Экономика • 08 Қараша, 2021

Ұн экспорты: Қай нарық тиімді?

319 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ауғанстандағы саяси өмір өзгеріп, билік басына талибандар келген сәтте отандық ұн экспорттаушы компаниялардың әрі-сәрі күй кешкені рас. Көп ұзамай әліптің артын баққан біздің билік талибандармен тіл табысты да. Бірақ ұн экспортының нарығы Ауғанстанмен ғана шектелмейді. Ресей, Қытай һәм Өзбекстан нарығы да біз үшін тартымды. Бірақ бұл та­рап­тарға қатысты мәселелер де бар.

Ұн экспорты: Қай нарық тиімді?

Саяси тұрақсыздық Ауғанстанмен арадағы алыс-берісі жолға қойылған елдердің сауда операцияларын уақытша тоқтатуға мәжбүр етті. Оның ішінде Қазақстан да бар. Біршама уақыт бойы банкаралық транзакциялар мен теміржол вагондарын жеткізу мүмкін болмады. Өйткені вагон иелері олардың сақталуы мен кері қайтарылуына алаңдаушылық білдірді.

«Алайда қазіргі уақытта проблемалар шешілді. Транзакциялар үшінші елдердің банктері арқылы жүзеге асырылады. Вагондарды жөнелту қалпына келтірілді», деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі. Қыркүйек пен қазан айының басында Қазақстаннан Ауғанстанға 60,2 мың тонна ұн мен 15,6 мың тонна астық жөнелтілген. Жеткізу қарқыны біртіндеп арта бермек.

Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің бізге ұсынған ресми ақпаратына сүйенсек, былтыр елі­мізде 3,4 млн тонна ұн өн­ді­­ріл­ген. Биылғы көлем де өт­кен жыл­дың деңгейінде болмақ. 2021 жылдың бірінші жарты­жыл­­дығында Қазақстан мен Ауған­стан арасындағы сауда ай­на­лымы 229,7 млн долларды құра­ды. Сауда айналымының негізгі бөлігі немесе 99 пайызы экспорттың үлесінде. Оның ішін­де ұн экспортының үлесі жо­ғары. Айталық, былтыр Ауған­станға 333,9 млн АҚШ долларына 1 млн 152,6 мың тонна ұн экспорт­талған. Бұл 2020 жылғы жалпы ұн экспортының 66 пайызына тең. Биылғы меже де осымен шамалас.

Қазақстан астық өсірушілер одағының өкілі Евгений Кара­бановтың пікірінше, Ауғанстан нарығынан айырылуға болмайды. Ел Үкіметінің талибандармен ортақ мәмілеге келуі – құптар­лық қадам. Өйткені біздегі ком­пания­лардың дені Ауғанстан нарығына бағытталған. Мәселен, QazTrade дерегінше, Қазақстан аумағында жұмыс істейтін 300 ұн экс­порт­таушының 183-і Ауғанстан нары­ғымен өзара іс-қимыл жасауда. Тағы 49-ы тек Ауғанстанға ға­на жүк жөнелтумен айналыса­ды. Экспорттаушылардың көлік дәліз­­де­рі реттелген. Жаңа би­лік­тің кезін­де де жұмысын жал­ғас­­тыруға мүм­кіндік бере­тін берік байланыс та ор­натыл­ған. Қазақстанның ауыл шаруашы­лығы өнімдерін Балх, Бағлан, Тахар және Құндыз секі­лді Ауған­стан­ның солтүстіктегі провин­циялары, сондай-ақ астана аймағы әрі Кабул қаласы пайдаланады.

Сондай-ақ былтыр Ауған­стан­нан бөлек, отандық ұнды Өз­бекстан (342 мың тонна), Тә­жік­стан (96,5 мың тонна), Қыр­­ғыз­стан (78,1 мың тонна) мем­­лекеттері импорттаған. Байқа­ға­­ны­­мыздай, Өзбекстан нарығы да біз үшін тартымды. Бірақ бұл на­рыққа шығудың кедергілері бар.

Бірінші мәселе темір жол та­риф­­теріне байланысты. Өзбек­стан­­д­ық компанияларға арнал­ған ішкі темір жол тарифі мен қазақ­стандық экспорттаушыларға таға­йындалған транзиттік тариф арасында үлкен айырмашылық бар. Алдымен осыны реттеген дұрыс.

Екінші мәселе импорттық тауар­ларға белгіленетін акциздерге қатысты. Өзбекстанның Ми­нистр­лер кабинеті 2018 жылғы 24 та­мызда 2011-2017 жылдар ара­лығында қолданылып келген им­портт­алатын ұнға 10-15 пайыз мөл­шерінде акциз белгілеу нормасын алып тастады. Осылайша, сырт­тан жеткізілетін астық өнім­дері кедендік төлемдерден босатылды. Алайда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Өзбекстан сырттан әкелінетін ұнға 10 пайыз көлемінде импорттық баждардың сараланған мөлшерлемесін енгізді. Бұл біздің экспорттаушылар үшін тиімсіз.

Ендігі бір әлеуетті нарықтың бірі – Қытай. Алайда олар ше­карасын кім көрінгенге аша бер­мейді. Аталған елге өнім экс­порт­таудың қиындығы көп. Соған қарамастан Қазақстан ұнын Қытайға көп көлемде экс­порт­тау бойынша тиісті жұ­мыс­тар жүргізілуде. Бұл ретте Қытай нарығына отандық тамақ өнім­­дерінің (бидай ұны, бидай кебегі, бидай крахмалы, би­дай глютені, жарма, макарон өнім­дері) тұрақты жеткізу арна­сын құрған Экспорттық аксе­лера­ция бағдарламасы жұмыс істейді. 2020 жылғы Акселера­ция бағдар­ламасының 35 қатысушысының 10-ы ұн тарту өнеркәсібіне тиесілі.

Сонымен қатар тұрақты не­гізде сауда-экономикалық мис­сия­ларды, көрмелерді, ұлттық стенд­терді ұйымдастыру арқылы экспортты ілгерілету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, 2020 жылы Шанхай қаласында Ұлттық стенд ұйымдастырылып, оған қазақстандық өндірушілер, оның ішінде ұн өндіретін «Миллер и К», «Ново-Альджанский мелькомбинат», «Сұлтан-Маркетинг», «Бест Қостанай», «Дани-Нан», «Аруана-2010» жауапкершілігі шек­теулі серіктестіктері қатыс­қан. Қазір Қытайға өнім жеткізу квотасын ұлғайту, квота алушы компаниялардың тізбесін кеңейту мәселелері пысықталып жатыр.

Осы орайда Қытай 3 қазан күні «Достық» және «Алтынкөл» стансалары арқылы Қазақстан тарапынан жөнелтілген бірқатар жүкті қабылдаудан бас тартқан болатын. Оның ішінде астық та бар. Қытай тарапы бұл қадамды ко­ро­навирусқа қарсы шаралармен бай­ланыстырды. Әйтеуір, мәселе үкі­мет­тік деңгейде шешіліп, 21 қа­зан­­да жағдай реттелді. Еldala.kz-тің хабарлауынша, 30 қазан кү­ні қытай тарапы 21 астық таси­тын вагонды қабылдап алған. Демек жағдай қалпына келе бастады деген сөз.

Қазақстан ұнын Ресейге жет­кізу де маңызды. Алайда сол­түс­тік­тегі көршіміздің дүние ­жүзін­д­егі ірі астық өндіруші­лер­дің бірі екенін ескерсек, Ресей нарығы қазақстандық ұнға зәру емес. Бұл нарықта ұнды сату Еура­зиялық экономикалық одақ­тың бір­ыңғай экономикалық кеңіс­т­ігі шеңберінде жүргізіледі.

Ауыл шаруашылығы министр­лігінің хабарлауынша, соңғы жыл­дары импорттаушы елдерде астықты қайта өңдеудің дамуына, олардың тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларын енгізуі­не байланысты ұн экспорты көлемінің қысқаруы байқалады. Бұл тұтастай алғанда ұн тарту саласының дамуына әсер етеді. Десе де ынталандыру жұмыстары жүргізілуде. Яғни ұнды тереңдете қайта өңдеуге басымдық берілуде. Соның нәтижесінде крахмал өнім­дері, глютен, биоэтанол секіл­ді өнімдер алынады.

Сондай-ақ кәсіпорындарды құруға және кеңейтуге инвести­циялық субсидия беру, қосымша құн салығын 70 пайызға төмендету, салықтық жеңілдіктер ұсыну, қайта өңдеуші кәсіпорындардың тереңдете өңдеген өнімдеріне қажетті шикізатты сатып алуға арналған шығындарын субсидиялау арқылы ұнды шикізат ретінде дамытуды ынталандыруға көңіл бөлінуде. Бұл ретте ұн макарон өнімдеріне, тез дайындалатын ұннан жасалған өнімдерге, кон­дитерлік өнімдерге шикізат ретін­де қолданылады. Мәселен, соңғы 5 жылда крахмал, глютен, биоэтанол өндіру үшін жылына 172 мың тонна бидайды тереңдете өңдейтін инновациялық зауыт, 93 мың тонна макарон өнімдерін өндіретін 3 кәсіпорын, 6,5 мың тонна тез да­йындалатын кеспелер өндіретін 2 кәсіпорын, 32 мың тонна өнім шығаратын 3 кондитерлік фабрика пайдалануға берілген.

Қазір елімізде бидайға экспорт­тық баж енгізу мәселесі тал­қы­ланып жатыр. Бірақ Мемлекет бас­шысы осы жылдың қыркүйек айында Солтүстік Қазақстан облы­сына сапары кезінде бұл шара­лардың уақытынан бұрын жасал­ғандығы туралы пікір білдірді. Ал министрлік ұн өндірушілер үшін өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында тиісті жағдайлар жасалады деп сендірді.

«Мысалы, экспорт кезінде қосымша құн салығын жедел қай­тару көзделген. Өңдел­ген өнімді тасымалдауға мемлекеттік қолдау шаралары да қарастырылған. Экспортқа шектеулер енгізу табиғи жағдайларға байланысты өткен жылмен салыстырғанда төмен өнім алған фермерлердің қар­жылық жағдайына әсер ететін­дігін атап өткен жөн. Соны­мен қатар аграрийлер шынды­ғын­да өнімділікті арттыру жұ­мысын күшейтуі тиіс. Бұл де­гені­міз – ауыспалы егісті сақтау, тыңайт­қыштарды енгізу көлемін арттыру және заманауи технологияларды енгізу. Тиісті қолдау шаралары жақында Үкімет мақұлдаған 2021-2025 жылдарға арналған агроөнеркәсіпті дамыту жөніндегі Ұлттық жобада көзделген», деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Осы орайда «экспорттық бажға қатысты әңгіме қайдан шығып отыр?» деген заңды сұрақ туындайды. Оның төркіні мынада. Көрші мемлекеттерде біздің өнімге деген сұраныс жоғары және ол жыл өткен сайын артып келеді. Бұл экспорттаушыларға тиімді, әлбетте. Бірақ бұл ұнды қайта өңдеушілер үшін тиімсіз. Өйткені қайта өңдеуге болатын астықтың дені шетелге жөнелтіліп жатыр. Сондықтан қайта өңдеу­шілер астыққа экспорттық шектеу қоюды ұсынған болатын. Мұн­дай норма іргедегі Ресейде қол­данылады. Сонда экспорттаушы­лар шетелге жөнелтілетін бидай­дың әр тоннасы үшін бюджетке ақша төлеуі керек. Бұдан түскен қаржыны агроөнеркәсіпті қолдау шараларына жұмсауға болады.

Евгений Карабановтың пікі­рін­ше, бидайға экспорттық баж енгізу Қазақстанды Орталық Азия нарығынан айыруы мүмкін. Ал бұл нарықтағы Қазақстанның орнын Ресей басуы ықтимал.

– Ресейлік экспорттаушылар Орталық Азия мен Ауғанстан нарығына кіре алмай отыр. Бұған екі фактор кедергі келтіруде. Бірінші, бұл елде бидай экспортына кедендік баж енгізілген. Шекарадан шыққан бидайдың әр тоннасына 58,7 доллар төлеу қажет. Екінші – ішкі және тран­зиттік тарифтер арасындағы айыр­машылық жоғары. Шамамен 27 долларға тең. Біздің қайта өңдеушілер Қазақстаннан экспортталатын бидайдың тоннасына 50 еуро немесе 57,5 доллар көлемінде баж салуды ұсынуда. Бұл көлем Ресейдікімен бірдей. Ал Ресей транзитке қатысты мәсе­лені жедел шешеді. Бұл жағ­дайда Қазақстан астық пен ұнды өт­кізетін негізгі нарығының жартысынан айырылып қалуы мүмкін, – дейді ол.