Жергілікті билік басшыларының халық алдындағы дәстүрлі есептері жыл сайын жаңа сипат алып келеді. Тұрғындар жылдың басты жиынында тіршілік ауанындағы мәселелердің ашық көрініс табуын, істің нәтижесін, уәденің үдесін нақты безбендеуді талап етуде. Мұны ел ішіндегі белсенділіктің артуы, талаптың күшеюі, сенімнің артуы деп те бағалауға болады.
Осы тұрғыдан қарағанда, Ақмола обысының әкімі Қосман Айтмұхаметов баяндамасын барынша шымыр ширатып, мемлекеттік тапсырмалардың тиянағы арқылы өңір тұрғындарының қоғамдық өмірдегі қатынасын бағамдауын сәтті қадам санаймыз. Әкім алдымен «Мәңгілік Ел» жобасының генераторы – «Қазақстан-2050» Стратегиясының маңыздылығына тоқталып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауынан түйін жасады. Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы. Ол – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан. Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту – ортақ парыз, абыройлы міндет!» екендігін алға тартты. Астаналық облыс бұл міндеттерді абыроймен атқаратынына, Тәуелсіз Қазақ елінің әлемдегі озық 30 мемлекеттің қатарына қосылуына үлес қосатынына сенімді, оған жылдар бойғы жетістіктеріміз негіз болады, деді Қосман Қайыртайұлы.
Облыс 2013 жылы 105,9 пайыздық өңірлік жалпы өнім өсуі жөніндегі міндет үдесінен көрінді. Ауыл шаруашылығындағы (135,7 пайыз), саудадағы (118,7), көлік саласындағы (107 пайыз) серпіліс іс жүзіндегі экономикалық өсім 10 пайыздан асып түсті. Өндірісті дамытуға 140 миллиард теңге қаржы жұмылдырылған. Оның 64 пайызы шаруашылық нысандарының үлесінде. Бұл мақсаттағы инвестицияның 11 пайызы кәсіпорындардың жеке салымдары екендігі ұстанған бағыттың бекемдігін айқындайды. Сондай-ақ, экономиканың нақты секторындағы серпіліс пен «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының жүзеге асырылуы нәтижесінде 10700 жаңа жұмыс орны құрылды. Өңірдегі орташа айлық жалақы мөлшері 6,1 пайызға өсіп, 78881 теңгені құрап отыр.
Ақмолалықтар үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде айтулы табыстарға қол жеткізгені талдап көрсетілді. Бұл салаға инвестиция тарту 2012 жылмен салыстырғанда 20 пайызға ұлғайып, 59 миллиард теңгеге жетті. Оның қайтарымына қатысты тау-кен, машина жасау, құрылыс индустриясы, азық-түлік өнімдері саласындағы игі тәжірибелер ортаға салынды. Әсіресе, «КамАЗ-Инжиниринг», «Вектор» комбайн зауыты, «ЕНКИ» керамикалық кірпіш зауыты, Степногордағы «Арыстан» құбыр зауыты, «Астана-ойл» мұнай компаниясы және басқа кәсіпорындардағы технологиялық жаңғыртулар үлгі етіп ұсынылды. Жалпы, осы бағдарлама аясында соңғы үш жылда 102 миллиард теңгенің 39 жобасы іске асырылып, мұндағы үлес 25 пайызды еншілейтіні үлкен табыс деуіміз керек. Оның үстіне, бұлардың көбісі дайын өнім шығаруға бағытталған.
Мемлекет басшысының Жолдаудағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі нұсқаулары жұмысты жаңаша ұйымдастыруды талап етеді. Бұл орайда да жақсы қадамдар баршылық. Диқандар гектар түсімділігін 12,2 центнерге жеткізіп, 5,1 миллион тонна астық жинады. Баяндамашы мұны озық технологиялардың енгізілуімен, машина-трактор паркінің 6 миллиард теңгеге жаңғыртылуымен байланыстырды. Қазіргі күні көктемгі дала жұмыстарына дайындықтың кешенді шаралары жүргізілуде.
Президент жер қатынастарына айрықша көңіл бөліп отыр. Бұл орайда, ауыл шаруашылығының жер айналысына 352 мың гектар жер енгізілген. Яғни саланы әртараптандыру үрдісі екпін алатын түрі бар. Агломерациялық саясат та тыңғылықты атқарылатын болады.
Облыста кәсіпкерлік өңір экономикасының төрттен бірін көтеріп тұр. Мұны жыл ішінде шикізаттық емес экспорт өнімдерінің 42,6 пайызға өскендігімен де байланыстырудың артықтығы жоқ деп ойлаймыз.
Өңір басшысы әлеуметтік саладағы ахуалдың жақсарғанын табыстар түйіні ретінде бағалады. Былтыр тұрғын үй құрылысына 12 миллиард теңге қаржы құйылып, 259 мың шаршы метр жайлы пәтер пайдалануға берілген. Бурабай курортты аймағын дамытумен қатар, ондағы жүктемені азайту мақсатында өзге өңірлердегі туристік индустрияны дамыту бағытындағы қолға алынған жұмыстар жиынға қатысушылар тарапынан қолдау тапты.
Бұл жолғы есепте баяндаманы талқылау сұрақ-жауап түрінде өрбіді. «Көкшетау» мәдениет сарайының мәжілісханасына орналасқан төрт микрофон тынымсыз жұмыс істеп тұрды. Қойылған сұрақтар да көп еді. Олардың бәріне тиянақты жауаптар қайтарылып, кейбіреулері бойынша сол мезетте тиісті тапсырмалар беріліп жатты. Әйтсе де, соңғы күндердің басты оқиғасы – валюта бағамының өзгерістеріне қатысты облыс әкімі кеңінен түсінік бергенін айта кету керек. Бағаның тұрақты болуы облыс әкімдігінің мұқият бақылауында. Былтыр дүкендер мен базарларға қарағанда баға 10-20 пайызға төмен болатын 571 жәрмеңке ұйымдастырылып, 1,3 миллиард теңгенің өнімі сатылған екен. Дәстүр биыл да жалғастырылуда. Тауар өндірушілермен, сауда ұйымдарымен 530 меморандумға қол қойылыпты. Қабылданған шаралардың нәтижесінде тұтыну бағаларының, тарифтер бағамының индексі төмендеу үстінде.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.