Аймақтар • 08 Қараша, 2021

Төгейін жырды халқыма...

477 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын тойлау ел ішінен ұзап, халықаралық деңгейде өтіп жат­қа­нынан үнемі хабардар етіп отырмыз. Оған мысал ретінде жақында ғана көршілес Ресейде, Түркия елінде ақынға арналған іс-шаралар өткен болатын. Жамбыл жырлары бірнеше тілде кітап болып, шетелдерде жарық көрді. Ал күні кеше 100 жасаған Жамбылдың құрметіне Жетісуда дүркіреп айтыс өтті.

Төгейін жырды халқыма...

Жыр додасы Талдықорғандағы І.Жан­­­­сүгіров атындағы мәдениет сара­йында шымылдығын түрді. «Төгейін жырды халқыма» атты халықаралық сөз сайысына қазақ ақындарымен сөз қағыстыруға Алатау асып, қырғыздың 5 ақыны келді. Яғни еларалық айтысқа қазақ намысын қорғауға Жандарбек Бұлғақов, Мұрадым Мирланов, Жалғас Мақсұтов, Айшолпан Тілеутай, Сырым Әуезхан сияқты белгілі жыр жүйрік­тері шықса, Қырғыз елі тарапынан Аман­тай Құтманалиев, Азамат Болгонбаев, Асылбек Маратов, Баян Акматов, Кубат Тукешов секілді ақындар қатысты. Ал сөз додасына Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі алқа төрағасы ретінде және жазушы, халықаралық «Алаш» сый­лы­ғының лауреаты Жұмабай Шаштай­ұлы, Қырғызстан Жазушылар одағының мү­шесі, композитор, публицист, Қыр­ғыз­станның халық әртісі Түгөлбай Қазақов, Мәдениет саласының үздігі, айтыс ақыны Айтақын Бұлғақов, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, «Тә­лім» телеарнасының бас директоры Мұхаметжан Тазабеков, Мәдениет қайраткері, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының оқытушысы Серік Қалиев, айтыскер ақын Балғынбек Имашев қазылық етті.

Айтысқа жиналған көрермендер мен қатысушы ақындар Жамбыл музейінен арнайы алдырып, көрмеге қойылған, кезінде ақын қолданған заттар мен бұйымдарды тамашалап, қарт жыраудың шығармашылық өмірінің қызықты сәттеріне қанықты. Жалпы, бұл көрмеге Алматы облысы әкімінің қолдауымен жарыққа шыққан «Жамбыл» роман-этюді, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйы­мының қолдауымен басылған аударма кітабы, сондай-ақ өткен ғасырдың 50-жылдары баспа бетін көрген жыр алыбының сирек қордағы туындылары да қойылған екен.

Ал Жетісу төрінде өткен айтыс­ты құттықтау сөзбен ашқан Алматы об­лысының әкімі Амандық Баталов биыл аймақта елді рухани жаңғыруға бас­тайтын шаралардың көптеп өткенін тілге тиек етіп, соның бірегейі ретінде Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын атап өту жұмыстарының жоғарғы деңгейде ұйымдастырылғанын айтты.

– Бұл – халықаралық айтыс Алатау­ды жағалай қоныстанған екі ел арасында­ғы ғасырдан жалғасып келе жатқан қасиет­ті өнерге деген құрмет. Бұл – кешегі Сүйінбай мен Тоқтағұл, Жамбыл мен Қа­тағаннан қалған мәңгі сыйластық. Бүгінгі айтыста Жамбыл баба өнері­нің жаңа қырлары жырланып, айтыс­керлер достықты ту етеді деп сенемін. Осы айтысқа Қырғыз елінен Қаныбек Қапаш­ұлы Иманалиев бастап келген қа­дірлі қонақтарымызға, айтыс­кер ақын­дарымызға «қош келдіңіздер» дей­мін, – деген Амандық Баталов бір туған халықтың көрнекті ұлы Қаныбек Иманалиевтің иығына шапан жауып, ес­телік сыйлықтар тарту етті. Ал қо­нақ­тар атынан сөз алған Қаныбек Иманалиев:

– Қазақ пен қырғызды басқалардан өзгеше ететін өздеріне тән бір биігі бар. Ол – киелі сөз. Біз сөзді байлықтан да, басқадан да, тіпті өмірден де биік қоямыз. Қазақ пен қырғыз жылқыға мінгенде, домбыра мен қомыз тартқан­да және айтысқа түскенде арқалана­ды. Ру­хани жақындығы мол қос елдің тәуелсіздігі баянды болып, өнері өрістей берсін, – деп ақжарма алғысын айтты.

Мұнан соң жыр додасының көрігі қызып, жеребе бойынша жұп-жұпқа бө­лінген ақындар айтысты бастап кетті. Ала­манның шымылдығын қырғыз ақы­ны Баян Акматов пен Алматы об­лы­сы­ның атынан сынға түскен Жал­ғас Мақсұ­тов түрді. Мұнан кейін Қыр­ғызстан­да айтыс ақтаңгері атанған Амантай Кут­маналиев пен қазақтың аяулы ақын ұлы Жандарбек Бұлғақов сөз таластырды. Үшінші жұп болып қырғыздың үкілі үміті Азамат Болғонбаев пен Алматы қа­ласының атынан сынға түскен Сы­рым Әуезхан сахнаға шықты. Келесі кезек­те қырғызстандық ақын Асылбек Мара­тов пен Шығыс Қазақстан облысы атынан сынға түскен ақын қыз Айшолпан Тілеутай айтысты. Сон­дай-ақ айырқалпақты ағайынның азулы ақы­ны Кубат Тукешов пен Батыс Қа­зақ­стан облысынан арнайы келген айтыскер Мұрадым Мирланов аламанның көрігін қыздырды.

Ал айтыстың ақтық сынында үш жұп өнер көрсетті. Алғашқы болып шы­ғысқазақстандық Айшолпан Тілеутай қырғыздың ақыны Кубат Тукешовпен сөз қағыстырды. Өз кезегінде Жетісудың жүйрігі Жандарбек Бұлғақов пен қыр­­ғыз ақыны Азамат Болгонбаев, батысқазақ­стандық Мұрадым Мирланов пен қыр­ғызстандық Асылбек Маратов айтысты.

Мәрелі сәт жетіп, қазылар алқасының шешімімен ақындар марапатталды. Атап айтқанда, ынталандыру жүлдесі және 300 мың теңгелік сертификат алматылық Сырым Әуезхан, қырғызстандық Баян Акматовқа берілсе, 3-орын мен 500 мың теңгелік ақшалай сыйлық жетісулық Жалғас Мақсұтов пен айырқалпақты ақын Амантай Кутманалиевке бұйыр­ды. Мұнан кейінгі жүлделі 2-орын мен 700 мың теңгелік сыйақы орал­дық Мұрадым Мирланов пен қырғыз ақы­ны Кубат Тукешовтің қанжығасына бай­ланды. Сондай-ақ айтыстың бірінші орны шығысқазақстандық Айшолпан Тілеутай мен қырғыз ақыны Азамат Бол­­гонбаевқа беріліп, жеңімпаздарға ­
1 миллион теңгенің сертификаты табыс­талды. Ал Жамбыл Жабаевтың 175 жыл­­­дығына орай өткен «Төгейін жыр­ды халқыма» атты халықаралық айтыс­тың бас жүлдесіне Жетісудың жүйрігі Жандарбек Бұлғақов пен сан додада қырғыз халқының намысын қорғап жүр­ген Асылбек Маратов лайық деп танылды. Қос бас жүлде иегерлеріне
1,5 миллион теңгеден ақшалай сый­ақы берілді.

1

 – Бұл сөз бәсекесінде Ала­тауды тел емген туыстас елдердің руханияты мен мәдениеті бір екені тағы да айшықталды. Осы орайда, екі елдің де ақындарына жүлде тағайындап, қолдау көрсеткен Алматы облысының әкімдігіне ризашылық білдіреміз. Бұл – тамыз айында Бішкекте өткен қазақ-қырғыз ақындары айтысының заңды жалғасы. Бауырластықты бекемдей түсетін осындай іс-шаралар алдағы уақытта да көбірек өтіп тұруына тілекшіміз, , – деді марапат­тау сәтінде қазылар алқасының төр­аға­сы, Халықаралық Түркі академиясы­ның пре­зиденті Дархан Қыдырәлі.

Айтпақшы, жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығын атап өту шарасы Жеті­суда одан әрі жалғасын табады. Мы­са­лы, жақын күндері «Жамбыл ізімен» ат­ты экспедиция жолға шығып, оған қа­ты­сушылар Алматы, Тараз, Бішкек, Мәс­кеу, Санкт-Петербург қалаларына барып, ұлы жыраудың есімін ұлықтайтын болады.

 

Алматы облысы