Қоғам • 07 Қараша, 2021

Озық ойлы Оразалы аға

419 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Ғалым – ғылыммен айналысатын, жаңалық ойлап табатын, ақыл-ойы айқын, ерік-жігері, тілек-мақсаты ақиқат пен әділдік жолында болатын ізденімпаз, жаратылысынан білімге құмар жан. Мұндай қасиет иесі үнемі оқу мен іздену, талпыну мен тану, тәжірибе жинау арқылы өмірдің сан қырлы мектебінен өте отырып, ғылым биігін бағындыра алады. Ұлттық ғылым академиясының академигі Оразалы Сәтімбекұлы Балабеков өз саласының нағыз ғалымы еді. Ұстазымыздың ұшқыр ойы мен асқан ақылының, өткір сезім, қуат-қайратының, қайтпас қайсар батылдығының арқасында химия технологиясы мен экология ғылымында Балабеков мектебі қалыптасты.

Озық ойлы Оразалы аға

Ел іргесіне жау кіріп, тыныш та бейбіт өміріміз ұрланған 1941 жылдың күзінде, қасиетті ораза айында дүниеге келген баланың болашақта үлкен ғалым боларын ешкім де болжамады. Абылайханның көрнекті серігі, аты аңызға айналған Мәмбет Құн­дасұлының ұрпағы – Байзақ батыр ауданында, қарапайым от­басында дүниеге келген сол ба­ла елімізге ғана емес, алыс-жа­қын шет­елдерге аты шыққан бел­гі­­лі ғалым, академик Оразалы Бала­беков болатын. Ұстаз, ғалым­ның көзі тірі болса, биыл 80 жасқа толар еді.

Ғалымның туған жері – қа­сиет қонған тарихи мекен. Біз­дің заманымызға дейінгі ІІ-І ғасыр­лардағы Қорғандар тобы, ерте темір дәуіріндегі Жетітөбе, Амантөбе обалар қорымы мен VІ-ХІІ ғасыр­лардағы Ақтөбе қамалының қи­рандысы, Қостөбе, Шөкетөбе қа­ла­шықтары, Зауырбектөбе, Бекі­ністі, Ақтөбе, Аймантөбе, Қызыл­қайнартөбе, Шөлтөбе, Қоңыртөбе, Құрманбайтөбе қоныстары, Шөлтөбе бекінісі, Ақтөбе мазары, Жайлаутөбе, Қоңырбайтөбе қалалары орналасқан Байзақ ауданы өткен күндерден сыр шер­теді. Осындай жерде туып­өс­кен ұстазымыз Оразалы Сә­тімбекұлының тұла бойы тұ­нып тұрған адами қасиет еді. Оның мейірім тұнған қоңыр көзі, жылы жүзі, шағын бойынан асып төгілер асқан қамқор пейілі оны өзгелерден биіктетіп, айрықшаландыратын. Ол барлығын терең түсінетін және істің жай-жағдайына сәйкес тез шешім қабылдай білетін аса зерек адам еді.

Ғалым өзінің өмірбаяндық ең­бегінде ғұмырына қатысты жағ­дайлардың бәрін егжей-тегжейлі баяндаған. Болашақ ғалымның әкесі Сәтімбек соғыстың екінші жылында қайтыс болды. Тәтібек қария мен Қалампыр әже бала Оразалыға ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүр негізінде тәр­бие берді. Соғысқа бір аяғын қал­дырып қайтқан етікші Тәтібек қария немересіне сөзімен де, ісі­мен де үлгі бола білген елге абыройлы ақсақал болды. Соғыста қа­за тапқан ұлының қайғысы қажытса да, «немерелерімнің рухы жығылмасын» деп еңсесін тік ұстаған қайсар ана Қалампырдың қамқорлығы мен өр мінезін көріп өскен ұл да рухты болып ержетті. Сәтімбек ұлынан қалған жалғыз тұяққа көзінің ағы мен қарасындай қараған қос қария немересіне таршылықтың не екенін сездіртпеуге тырысты. Бар-жоғы 19 жасында жесір қалып, тағдыр тауқыметін бір кісідей тартқан туған анасы Алтынкүл де бұл сынаққа мойымады.

Жоғарыда аталған кітапта өзін тәрбиелеген басты адам ретін­де Оразалы аға нағашы әжесін атайды. Он бір құрсақ көтеріп, со­дан аман қалған жалғыз қыз­дың әкесіз қалған ұлын арқа­лап жүріп өсірген Қадиша ана­ның еңбегі ерен. Тірлігі тап-тұйнақтай, ошақ басы мұнтаздай таза Қадиша ана шаңырағында Күләш Байсейітова, Қаныбек Бай­сейітов, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Роза Бағланова сынды тағы да басқа өнер жұлдыздары мен мемлекет, қоғам қайраткерлері қонақ болып, дәм татып, қона жатып кеткен көрінеді. Солардың шай-суын дайын­дап беріп жүрген Оразалы аға бала кезінде естіген әңгімелерін күні кеше болғандай айтып оты­ратын. Бұл оның жадының мық­тылығынан болса керек.

Оразалы Сәтімбекұлы терең ой иесі еді. Балалық шағынан бастап басынан өткен оқиғаларды, өмір жолында кездесіп, сұхбаттасқан жандардың әңгімелерін, олардың аты-жөні мен мекенжай, болған уақытына дейін бәрін айдан анық етіп айтып отыратын асқан әңгімешіл адам болды. Осы қасие­ті оны ғылымға алып келгендей. Кезінде қазақ халқының тарихи мекені болған ғалымның туған жері ХХ ғасырдың басында көп ұлтты, аты да, заты да өзгерген ауылға айналды. Қазақ сыныбында оқығанымен, орыс тіліне жетік болып, мектепті медальмен үздік тәмамдаған Оразалы аға үшін 1958 жыл аса ауыр жыл болды. Анасына жала жабылып, сот ісі екі жылға созылды, өгей әкесі де жұмыссыз қалды. Бұл жағдай оның Алматыда жоғары білім алу деген арманынан бас тартуына алып келді.

Медалист баласының әркімнің есігінде кірпіш құйып жүргеніне жүрегі ауырған Қадиша апа Жам­был қаласында Шымкентте ашыл­ған институтқа құжаттар қабылдап жатқанын естіп, неме­ресін атпен алып барған екен. Бір орынға жеті үміткерден келген үлкен конкурс­тан өтіп, Қазақ химия-технология институтына оқуға қабылданған Оразалы аға үздік студент болды. Үшінші курс бітірген жылы О.Балабековті оқу орнының ректоры Қ.Біләлов Мәскеу химиялық машина жасау институтына оқуға жібереді. Осы сәт оның болашағын анықтады.

Мамандық студенттері оқи­тын оқулықтар мен ғылыми ең­бек­тердің авторлары – ғылым докторлары мен майталман шеберлерден білім алған Оразалы аға әр кез емтихан сессиясын ав­томатты түрде тапсырып, Мәс­кеу­де серуендеп жүреді екен. Оқу ісіне шығармашылық тұр­ғы­дан қарап, алғыр студент атан­­­ған ол мемлекеттік емтихан алдында қатты сырқаттанып қалады. Мәскеудегі ұстаздары ойы ұшқыр, үздік шәкіртінің жағ­дайын түсініп, желтоқсан айында мемлекеттік емтиханды арнайы Оразалы Сәтімбекұлы үшін қайта шақыртады. Дипломдық жобасын «беске» қорғап, бастапқыда оқуға қабылданған 42 студенттен соңына дейін жеткен 14 түлектің бірі болып, институтты үздік аяқтап, «Химия өндірісінің машина мен аппараттары» мамандығы бойынша «инженер-механик» дипломын конструктор дәрежесінде алып шығады. Мәскеуде оқыған уақыт Оразалы Сәтімбекұлы үшін рухани және интеллектуалды тұрғыда өсу кезеңі болды.

Институтты бітірген 1964 жы­лы сол кездегі Шымкент қаласын­дағы Қазақ химия-технология институтының «Гидравлика» кафедрасына ассистент қызметіне қабылданады. С.Сүлейменов, З.Молдахметов, Ш.Молдабеков, М.Наурызбаев, Т.Қалменов сынды мықты ректорлар басқарған жылдары ҚазХТИ республикадағы ең ірі білім-ғылым ордасына айналды. Мұндағы Оразалы ағаның да еңбегін атап өтуіміз керек. Институт құрылысын қаржыландыруға, материалдық-техникалық базасын жасақтауға қатысты сапарға ректорлармен бірге Мәскеуге барған кезін­де тиісті мекемелерге кіріп, қа­жет­­ті құрал-жабдықтарға қол жет­кізуде табандылық танытқа­нын әріптестері аңыз етіп айтып отыратын. Сол кезең­де уни­­­­вер­­си­тет бұрынғы Кеңес Одағындағы озық тәжірибелі мамандармен толыққан, зертханалары мен дәрісханалары мықты жабдықталған оқу орны атанды. Оның дәлелі – ҚазХТИ әлемдегі 10 химия-технологиялық жоғары оқу орындарының қа­тарында болуы еді.

1966 жылы сол кездегі Ленсо­вет атындағы Ленинград технология институтының аспирантурасына оқуға қабылданған Оразалы Сәтімбекұлы үшін оқу да, ғылыми жұмыс та табысты басталады. Тік контакты торлы сапты аппараттарды жасайтын перспективті ғылыми бағыттың бір бөлшегі болып табылатын аспирантурадағы ғылыми жұмысын зерттей бастағаннан жас ғалым бұл қондырғылардың жасалуы да, құрастырылуы да күрделі екеніне көз жеткізе бастайды. Ұстаздарының қарсылығына қарамастан қашанда алға қойға мақсатына жетуде ешнәрседен тайынбайтын Оразалы аға та­­­қырыбын өзгертеді. Мәскеуде алған білімін қолдана отырып, мүлдем жаңа тақырыпты игереді. Ұстаздарының өзі жас ғалымның табандылығы мен бірбеткейлігіне таңданыспен қарай бастайды.

1970 жылы қазан айында «Хи­мия өндірісінің машина және жабдықтары» мамандығы бойын­ша «Ілінген жұмыр насадкалы аппараттардың гидродинамикасы және ұстау процестерін зерттеу» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады. Қайсарлық пен тынымсыз еңбектің арқасында ғалым өз мақсатына толық жетеді. Ол жолда Оразалы аға талай тәуекелге барып, басын бәйгеге тігеді. Еңбегі мен барлық тәуекелі нәтижелі болып, ғылыми орта О.Балабековтің ғалымдығын мойындайды. Ғылыммен неғұр­лым көп танысқан сайын, оны соғұрлым жақсы көре түскен Ора­залы аға бұдан кейін қанатын кеңге жая бастайды.

Кандидаттық диссертациясын табысты қорғап, елге оралған соң ҚазХТИ-ға аға оқытушы қызметіне тағайындалады. Отыз екі жылдық өмірі, педагогикалық, ғылыми қыз­меті тығыз байланысқан «Хи­мия­лық өндіріс аппараттары жә­не машиналары» кафедрасынан өмірінің соңына дейін қол үзбеді. Үнемі байланыста болып, шә­кірт­терінен ақыл-кеңесін аямады.

Өзі қызмет ететін кафедра 1974 жылы екіге бөлініп, соның бірін басқару О.Балабековке жүктеледі. Атауы ескіше болғанымен жаңа ұжымды басқару, оқу жоспарын, оқу-әдістемелік құжаттарды және бағдарламаларды қайта даяр­­лау, жаңа зертханалар мен дәрісханаларды жабдықтау кафедра меңгерушісінің негізгі мақсаты еді. Өте қысқа мерзімде КСРО-да бұрын-соңды болмаған оқу сабақтары мен зерттеулерді жүргізуге арналған ең жақсы жаб­­дықталған тәжірибе алаңын құруы – Оразалы Сәтімбекұлының мықты ғалым ғана емес, оқу-әдіс­темелік, ұйымдастырушылық қабі­леті жоғары басшы екенін көрсетеді. Ол өзінің тәжірибесін артығымен қолданды десе де болады. Соның нәтижесінде ғалым басқарған тұста кафедра КСРО-дағы үлгілі ұжымға айналды. Ұс­тазымыз оқыту процесінде қа­лай болса солай оқытпай, ғылым, білім беру жүйесі сақталу керек дегенді ұстанатын. О.Балабеков Қазақ химия-технология инсти­тутының базасында КСРО химия өндірісінің министрлігі қа­рауын­дағы фосфор және минералды тыңайтқыштардың өнер­кәсіптік қалдықтарын тазалау және пай­даланудың салалық ғылыми-зерт­теу зертханасын ұйым­дастырып, ғылыми же­текшілік етті. Тіпті шалғайдан кел­ген әріптестері кафедра зерт­ханаларын аралағанда таңданыстарын жасыра алмай «зауыт тұрғызыпсыңдар» деп таңдай қаға тамсанған.

Ректор С.Сүлейменовтің тап­сыр­масымен Оразалы аға өзі­нің зерттеу жұмысын қайта қол­ға алады. 1976 жылы Санкт-Пе­тер­­бургтен «Газдарды сұйық­тармен өңдейтін қарқынды кол­­­ло­налы аппараттар» атты ал­ғаш­­­қы ғылыми монографиясы жарық көреді. Келесі жылы «Хим­техника» аталып кеткен «Қазіргі таңдағы ғылыми өндіріс­тің машиналары және аппараттары» тақырыбындағы Бірінші бүкілодақтық ғылыми-техникалық конференция ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізеді. 1980, 1988 жылдары бұл конференция және ұйымдастырылады. 1977-1991 жылдары «Химия және тамақ өнеркәсіптерінің машиналары және аппараттары» мамандығы бойынша КСРО жоғары және арнайы орта кәсіптік білім бе­ру министрлігінің Ғылыми-әдіс­­­темелік комиссия мүшесі бо­­лып сайланады. 1979 жылы кеуекті резиналы саптамаға тех­­никалық шарттар дайында­лып, оны өнеркәсіптік игеру басталады. Оразалы аға ғылыми ізде­нісін тоқтатпайды. Ғалым құ­рылғылар мен процестердің хи­миялық технологиясымен және өнеркәсіптік экологиямен байланысты мәселелерді шешудің басқа жолын таңдайды. Бұл шешімге келуіне өзі ұйымдастырып өт­кізген ғылыми-техникалық кон­­ференция ықпал етеді. Сол ке­зеңде бір жарым жыл ішінде О.Балабековтің жетекшілігімен төрт қалада орналасқан бес жоға­ры оқу орнында сегіз ізденуші қатар қорғайды. Бұл тамаша же­тістік болатын. Қорғалған әрбір кандидаттық диссертация жеке компонентті және көпкомпонентті құралымды газдарды тазалаудың ғылыми нәтижелерінен, фундаментальды гидродинамикалық өңдеуден, көпфазалы ағымдар құрылысының математикалық моделінен тұратын аяқталған зерт­­теу жұмыстары болатын. 

1985 жылы Мәскеудегі химия машина жасау институтында ғылым докторы дәрежесін із­денуге арналған диссертациясын таб­ысты қорғады. Бұл уақытта О.Балабековтің 13 аспиранты кан­­дидаттық диссертация қор­ғап, 5 мо­нографиясы, 180-дей ма­қаласы шыққан болатын. Отыз­ға жуық КСРО авторлық куә­лі­гі алынған. Ал жұмысының нә­ти­­желері 9 монографияда және анықтамада пайдаланылған. Үш айда көлемі 600 бетке жуық екі томнан тұратын докторлық диссертациясын жазды. Оразалы Сә­тімбекұлы үшін 1986 жыл жеңісті, жемісті жыл болды. Осы жылы есімі «Қазақ КСР-інің Алтын кітабына» жазылып, Құрмет дипломы берілді. КСРО жоғары жә­не арнайы орта білім беру ми­нистрлігінің «Үздік еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. «Химия өндірісінің машиналары мен аппараттары» кафедрасының профессоры ғылыми атағы берілді. Бес бірдей аспиранты Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағына ие болды.

Шәкірті О.Воробьев 1988 жылы ғалым-ұстаздың жетекшілігімен алғашқы докторлық диссертация­сын қорғады. Осы жылы Қазақ­станда алғаш рет «Химия техноло­гиясының процестері мен аппараты» мамандығы бойынша докторантура ашылды. 1991 жыл­­дың 11 ақпанында КСРО ЖАК-тың бұйрығымен ҚазХТИ-да «Химия технологиясының процестері мен аппараттары» және «Бейорганикалық заттар технологиясы» мамандықтары бойынша кандидаттық диссертациялар қорғау үшін мамандандырылған кеңес құрылды. Кеңестің ашылуы­на О.Балабеков өте маңызды рөл атқарды.

О.Балабеков 1988-1992 жылдары ҚазХТИ-дың ғылыми жұ­мыстар жөніндегі проректор қызметін атқарды. 1992-1994 жыл­дары Химиялық техноло­гия және өнеркәсіптік экология ғылыми-зерттеу институтын­да директор, 1994-1997 жылда­ры «ҚазХимжоба ҒЗИ» АҚ пре­зиденті, 1997-1998 жылдары «Ғылыми инжинирингтік технология институты» ААҚ бас директоры, 1998-2001 жылдары «Мирас» университетінің ректоры, 2002-2011 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ вице-президенті, президент кеңесшісі, І проректоры болды. 2011 жылдан өмірінің соңына дейін ОҚМПИ-да ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор, ректор кеңесшісі қыз­меттерін атқарды.

О.Балабековтің ғылыми қыз­меті Қазақстандағы жаңа ғылыми бағытқа – химиялық-технология процестерінің теориялық негіздері мен аппараттарын әзірлеуге және өнеркәсіп экологиясына арналды. Ол – 700-ге жуық ғылыми еңбектердің авторы. Олардың ішінде 27 монография, 117 патент, 4 мемлекеттік стандарт пен техникалық шарт, сондай-ақ дүниежүзілік өнертапқыштар мен ғылыми жаңалықтар авторлары федерациясы мен халықаралық академиялар мойындаған Қазақ­стан­дағы алғашқы №144, №269 ғылыми ашылымдары жә­не 20-Н ғылыми гипотеза­сы бар. Ғалымның ғылыми ашы­лым­дары құйындардың син­­­­фазалық әрекеттесу заңына және ағындардың құйындық қоз­ғалы­сының заңдылықтарына арналды. Олар қазіргі көбейіп бара жат­қан табиғат апаттарының (боран, тасқын, дауыл және т.б.) ме­­­ха­низмін түсіндіруде, интен­сивті процестер мен аппараттарды жасауда және экологиялық құрылыста қолданылады. Ғылыми болжамда жаратылыс ғылымдары тұрғысынан Қазығұрттың Еуразия халықтары үшін тарихи орны көрсетілген.

О.Балабековтің ғылыми мақа­лары АҚШ, Канада, Аргентина, Бель­гия, Италия, Испания, Чехия, Ресей, Украина, Өзбекстан және Қыр­ғызстанның рейтингісі жо­ғары журналдарында жарияланды. Соңғы жылдары О.Балабеков геосферадағы ағындардың құйын­дық әрекеттесуінің заңдылықтарын және қала, жолкөлік экологиясын зерттейтін ғылымдағы жаңа ба­ғыт­тар бойынша жемісті еңбек етті.

Ол 1991 жылы КСРО-ның құр­мет­ті химигі, 1995 жылы  Ғы­лым академиясының коррес­пон­дент-мүшесі, 1997 жылы Ха­лық­аралық инженерлік акаде­мия­ның, Ұлттық инженерлік ака­демиясының, 2003 жылы Ұлттық ғылым академиясының, 2004 жылы Халықаралық жүйелі зерттеулер академиясының ака­демигі атанды.

О.Балабековтің жетекшілі­гі­мен 21 докторлық және 58 кан­ди­даттық диссертация «Бейор­ганикалық заттардың тех­но­ло­­гия­сы», «Химиялық техно­ло­гия­ның процестері мен аппарат­тары», «Қоршаған ортаны қор­ғау және табиғи ресус­тар­ды ұтым­ды пайдалану», «Гео­эко­ло­гия» және «Қауіпсіздік және өртке қарсы техника» атты 5 ма­ман­дық бойынша дайындалып, қорғалды. КСРО Химия өнер­кәсібі министрлігінің фосфор мен минералды тыңайтқыштар өндірісінің қалдықтарын тазарту және өндірісте қайта пайдалануға арналған салалық ғылыми-зерт­­­­­теу, жылу масса алмасуды қар­­қындастыру, аса таза заттарды алу проблемалық зертханаларын құрды. Осы зертханалар базасында 1992 жылы «Химиялық технология мен өнеркәсіптік экология» ғылыми-зерттеу институтын ұйымдастырды.

Академик О.Балабековтің бастамасы бойынша 1992 жылы ҰҒА Оңтүстік Қазақстан бө­лімшесін ұйымдастырып, онда ол төрағаның орынбасары, ал 1994-2004 жылдары академик-хатшы қызметін атқарды. «Аймақтық экономика мәселелері» академия институты мен Оңтүстік аймақтық ғылыми зерттеу қорының құры­луы­на алғашқылардың бірі болып атсалысты. «ҚазХимжоба ҒЗИ» АҚ президенті қызметінде жүріп, оны Қазақстандағы химия және кен-химия салалары бойынша бас институты болатындай ірі ғылыми-өндірістік мәселелерді шешуге қол жеткізді. Сол үшін 1996 жылы Копенгаген қаласында ұжымға Алтын кубок табыс етілді. О.Балабековтің басшылығымен әзірленген инновациялық технологиялар, процестер, конструкциялар және әдістер Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан, Украина және Өзбекстанның түрлі кәсіпорындарындағы 120 қондырғы мен желіні құру жә­не реконструкциялау кезінде өнер­кәсіптік қолдау тапты. Әлем­де теңдесі жоқ газды тазарту аппа­раттарының үш класы сериялы өндіріске берілді.

О.Балабеков еңбек жолындағы жеткен жетістіктері үшін «Құрмет белгісі» орденімен, КСРО ЖАОБМ «Еңбектегі үздік жетістіктері үшін» белгісімен, «КСРО өнер­тап­қышы», «ҚР білім үздігі» төсбелгілерімен марапатталған. 1990 жылы Оразалы аға ғылым мен техника саласында КСРО-ның Мемлекеттік білім комитеті сыйлығының лауреаты болды. КСРО ҒА Президиумының, ҚР ҰҒА Президиумының, КСРО химия өнеркәсібі министрлігінің, КСРО Білім комитетінің және де ҚазКСР ЖАОБМ-нің грамоталарымен марапатталды.

Академик О.Балабековтің маңызды еңбектері, ғылыми ашы­лымдары, жаңалықтары халық­аралық деңгейде бағаланып, ол: «GOLDEN EAGLE» орденімен (Германия, 2005); Нобель сый­лығының лауреаты В.Рентген атын­дағы күміс медальмен және Еуропалық жаратылыстану ака­­­де­­­миясының дипломымен URKUNDEU (Ганновер, 2004); Нобель сыйлығының лауреаты П.Л.Капица атындағы медальмен (Москва, 2001), «Өнеркәсіп технологияларының процестері мен техникасы» ассоциациясының Алтын медалімен (2011) марапатталды. Ассоциация оқу-ғылыми мекемелерін инновациялық же­тіс­­тіктері үшін марапаттайтын О.Балабеков атындағы Кубок тағайындады. 2010 жылы кубоктың алғашқы иегері М.В.Ломоносов атындағы нәзік химия технология академиясы болды.

О.Балабеков арамыздан кет­кеніне біршама уақыт өтсе де ұс­­та­зымыздың мейірімге толы кө­зі мен қамқор үні әр кез жадымыз­да. Ұстазымыздың ұстазы Д.Мен­делеевтің «Ғылымды күшті мең­гер­ген және оны сүйетін мұ­ға­лім ғана өз шәкірттерінің бә­рі­не жемісті ықпал жасайды» де­ген сөзін Орекеге арнап ай­ту­ға да болады. Расында да, адам­ның шын мәнісіндегі нағыз ар­тық­шылығы ғылымда. Қаныш Сәтбаевтың сөзімен айтсақ, «Өз білімін өмірдің, өндірістің тәжі­рибелерімен нығайтып, байытып отыратын, тапқан ілімін, үлкен­ді-кішілі ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғалым ғана өз дәрежесінде заман талабының өресінде болады».

Нағыз ғалым, ұлы ұстаз Ора­за­­лы Сәтімбекұлы Балабеков есімі ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, оның ризашылық білдірген шә­кірттерінің жүрегінде қалады.

 

Бауыржан ҚОРҒАНБАЕВ, тех­ни­ка ғылымдарының докторы,

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті