Технология • 09 Қараша, 2021

GPON технологиясының игілігі көп

567 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері еліміздің аумағында 500-ге тарта көпқабатты тұрғын үй GPON технологиясы арқылы жылдамдығы жоғары интернет желісіне қосылды. Жаңадан салынған пәтерлерді жылдам интернетпен қамту жағынан оңтүстік өңір көш бастап тұр.

GPON технологиясының игілігі көп

Ұлттық байланыс операторының мәліметіне сүйенсек, 10 айдың ішінде күнгей аймақта 100-ден ас­там көпқабатты тұрғын үй осындай тәсілмен тапсырылып, 10 мың­нан аса азамат ғаламтор желісіне еш кедергісіз кіруге мүмкіндік алды.

Биылғы 10 айда ірі байланыс операторы еліміздегі 500-ге тарта көпқабатты тұрғын үйге интернет тартып, пәтер иелерінің қоныс то­йына жағымды сыйлық жасалды.

«Еліміздің ірі қалаларында або­ненттерді тікелей магистральді жүйеге қосу арқылы интернетпен қамту мәселесі бірнеше жылдан бері шешіліп келеді. Енді бұл технология жаңадан салынып жатқан тұрғын үй кешендеріне де кеңінен қолданылуда. Бұл жердегі күрделі мәселе – магистральді же­ліні көпқабатты үйлерге дейін жеткізу, яғни интернет қосылған нүктеден желіні тұрғын үйге де­йін әкелу оңай болмай тұр. Ал абоненттерді қосу небәрі 20-30 минутта жүзеге асырылады. Егер де алдағы болашақты бағамдасақ, абоненттердің интернеттің сапасына байланысты талаптары тек күшейе бермек. Бұл ретте GPON технологиясы осы талаптарға толық жауап береді деп айта аламыз», деді «Қазақтелеком» АҚ бөлшек бизнес дивизионының бас директоры Игорь Погребицкий.

Gigabit PON технологиясы қазір ұлттық компанияның талшықты-оптикалық магистральге қосылудың ең тиімді әрі жоғары сұранысқа ие жолы. Оның артықшылығы сол, тұтынушы мен магистральді желіні өзара байланыстыратын әр пәтерге арнайы арна құруды көздейді. Сондықтан бұл технологияға қо­сылған абоненттер интернет жыл­дам­дығына алаңдамаса да болады дейді мамандар. Тағы бір артықшылығы – жалғыз ғана желі арқылы жылдамдығы 500 Мбит/с құрайтын интернетпен қоса телевизия және телефония қызметін қостыруға болады. Ал цифрлы телефония абонент көшіп кеткен жағдайда да нөмірді сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Технологияның бұл артық­шы­лық­тарын тұрғындардан бұрын, көпқабатты тұрғын үй кешендерінің құрылысын орындаған компания­лар бағалап үлгерген. Айталық, еліміздің солтүстігінде жыл басынан бері 14 тұрғын үй кешені интернетке қосылған соң тапсырылыпты.

Жаңа салынған үйлерді бірден жылдам интернетпен бірге тапсыру бағытындағы ілкімді істер оңтүстік өңірде жолға қойылған. Мұнда 10 айдың ішінде 100-ден астам көпқабатты тұрғын үй кешені интернетке қосылып, мыңдаған жаңа абонентке цифрлы мүмкіндіктерді кеңінен пайдалануға жағдай жасалды.

Алматы қаласы мен Алматы облысы да бұл тізімнің алғашқы үштігінде. Атап айтқанда, ұлттық компания Жетісу өңірінде жыл басынан бері 90-ға жуық тұрғын үйді GPON технологиясымен жылдам интернетпен қамтыды.