. Олардың ішінде кейбір жекелегендері ұзақ уақыттан бері ел сеніміне жақсы орныққандар. Міне, біз үнемі өз клиенттерімізге егер қаржы мәселесінде күманданар болсаңыз, бірнеше банктен өз есепшотыңызды ашып, әртүрлі валюта түрінде сақтап көріңіз деп айтамыз.
Қазкоммерцбанк елдегі өзге банктер сияқты үнемі ұлттық валютаны өз деңгейінде ұстап тұруға күш салады. Және де теңге бағамына қатысты мәселелерде салымшылардың есебі түгел болуына мүдделі екендігімізді ескерткім келеді.
Жазып алған
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.