Аймақтар • 08 Қараша, 2021

Алты кенші көз жұмды

2307 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше таңғы 08.30-да Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір депар­таментіне қарасты «Абай» шахтасында көмір мен газдың кенеттен атылуы салдарынан оқиға болған жерде алты кенші көз жұмды.

Алты кенші көз жұмды

Апат кезінде жер астында 64 кенші болған екен. ВАСС Көмір күштері құтқару қызметкерлерінің жанкешті әрекетінің арқасында 56 жұмысшы жер үстіне шығарылған. Екі кенші ауыр жағдайда Қарағандыдағы Х.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Газдан қатты уланған олардың өмірін аман сақтап қалу үшін дәрігерлер қолдан келген көмектің бәрін жасауда.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қаза болған кеншілердің туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Және өңір басшысы олардың отбасыларына қажетті көмектің көрсетілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ Жеңіс Қасымбек сол күні «Абай» шахтасындағы қайғылы оқиға бойынша кеңес өткізді. Жиында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің директоры Андрей Черномаз және басқа да жауапты қызметкерлер апатты оқиғаның барысы туралы баяндады. Оқиға бойынша құрамына компания мен мемлекеттік органдар өкілдері енген жедел штаб құрылды. Облыстың және компанияның басшылығы қаза болған кеншілердің үйіне барып, көңіл айтты.

Сондай-ақ Премьер-Министр Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша мемлекеттік комиссия құрылды. Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин жетекшілік ететін бұл комиссия апаттың себеп-салдарын анықтайды. «Абай» шахтасында болған көмір мен газдың кенеттен атылу оқиғасына байланысты Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды.

 

Қарағанды облысы