Әдебиет • 09 Қараша, 2021

Өзгеше ойлы қаламгер

3122 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы қазан айында Қостөбе деген ауылда жарық дүние есігін ашыпты. Ол ес біліп, етек жапқанда өкпек желдей өңмеңдеп отызыншы жылдар да келіп қалыпты. «Әне, сені тастап, шешең кетіп бара жатыр» дегенде, бейтаныс әйелдің артынан аңырап тұра жүгіретін бала есіңізде шығар. «Балалық шаққа саяхат» повесіндегі балдырған шақтың әдемі ертегісі сонымен бітеді.

Өзгеше ойлы қаламгер

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Шынайы жазылған» деген сөзді екі шығарманың біріне айта береміз ғой. Бірақ көркем шығармада өзінің, аға-інілерінің, әке-шешесінің аты-жөндерін өзгертпей берген басқа ешкім жоқ. Повесте өзін Бердібек, әкесін Ыдырыс, шешесін Әсбет, нағашы атасын Сембай, туған ағасын Сатылған, інісін Тұрдыбек деп өз аттарымен атайды.

Әдетте жазушылар шығармаларында «әкем анандай, шешем мынандай» деп көтермелеп жазады емес пе. Ал Бердібек Соқпақбаев туыстары өмірде қалай болды, солай қағазға түсіреді. Сірә, бір шынға бір өтірікті қосып жазуға қаламы жүрмеген болуы керек. Бәлкім осы повесін жазарда ол, өз өтірігіне өзі сеніп қалатын қаламдастарына мысқылдап қараған да болар.

Жазушы жанына ең жақын адамның бейнесін: «Әкем Ыдырыс кең өңеш, қомағай адам. Қасық оның қолына тиген кезде тостағандағы талқанның бір жамбасы үңірейіп қалады» деп келтіреді. Оның алды-артындағылар «әкем менің» деп жазғанда үстіне бір түйір тозаң қон­дырмайтын. Әдеби кейіпкер болған соң әжуалап жазғаны ма дейін десең, өмірбаянында да әкесінің есімі Ыдырыс екені тайға таңба басқандай көрсетіліп тұр.

Ол аздай келесі бір бетінде: «Әкемнің бойы ортадан төмен, иықты. Өзі құсап селбіретіп қияқ мұрт қояды. Уайымсыз адам, күйіп-піскенді білмейді, жайбарақат. Мезгілсіз тозып, шаршамайды. Аш болса да, тоқ болса да екі беті қып-қызыл. Тамақ таңдамайды, өңешінен өткеннің бәрін ішіп-жейді. Ауырмайды» дейді. «Осы кісі өз әкесін жазып отыр ма?» деп, өмірбаянына ұрланып тағы қарайсың.

Осыдан соң жаңа бір әзірде атүсті сыдыртып шыққан бір-екі эпизодты тауып алып, қайта шұқшиясың. Жазушы: «Шешем Әсбет – тілді де отты адам еді. Тек ауру иектеп алған да қор қылған. Әкемнің ынжықтығын бетіне басып, қай­рап айтып отыратын. Бірақ әкем ағаш пышақ тәрізді, қанша  қайраса да өтпейді», деп тағы бір түйіп қояды.

Мұны оқып: «Жоқ, мен өз әкем туралы бұлай жаза алмайды екем» деген ой еріксіз басыңа келеді. «Онда сенің өзенде балық тұрғанда аштан қырылған халық туралы жазғаның да өтірік» деп біреу құлағыңа сыбырлағандай болады. Бұл ой повесті бойға сіңіріп қайта оқуыңа мәжбүрлей түседі. Сонда повесть бар сырын алдыңа тосып, басқа қырынан ашыла түседі.

Әдебиетте шынайылық деген музыкада жалған нота басқаннан да бетер нәзік екенін сонда түсінесің. Жалған нота әу баста не төмен, не жоғары алынған дыбыс болса, кейін келе өтірікшілік пен екіжүзділік деген мағынаға да ие бола бастапты. Демек әдебиетте де тырнақтай өтірік айтсаңыз, оның шығарманың өн бойында сояудай ізі қалады. Өзінің жақынын жақсы адам етіп суреттеген жазушы қоғамның ащы шындығын қанша қанын сорғалатып жазса да, екеуінің басы бірікпей тұратыны содан болса керек.

Бердібек Соқпақбаев шығармаларының шымыр келетіні мынадан. Ол ештеңені әсірелеп көрсетпейді. Қолдан көркемдеп артық сөз қоспайды. Әр нәрсені өз атымен атап жазады. Кейіпкерлердің сезім-күйін де дәл береді. Біреуінде бір ауыз қоспа бояу жоқ. Нені жазса да әлденені жасырып қалғандай болмайды. Негізі қарапайым жазудың классикалық үлгісін осы кісіден көреміз. Ол шындықты беру үшін асқақ сезімдер керек деп білген де емес.

«Күз кезі болар, жердің оты қашқан» дегеннен әріге бармайды. «Ауылға төрт-төрттен сап түзеген салт атты көп әскер кіріп келеді» деп оқиғаны екі ауыз сөзбен бере қояды. «Алдыңғы біреу желбіретіп қызыл ту ұстаған. Кілең шолақ құйрық аттар» деп оның көрінісін де суреттеп үлгереді. «Жұрт үй-үйлерінің есіктерінен бастарын шығарып, қарап қалған» деп, оған да сараң бір жол ғана арнайды. «Әскер ауылдан өлеңдетіп шығып кетіп барады. Дауыстарынан жер солқылдайды» дегенде жазушы ойды да, сөзді де тыянақтап беретінін байқайсың. 

«Кейіпкерім өзіме бағынбай кетті» дейтіндер шынында да не жазып отыр­ғанын білмейді. Әйтпесе жазушы адам өз кейіпкерінен өзі адасып қала ма? Мұның бәрі әсірелеп жазудан туған жалған сезімдер ғана деп ойлаймын. Бердібек Соқпақбаевтың жазуында да, кейіпкерлерінің қарапайым тағдырында да ондай жалғандық жоқ. Олар жақсы болса да, жаман болса да шын болмыстарымен өмір сүреді. Иә, өмір сүреді дегенде, повестің ішінде кәдімгі өмірдегідей шынайы бейнеленіп, тіршіліктерін кешеді.

«Балалық шаққа саяхат» балалық шағы болмады дейтін адамның жазбаларына келеді. Ендеше ол қай балалық шақты айтып отыр деп еріксіз ойланасың. Шынында да бала ойламайтын нәрсе шығарманың екінші  бетінде-ақ алдыңыздан шығады. Бірақ ол бәрібір де баланың көзімен беріліп отыр. Сондықтан да үлкендердің қабылдауынан гөрі әсері бөлек.  Бұл жерде қандай оқиға болсын бала сезіміндегі бейкүнәлік алда жүреді де отырады.

Повестегі: «Ауылдың қасындағы қара жолдың шаңын аспанға көтеріп, қора-қора мал айдап өтеді. Аттылы-жаяу адамдар малмен бірге кетіп бара жатады. Кейі мойын­дарынан айқастырып тапанша, сумка асып алған. Айқай-шу, жылаған әйел-қыздар. Бұл – кәмпеске» деген жолдар осы екінші бетте тұр. Осыдан-ақ жазушының алдына тәтті балалықтан гөрі үлкен мақсат қойғанын сезінесің.

Шығарма 1960 жылы кітап болып шығып, 1965 жылы кино болып түсірілген. Ол кез елуінші жылдардың ортасы мен алпысыншы жылдардың ортасына дейінгі Хрущевтің жылымығының уақыты. Же­ке адамға табыну сыналып, саяси тұт­қындар босатылып, шығармашылық еркіндікке енді қол жеткен кез. Қазақ жазушыларының арасында сол еркіндікті пайдаланып қалғандар өте аз. Соның бірі Бердібек Соқпақбаев болғанын «Балалық шаққа саяхат» повесінен көреміз.

«Бай-құлақты жояды екен дейді. Байы бай, түсінікті. Жоя берсін. Ал құлақты неге жояды? Кесе ме сонда? Түсінбеймін» дегені баланың ғана аңқаулығы емес. Бұл Бердібек Соқпақбаев жазушылығына тән ирония. Мұны әдебиет теориясында «жіңішкелеп айтылатын жасырын мазақ» деп түсіндіреді. Кейбір жерде «нәзік» деп береді, «нәзік мазақ» бола ма? Жазушы мұндай тәсілді атақты «Өлгендер қайтып келмейді» романында молынан қолданады.

Сөйлемнің ішкі-сыртқы табиғи қалпын бұзбай жазады. Табиғат көріністерін ат үстіндегі адамдай шола суреттейді. «Жолдың екі жағасы биік шилер. Қияқтары желкілдеп қау болып көрінеді. Шидің арасы толы шырылдауық шегіртке. Төңіректі мың құбылтып әнге толтырады. Екі көзі маржанға ұқсаған, шекесінде екі тал қыл мүйізі бар». Басқасын қоя тұрып, осындағы «қыл мүйіз» деген кімнің ойына келіпті?

Жазушы бұл жағынан тілге шебер, сөзге ұста. Бірақ білгенінің бәрін тықпалай бермей, керек жерінде ғана қолданады. Мені әлі күнге дейін таңдандыратыны сол алпысыншы жылдардағы жазушылардың жазу мәдениетінің биіктігі. Даму заңдылығына салсақ, біз қазір олардан да асқан шебер болуымыз керек. Өкінішке қарай, қазіргі тілдік бояуларымыз олақ баланың қолындағы бояқтардай қағаз бетін аяусыз осқылайды.

Оның диалог құру шеберлігінен де үйренетін нәрсе көп. Кейіпкерлердің сөйлеу мәнерін сол қалпында беру де адам­ның өзіне құрметін арттырады. Кейіпкер одан ешкімнен кем емес өзінің болмысын көреді. Ол оны әдемі де әсерлі сезімге бөлейді. Осы арада Бердібек Соқ­пақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесі мен Мұқағали Мақатаевтың күн­делігіндегі ұқсас бір диалогты мысалға келтіргім келіп отыр.

Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесінен:

« – Әже, анау алыстағы будақ-будақ толқын немене?

Әжем оның сағым екенін айтады.

– Сағым деген немене? Түтін бе?

Әжем күледі. Сағымның түтін емес екенін түсіндірген болады.

– Қасына барып, қолмен ұстауға бола ма?

– Ақымақ неме, сағым ол жел секілді. Желді қолмен қалай ұстамақсың?».

Мұқағали Мақатаевтың күнделігінен:

  «Мен: «Бүркіт», – деп едім, Айбарым: «Атаңның басы, ол бүркіт емес», – деді».

Мұқағали Мақатаевтың күнделігінен екінші үзінді:

«Айбарға айтып ем, ол да дүрбіні алып қарады, қарады да, манағы Ақиықты тани кетті. Мәз болды. «Ойпырмай, бұлардың ұясы қай маңда болды екен?!» деп едім, әлгі түлей бала: «Қарағайда» дегені.  Айбарым жұлып алғандай:

– Атаңның басы, қыран ұясын қарағай­ға салмайды, биік құлама-құзға салады, – деді».

Повестегі де, күнделіктегі де диалогта ерекше бір еркіндік бар.

Кейіпкерлер бір-біріне риясыз көңіл­мен тіл қатады. Олардың іште кір жа­сыр­­май сөйлеуі бір-біріне ұқсайды. Дәстүр-салт бұзылған қазіргі кезде осылай сөйлеп көрші, не болар екен. Біреуі «Ақымақ неме», екіншісі «Атаңның басы» деп тұрса, арты жанжалға айналуы да мүмкін. Ал бұрын ол ойдың, сөздің, көңілдің тұнықтығын көрсететін болған.

Қазір адами қарым-қатынасымыздағы сол еркіндік жойылып барады.

Әдебиеттен ғана емес, күнделікті өмі­рімізден де шынайылық кетті. Бұл ұлттың тұтас дүниетанымы да өзгеріп барады деген сөз. Тіпті бүгінде ұлтымыздың басынан өткен қасіретті күндерді шығармаңа өзек етсең шамданатындар көбейіпті. «Со­ның не керегі бар?» деп қыжырай­ған­да, қасыңда жүрген адамды танымай қаласың.

Оған дәлелдің де көп керегі жоқ. Қуғын-сүргін, ашаршылық, репрессиялар туралы жиын өткізіп көріңізші. Соған шақырсаңыз, көбі: «Айтылып-айтылып болды емес пе?!» деп кежегесінен кейін тарта қалады. Бұл жағынан белсенділігіміз төмен екенін жасырып-жауып қажеті де жоқ. Ал Бердібек Соқпақбаев сол сойқан­дарды жазуға қалай амал тапты десеңізші.

«Балалық шаққа саяхат» атты бей­күнә тақырыптың аясында қолдан ұйымдас­тырылған ашаршылық туралы кеңес заманында-ақ осқитып жазды да тастады.

Осы күні «Ашаршылық қолдан ұйым­дастырылған жоқ» деген де пікір айтылып қалып жүрген сыңайлы. Солар басқаны емес, өткен алпысыншы жылдары жазылған «Балалық шаққа саяхатты» оқыса қайтеді. Ашаршылықтың қалай болғанын, не себепті болғанын жазушы баланың көзімен ғана беріп қоймаған. Әкесі Ыдырысты, шешесі  Әсбетті, нағашы атасы Сембайды, туған ағасы Сатылғанды, інісі Тұрдыбекті куә қылып отырып жазған.

Повесте балалық шақтың қызық-шы­жықтарымен бірге: «Конфискациялау кезінде шекарадан ауа қашқан байлардың қора-жайлары иесіз қалған. Соларды жамап-жасқап жөндеді де, солдаттарға мекенжай етті. Шекарашылардың көбі орыстар. Қазақша білмейді. Елге де, жерге де жұғымдары аз» деп жазады. Міне, сол солдаттар аш-арық ауыл қалмақтардың жылқысын барымталап әкеліп, сойып алғанда еттің бәрін сыпырып әкетеді.

Осыған да байланысты повестке «Мал – адамның бауыр еті» деген тарау қосылған. Сонда жазушы: «Қазақтың бар өмірі малмен байланысты. Мал – тамақ, мал – киім, мал – көлік, мал – отын (отқа мал тезегі жағылмай ма?), мал – баспана (киіз үйдің бар жамылғысы малдың жүнінен жасалмай ма?)» дейді. Яғни  қазақтың малын алды деген сөз, бәрін алды болып шығады. Мұны жазушы кәмпескенің зардабы тарихта да жазылмай тұрған кезде жазып отыр.

Содан кейінгі болған жайтты біз тәуел­сіздік алғаннан кейін ғана аттандап айта бастадық. Ал Бердібек Соқпақбаев сол 1960 жылы: «Жер-суға сыймай жататын малдан бұл кезде тамтық қалмаған. Қазекең мал бағудың ғасырлар бойғы азабынан «құтылған». Мал жоқ болған соң, енді әлгі аталғанның бәрі жоқ. Жеуге тамақ болмағаннан өткен аянышты не хал бар екен?» деп жазып кеткен.

Одан арғы: «Жоқшылық тек біздің өлкеде ғана болмаса керек. Ішкергі Алматы, Шелек төңірегінен жанбағыс іздеп, жек­жат-жұраттарын сағалап шұбырып ке­ліп жатқан жұрт. Түр-түстерінен кісі қо­рыққандай» деген сөйлемдерден аштық­тың суық лебі еседі. Повестің жазушы тоқтай алмай, публицистикалық тіл­мен термелетіп кететін жері осы ғана. Ал басқасының бәрі сол аштық пен жоқ­тықтың бір әулеттің басында қалай бол­ғаны туралы көркем нұсқада берілген.

 Оның бәрін жаның жүдеп, іші-бауырың езіліп, жігерің құм болып отырып оқисың. Аштық адамның рухын қалай жаныштайтыны әр парақ, әр тарау сайын алдыңнан шығады да отырады. Соның ішінде өзі жақсы көретін Майра деген қыздың үйіне шешесімен бірге айнаға айырбасқа ұн сұрап баратын жері жүрегіңді бір қозғап өтеді. Інісі аштықтан шырқырап жылай берген соң ауру шешесінің жұмсауымен сол үйден бір қасық сүт сұрап баратын жері екі қозғайды.

 Сөйтіп отырған жазушының тілі де удай. «Кез-келген қарапайым анкетада әке-шешең кім болған деген сұрақ тұрады. О, бұл сұрақ барлық сұрақтың ішіндегі ең маңыздысы. Болашақ өмір маршрутының сызылуына оның жасайтын ықпалы өте зор. Мінекей, әлгі сұрақ алдымнан шыға келген кезде менің көзім жайнап кеткендей болады. Жауапты құлшына жазамын, – әкем де, шешем де кедей болған! Жәй кедей емес, қу тақыр кедей!». Кейін шетелге кеткен кәдімгі ленинградтық диссидент жазушылардың қолтаңбасына ұқсайды.

Олардың Кеңес өкіметін қалай әжуала­ғанын жақсы білеміз. Қай бір жылы Эдуард Топольдің «Русская дива» атты романын оқып ішегім түйіліп қала жаздағаны бар. Бердібек Соқпақбаевтың олардан ерек­шелігі тағдырды көбірек жазады. Қандай жағдайды жазса да адам тағдыры алға шы­ғып тұрады. Әрі-беріден соң шын көр­кем шығарманың бірінші шарты да сол болуы керек. Әйтпесе «Кедей іздеген, кедейшілік өмірдің қандай болатынын көргісі келген адам біздің үйге келсін» деген сөйлемнің астарында да көп дүние жатыр. 

 Оның не астар екенін талдайын десең, Жұмабай атты кейіпкерінің Абайды қалай талдағаны есіңе түсіп, тартынып қаласың. Жазушы бұл жағынан әрі кіді, әрі қырсық болғанын ішің сезеді. Жұмабай мұғалім: «Ақындар өлеңді еріккеннен жазбайды, өзінің жасырын ойы мен идеясын жеткізу үшін жазады» дегенде ішің қылп ете қалады. «Сендер қысты жазып отыр дейсіңдер. Жоқ, қыс емес. «Ақ киімді, де­не­лі, ақ сақалды» деп буржуй мен байлар­ды айтып отыр», дейді Жұмабай-кейіпкер. Абайдың: «Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда, Алты қанат ақ орда үй шайқалды» дегенін де, «байдың долданып келіп, кедейдің үйін долданып сабауы» деп түсіндіреді.

 Жазушының рухы алдында өзімізді қор сезініп қалмас үшін ана астар, мына астар деген әңгімеден біз де бойымызды аулақ ұстадық. Бірақ пионер галстугін қалай таныстырғаны сияқты эпизодтар­ды айналып өте алмадық. Сананың қа­тып-семіп қалатыны сонша, адам бір шеңберден шыға алмай қалады. Ту көтері­ліп бара жатқанда ән айтып тұрып, ту әлденеге ілініп қалғанда не айтарларын білмей қалатын эпизод Қажығұмар Шабданұлында бар еді. Ондай жайт Бердібек Соқпақбаевта былай келтіріледі.

«Галстугімнің түйінінен шап беріп ұстай алды. Бұндайда не айту керек екенін жақсы білем:

– Әрқашан дайынмын! – дедім.

– Мынау не? – деп галстугімнің ұзын ұшын көрсетті.

– Партия.

Қысқарақ ұшын көрсетті.

– Мынау ше?

– Комсомол.

Галстуктің желкедегі үшкілін нұсқады.

– Мынау?

– Пионер.

Галстуктің түйінін көрсетті.

– Мынау не?

– Үшеуінің бірлігі».

«Біз осы санадан қанша ұзап кеттік?» деп пұшайман боласың жазған басың.

Бердібек Соқпақбаев сол кездің өзінде озық ойлы жазушы болыпты. Бәлкім «озық ойлы» дегенді, калька-аударма сияқты көрінсе де «өзгеше ойлы» деп алған да дұрыс шығар. Адамдарды басына тері қаптап мәңгүрт еткендей күй кештірген қоғамды бұлайша бетпе-бет келтіру екінің бірінің қолынан келе бермес те. Ең бастысы Бердібек Соқпақбаев сол қатыбас заманның өзінде қоғамға сөзін өткізе алыпты.

  Бердібек Соқпақбаевтың Өкембай есімді бір ұста кейіпкері бар. Өзі өнерлі адам, қолынан келмейтіні жоқ. Ұсталықпен қатар көсемдерді, партия мен мемлекет басшыларын мадақтап жанынан өлең шығаратын да таланты бар. Соны жазушы: «Егер тағдыр жоғары оқу орнының филология факультетін бітіруге жазса, ол баяғыда-ақ тәп-тәуір газет ақыны болып кететін адам» деп сипаттайды. Ол міндетті түрде мінбеге шығып сөйлейтін жиындарға әйелдер бөлімінің, оқу бөлімі­нің, денсаулық пен осовиахимның, құдай­сыздар ұйымының өкілдері келеді де жатады, кетеді де жатады. Сол адам ұстаханада балғасын тықылдатып отырып, өзінен өзі: «Шіркін, Мәскеуді бір көрсе!», деп қалады екен.

 Бердібек Соқпақбаевтың Қағазбай есімді неге де болса көнбіс тағы бір кейіп­кері бар. Әйелі Зәуре науқасшаң, ауыр еңбекке жарамайды. Әке-шешесі кәрі, төрт баласы әлі жас. Оған нағашы жұртына оқимын деп келген Бердібек қосылады. «Бұл – бір адам тоғыз ауызды асырайды деген сөз. Тоғызы да ересек, асқазандары сау адамдар. Тамақ түгілі, тас тастасаң қарш-қарш шайнап қылғып қоюға да­йын». Қағазбай қысы-жазы кез келген жұмысты істеп, соларды асыраумен күні өтеді. «Қағазбай тәрізді адамдар көп болса, жетімдік пен жесірлік білінбес еді», деп іші-бауырыңды солқ еткізеді жазушы.

Бердібек Соқпақбаевтың сол қиын заманда сыр беріп қоятын Күлімбала есімді және бір кейіпкері бар. Күйеуі іссапарға кеткенде, қайнысының көзінше біреумен жыртақтасып отырады. Бір кезде ана күйдіргі неме жеңгесінің бетіне су шашып жібереді де, қараңғы далаға тұра қашады. Жеңгесі өші кеткендей оны қуып береді. Сәлден соң қайтып келгенде: «Жеңгемнің шашы мен киімдері Бәзілді қуамын деп, одан бетер ұйпа-тұйпа болған. Арқасына шөп-шалам жабысып қалған», деп суреттейді жазушы.

Әдебиеттегі әдемі кейіпкерлер мен нәзік лиризмге үйреніп қалған оқырман осының бәрін жаңа дүниедей қабылдайды. Кейін ойлап қараса, осының бәрі заманның, қоғамның, адамның шындығы екен. Біз көп нәрсені жасырып-жабулаймыз деп, жалғандыққа тым-тым қатты бой ұрып кетіппіз. Енді әркім бұл шығармадан өзін, досын, туысын көріп шамырқанып та қалған сияқты. Жалған қоғам құрып, жалған өмір сүріп, жалған идея жасап та бір адамның өмірі өтіп кетеді екен. Бір адамның өмірі не, жарты әлемді билеген тұтас бір империя да адам табиғатымен үйлеспегендіктен бір ғасыр тұрып жоқ болып кетті емес пе?!

«Балалық шаққа саяхат» атты та­қы­­ры­­бы бейкүнә повесть әр оқыған сайын осындай ой мен мұңға шомдыра­ды. Осынша жүкті арқалап жүру жазушының өзіне де оңай болмаған болуы керек. Бәлкім дәурені өтіп бара жат­қан қоғам да артына рухы биік, тірі куә қалдырғысы келмеген шығар. Әйтеуір сол бір тоқсан бірінші жылдың таңында жазушы алма ағашына салбырап ілініп тұрды деседі. Ал мен оны сол жолы әдеби жыл қорытындысында балалар әдебиеті секциясына төрағалық жасап, бірақ ешкімді жақтырмай, әлдеқайда асығып отырған кезінде соңғы рет көрдім. Еске сала кетейік, біздің талдағанымыз «Балалық шаққа саяхаттағы» бас кейіпкер бейкүнә Бердібек!..

Оның «күнәлі» Бердібекке қатысы да жоқ шығар, кім білген?