Қазақстан • 08 Қараша, 2021

Осы біз босаңсып кеткен жоқпыз ба?

329 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жақында бұқаралық ақпарат құралдары «Қытайда коронавирус қайта өршіді» деп жерден жеті қоян тапқандай жарыса хабарлады. Бақсақ, Қытайда жаман індетті жұқтырудың небәрі 93 жағдайы тіркелген екен. ҚХР Денсаулық сақтау және бала туу жөніндегі мемлекеттік комитетінің хабарлауынша, Қытай билігі халықты сақ болуға шақыра отырып, ел азаматтары­ның сапарға шығуын шектеу, тексеру мен тестілеу шараларын күшейту үстінде.

Осы біз босаңсып кеткен жоқпыз ба?

Жалпы, пандемия басталға­лы 1 млрд 440 млн тұрғыны бар алып елде қарашаның 5-і күнгі дерек бойынша 97 605 адам коронави­рус жұқтырып, 4 636 науқас қай­­тыс болған. Құ­мы­радан шық­­қан ­жын тәрізді коро­на­ви­русты желкесі­нен алып, қуып жібергендей қыл­ған қы­­тай­лық­тардың темірдей тәр­тібіне тәнті болып, Бауыржан Мо­­мышұлының «Тәртіпке ба­ғын­­ған ел құл болмайды» деген аталы сөзін еріксіз еске алған­даймыз. Ал халқының саны 19 млн-нан енді асқан біздің елде 945 922 адам қауіпті инфек­ция­ны жұқтырып, 12 204 отанда­сы­мыз опат болған. Тиісті са­ни­тарлық-эпидемия­лық та­лап­тарды бәріміз бірдей орындай бермейтініміздің, әсіресе, ты­ғылып той-томалақ жасауды тый­мағандығымыздың саза­йын тартып отырған жайымыз бар.

Бұл ретте бізге көршілес Өз­бекстан да өнеге болғандай екен. Халқының саны бүгінде 34,5 млн-нан асқан бауырлас елде не­бәрі 187 085 адам коронавирус жұқтырып, 1 332 науқас өмірмен қоштасқан көрінеді. Қазіргі кезде алашапанды ағайындардың арасынан тәулігіне 270-290 адам індет жұқтырып жатқан болса, біздегі көрсеткіш 1 300-ден асып тұр. «Әлемдегі тоғызыншы территория» атанған кең-байтақ Қазақстандағы халық тығыздығы Өзбекстанмен салыстырғанда он еседен аса аз екенін ескерсек, елді мекендерінің арасы алшақ еліміздегі пандемиямен күрес нәтижесі көңіл көншітерліктей еместігі көзге ұрып тұрғандай.

Ал Денсаулық сақтау ми­нис­тр­лігі жариялаған болжамға сүйен­сек, «пессимистік сценарий» бойынша тәуліктік індет жұқ­тыру көрсеткіші қарашада – 1 800, желтоқсанда 2 350 адамға дейін, ал «оптимистік сценарий» бо­йынша қарашада – 1 500, желтоқсан­да 1 100 адамға дейін болуға тиіс екен.

Осындай «оптимистік сценарий» іске асырылып жатқанын өткен аптадағы Үкімет отырысында мәлімдеген Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов: «Қазақстандағы санитарлық-эпидемиялық жағ­дайдың жақсаруы жалғасып жа­тыр. Барлық өңірде ауыру дең­гейінің, стационарлық және амбулаториялық емдеудегі ауыр жағдайлардың санының төмен­деуі байқалады. Әлемдік рейтингке сәйкес 222 елдің ішінде Қа­зақстан сырқаттану көрсеткі­ші бойынша 105-орында, өлім көр­сет­кіші бо­йынша 102-орында тұр», деді.

Індеттің ептеп кему үрдісі кө­­ңілге үміт ұялатқанымен, ал­ды­на әлемдегі ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына қо­сы­лу­ды айқын мақсат етіп қой­ған Қа­зақстан үшін бүгінгі «мыл­тықсыз майдан» – пандемиямен күресте 105-орынды еншілеу – әсте де мақтанарлықтай жағдай емес. Осы ретте Үкімет басшысы Асқар Маминнің қалыптасқан ахуалға сыни тұрғыда қарап, «жасыл», «сары», «қызыл» аймақтардың қайсысында орналасқандығына қарамастан, барлық өңірде шектеу шараларының сақталуын және мониторинг топтарының кү­шейтілген жұмыс режімін қам­­тамасыз етуді, Нұр-Сұлтан қала­сының, Солтүстік Қазақстан, Маң­ғыстау, Қостанай, Ақмола, Ба­тыс Қазақстан облыстарының әкім­деріне коронавирусқа қар­сы вакциналау қарқынын арттыру­ды тапсырғаны құптарлықтай.

Өйткені тіпті Денсаулық сақ­тау министрлігі шенеу­ніктерінің көз алдындағы астанада да назар ауда­рарлық кемшін жайлар бар. Кейінгі апталарда «қызылдан» шығып, «сары аймаққа» көшкен бас қалаға өңірлерден студент­тер ағылып келіп, әдеттегі фор­матта сабаққа кіріскелі қоғамдық көліктегі жағдай тым күрделеніп кетті. Автобустарда аялдама­лар хабарланып, жолақы тө­леу қажеттігі ескертіліп, Поли­ция департаментінің қалта ұры­ларынан сақтандырған хабарламасы оқылғаны болмаса, маска тағу режімін сақтау қажеттігі жайлы бірауыз сөз айтылмайды. Бұған қоса «Үркер» шағын ауда­нына баратын №36 және №45 автобустардың салонына сағат 18.00-20.00 аралығында жастар лық толып, бөшкедегі балық­тай сығылысып тұратындығын, көбі маска тақпағандығын өз көзімізбен талай көрдік. Осындай қалаішілік бағыттардағы жолаушылар ағынын жете зерттеп, кешкі қарбалас шақта қо­сымша автобустар бөлуді қа­рас­тырған жөн. Елордадағы қо­ғамдық тамақтандыру орындарына рейд жасап жүрген мониторинг топтарының мүшелері де көзімізге түскен емес. Тіпті Ashyq жүйесіне қосылған кейбір объек­тілерде де келушілерді тексеріп жатқан ешкім жоқ. Олардың тек қалтасына түсетін пайданы ойла­ған қожайындарына ақшалай айыппұл салып, айылдарын жи­ғыз­баса болмас.

Ал коронавирус панде­миясына байланысты өлім-жітім көрсеткіші бойынша Қазақ­стан­ның 102-орында қа­лып отыр­ғаны еліміздің сани­тар­лық-эпидемиялық са­ла­мат­ты­лығы саласында қа­лыптасқан жағдайдың мәз емес­тігін анық аңғартып тұр. Осы орайда биыл­ғы мау­сым айының соңында Қазақ­стан Республикасының Тұң­ғыш Пре­зиденті – Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев Ресей Пре­зиденті Владимир Путинмен кез­дескенінде ресейлік дәрігерлер­ге өзін коронавирустан емдеп жазғаны үшін ризашылығын білдіріп: «Мен ауырып қал­ғанымда бір топ ресейлік дәрі­гер жанымда болғанын еш­қашан ұмытпаймын. Бұл ұмы­тыл­май­ды», дегені еріксіз ойға оралады. Сондай-ақ жуырда әлеу­мет­тік желіде белгілі экономист Олжас Құдайбергенов өзінің ек­пе салдырса да, қате түсінікпен сақ­тық шараларына жете мән бермегендіктен, қатерлі ауруды жұқтырып алғандығын айта келіп: «Коронавирусты жеңуіме Мәскеуден келген дәрігерлер көмектесті. Өкінішке қарай, жер­гілікті мамандар жәрдем көр­сете алмады. Жағдайым нашар­лап, жансақтау бөлімшесіне ауыс­тырылғанымда мен байланыссыз қалып, достарымның жолдаған хабарламаларына жауап бере алмадым. Соған күдіктенген олар бірден дабыл қағып, ауруха­на басшылығымен сөйлесіп, Мәс­кеуден дәрігерлер іздеп тауыпты. Олардың қызметінің ақысын да өздері жинап төлепті. Мұны мен наркоздан кейін өкпені жасанды желдету аппараты астында жатып есімді жиғанда бір-ақ білдім. Сол күні мәскеулік дәрігерлер келіп, дұрыс емдеу жүргізіп, жағдайым жақса­ра бастады. Әрине, жергілікті дәрігерлерге байланысты айта­тын жеке ой-пікірлерім бар, бірақ еліміздің денсаулық сақтау саласында сапалық өзгерістер қажет деген жалпы тұжырым­мен шектелмекпін. Ал жансақтау бөлімшесінің мейіргерлері мен санитарларына келсек, олардың сапалы күтімі мен өте жоғары адами қарым-қатынастарына аса ризамын», деп жазды.

Неміс жазушысы Эрих Мария Ремарктың «Бір адам өлсе – тра­гедия, мың адам өлсе – статис­тика» деп жазғанындай, қан майданда жүргенде адамның көз ал­дында болып жатқан мың сан өлімге бойы үйреніп, үрейле­ніп, қорқып-үркуден қалатын көрінеді. Сол секілді осы біз – елдің денсаулық саласының бас­шылары да, былайғы жұрт та қазіргі уақытта коронавирус пандемиясынан күнде болып жатқан өлім-жітімге былтырғы, бастапқы кездегідей қорқынышпен, уайыммен қарауды қойып, тым босаң­сып кеткен жоқпыз ба? Ал жеті басты айдаһар сынды жалмауыз дерт күн сайын ондаған абзал азаматымызды арамыздан жұ­лып әкетіп жатыр. Әрқайсысы – бір-бір тұлға, һәм бір-бір трагедия...