Қазіргі жағдайда құқық қорғау органдарының басым міндеттері қоғамдағы тұрақтылықты, бірлікті және татулықты нығайту, заңдылықтың және құқық тәртібінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету болып белгіленді.
Құқық тәртібін қамтамасыз ету мемлекеттік институттардың маңызды функциялары болып табылады. Қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты осы функцияның қаншалықты іске асырылуына байланысты.
Адам құқықтарын қорғау саласында халықаралық тұжырымдамалар қатарына қосыла отырып, Конституцияда құқықтық және әлеуметтік мемлекетті құру принциптерін бекіте отырып, Қазақстан құқық қорғау органдарының қызметіндегі принциптер мен басымдықтарды анықтау бөлігінде өзінің бір мәнді шешімін тапты.
Елбасы өзінің “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің құқықтық жүйесін жетілдіру міндеттерін белгіледі.
Соңғы кезде құқық тәртібін қамтамасыз ету аясында белгілі бір оң тенденциялар байқалып отыр: ауыр және аса ауыр қылмыстар, кәмелетке толмағандар жасаған құқық бұзушылықтар саны азайды, есептік-тіркеу тәртібі нығайды. Алайда, көшелерде және өзге қоғамдық орындарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінің өзекті болуы жалғасуда, бұл құқық қорғау органдарының жұмысын ұйымдастыруда жаңа тәсілдер пайдалануды талап етеді. Құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін арттырудағы шешуші жағдайлардың бірі мемлекеттің қылмыстық саясатын ізгілендіру болып табылады. Осы салада жағдайдың нашарлау себептерінің бірі – бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны белгілеудің тұрақты сот тәжірибесі. Бұл мәселені бас бостандығынан айыруға балама шаралардың әлсіз қолданылуымен түсіндіруге болады. Қазіргі уақытта қылмыстардың қайталануы кезінде бірінші кезеңде қылмыстық құрылымдағы үлесі 40 %-дан асатын болған кезде, судьялар бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындаулары тиіс. Іс жүзінде қайталанып жасалған ұсақ ұрлық үшін бас бостандығынан айыруға ұшырап жатады.
Осыған байланысты тек ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасау және бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды қолдану кезінде, атап айтқанда үлкен емес және ауырлығы орташа салықтық қылмыстарды қайталап жасамаған жағдайда қайта бас бостандығынан айыруды көздейтін кейбір елдердің тәжірибесі қызығушылық тудырады. Жәбірленушіге залалдың орнын толтыру жағдайында мерзімінен бұрын шартты түрде босату үшін жазаны өтеу мерзімдерін қысқарту туралы мәселені қарау да маңызды.
Осы бағытта бірінші қадамдар жасалды. 2010 жылдың басынан алдын-ала тергеу мен анықтауды жүргізу тәртібін жеңілдету туралы заң күшіне енді. Құқық қорғау органдарымен ынтымақтастық жасауға келіскен тұлғалар үшін жазаны жеңілдетуді қарастыратын “Сот төрелігімен мәмілелер” институтын енгізу мәселесі зерделенуде. Қылмыстық жазаны және қылмыстық саясатты жеңілдету жалпы қоғамға қатерлі қауіп тудырмайтын қылмыстарды бейқылмыстандыруға ықпал етеді.
Мысалға, заңнаманы ізгілендіру шеңберінде қылмыстық атқару жүйесі органдары пробация қызметін құру мәселесін пысықтады. Бірінші кезекте қылмыстарды алғаш рет және байқаусыз жасаған адамдарды бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды қолдану шараларының аясын кеңейту қажет. Жазалаудың жалпы құрылымында Қазақстандағы бас бостандығынан айырудың баламалы жазалау шаралары 2010 жылғы 1 қаңтарда барлығы 29 %-ды, ал Швеция мен Англияда – 70%, Жапонияда 90%-ға дейінді құрайды.
Осы орайда, аса ауыр қылмыстарды жасаған айыптыларға, ең алдымен ұйымдасқан қылмыстық қалыптастырулар және есірткі бизнесіне қатысушыларға қатысты, сондай-ақ ерекше жауапкершілік тудыратын қылмыстар қайталанған кезде қылмыстық саясат қатаң болмақ. Бұл ретте құқық қорғау органдары жүйесінің және биліктің басты басымдығы азаматтардың мемлекетке деген сенімі болып табылады. Көптеген жағдайда бұл сенім мемлекеттің өз азаматтарын қылмысқа араласудан қорғауы ретінде көрініс табады.
Құқық қорғау органдарында халықпен өзара қарым-қатынас жасайтын полиция бөлімшелерінің ашықтығы, есеп берушілігі және бақылауға алыну принциптері тәжірибеге енгізілуде. Ол үшін полиция қызметін бақылау жөніндегі қоғамдық кеңестер, қаржы полициясы органдары жанында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестер, қылмыстық атқару жүйесі органдарында қоғамдық бақылау комиссиялары құрылды және жұмыс істеуде, ақпараттық жұмыстар ретке келтірілді, халықпен есептік кездесулер және т.б. өткізілуде, яғни құқық қорғау органдарының жұмысы айқын болуда.
Мұның бәрі құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіру мәселелері бойынша қоғаммен үнқатысуға дайындығын дәлелдейді. Біздің көзқарасымыз бойынша бүгінгі күннің өзінде қоғамдық бақылаудың жеткілікті тиімді тетігін қалыптастыру үшін жағдайлар қалыптасты.
Құқық қорғау органдары қызметін бағалау үшін қоғамдық көзқарасты есепке алу тәсілдерін әзірлеу және енгізу, есептілік жүйесін өзгерту және олардың жұмыс тиімділігінің қазіргі заманғы көрсеткіштерін әзірлеу осы мақсаттарға жетуге ықпал етеді.
Елбасының Жолдауында белгіленген басымдықтар Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдардағы Құқықтық саясат тұжырымдамасымен толық үндеседі және еліміздің халықаралық стандарттарды ұстануының ашық дәлелі болып табылады.
Қазақстан Республикасы Президентінің орта мерзімді перспективаны іске асыруда қойған міндеттері ерекше маңызды және ондағы жауапкершілік құқық қорғау органдарына жүктеледі. Екпін ішкі ведомстволық мүддеден азаматтардың құқығы мен мемлекеттің мүддесін қорғауға қарай ауыстырылуы тиіс. Қазіргі жағдайда құқық қорғау органдарының басым міндеттері қоғамдағы тұрақтылықты, бірлікті және татулықты нығайту, заңдылықтың және құқық тәртібінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету болып белгіленді. Ұйымдастырушылық, құқықтық және функционалдық шараларды біріктіретін жүйелік негізде қойылған міндеттерді шешу азаматтарды қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау деңгейін арттыруға және қылмыстылық деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Құқық қорғау органдары жүмысының тиімділігі, ең алдымен олардың азаматтар мен мемлекеттің мүдделерін қамтамасыз етудің аса маңызды бағыттарына күш біріктіруді көздейтін мемлекеттің өзге институттармен және жұртшылықпен өзара қарым-қатынас жасау деңгейіне байланысты.
Осыған байланысты, прокуратура органдарының бірінші кезекте әлеуметтік саладағы заңдылық жағдайына және азаматтардың әлеуметтік және экономикалық құқықтарының қорғалу деңгейіне жауаптылығы артуда. Прокуратура органдарының қадағалау қызметі қызметкерлер құрамын қысқарту кезінде азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау, адамдарды мәжбүрлеп еңбек демалыстарына жіберу бағыттарында, жалақыны уақтылы төлеуді, қызметкерлерді жұмыстан босату тәртібін қамтамасыз ету саласында аса маңызға ие болады. Прокурорлық қадағалау актілері бойынша 2009 жылы 255 мың азаматтардың конституциялық құқықтары қорғалып, 183 мыңнан астам қызметкерлердің еңбекақылары бойынша 8,8 млрд. теңгеден артық сома мөлшерінде қарыздар өтелді. Қазіргі уақытта еліміздің индустриялық-инновациялық дамуын іске асыру үшін мемлекеттен бөлінген ақшалай қаражаттың мақсатты, тиімді және заңды пайдаланылуын бақылауды күшейтуге прокурорлық қадағалау қажет.
Қазақстанда санаулы жылдар ішінде әлеуметтік-экономикалық дамудың тиімді моделі құрылды. Жемқорлыққа қарсы күрес жұмысын жүйелі ұйымдастырусыз бұл мүмкін емес. Жемқорлыққа қарсы тұру мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық басымдылығы болып табылады. Осы бағытта қабылданған шаралар мемлекеттік органдар мен олардың басшыларының қызметінің тиімділігін бағалаудың негізгі критерийінің бірі ретінде қаралады.
Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Үкіметтің және жергілікті билік құрылымдарының негізгі қағидасы деп атады.
Мемлекеттік аппаратты сыбайлас жемқорлық қылмыстармен аттарына кір келтірген шенеуніктерден тазартуда белсенді жұмыстар жүргізілуде. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін лауазымына, шеніне және қызметіне қарамастан барлық адамдар жауапкершілікке тартылатын болады.
Мемлекет басшысы 2009 жылғы 22 сәуірде “Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы” Жарлыққа қол қойды.
Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстардың жай-күйі үшін тікелей және дербес жауапкершілік жүктелді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді де халықаралық стандарттарға жауап беретін құқықтық жүйесі құрылып, жеткілікті түрде нығайтылуда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйелі де кешенді сипат алып отыр.
“Global Іntegrіty Іndex”-тің есебі бұған дәлел, олар пара алушылықпен күресте бірқатар елдердің қызметтерін төрт деңгей бойынша бағалаған: “күшті”, “біртоғалылы”, “әлсіз”, “өте әлсіз”. Қазақстан “біртоғалылы” деңгейге жатқызылды, “әлсіз” топқа жатқызылған Ресейдің, Литваның, Молдованың және өзге де бірқатар мемлекеттердің алдына шықты. “Transparency іnternatіonal” еларалық рейтингтер бойынша 2009 жылы Қазақстан 25 тармаққа (145-тен 120-шы орынға) жоғары көтерілді.
Мемлекет басшысы Үкіметке сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жаңа сапалы деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін заңнамалық және өзге шаралар кешенін әзірлеп, қабылдауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Өткен жылдың аяғында Парламент “Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң қабылдады, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті қатайту бойынша шаралар көзделді.
Қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл әлемдік экономикада орын алып отырған жағымсыз үдерістердің елімізге ықпалының деңгейін төмендетуге мүмкіндік берді. Бұл мемлекет қабылдаған экономика, шағын және орта бизнес, инновациялық-индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды қолдауда өте маңызды шаралар болмақ.
Алик ШПЕКБАЕВ, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі.