Кеше Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясымен бірлесіп, «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру аясында «Ғылыми зерттеулердің тиімділігін құқықтық қамтамасыз етуді жетілдіру шаралары және олардың нәтижелерін еліміздің әлеуметтік-экономикалық жаңғырту үдерістеріне енгізу» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Шараға Парламент депутаттары, салалық министрліктер мен мекемелер, ғылыми орта және оқу орындарының өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел отырысының алдында қатысушылар ғылыми-техникалық көрмені тамашалады. Онда қатысушыларға еліміз ғылымының жетістіктері, ғалымдарымыздың жаңа технологиялық жобалары мен технологиялық шешімдері, сондай-ақ, өндірістік орталарға инновация енгізудің іс жүзіндегі нәтижелері көрсетілді.
Дөңгелек үстелді Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Ақан Бижанов ашып, жүргізіп отырды. Отырыста Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының президенті Нұртай Әбіқаев қатысушыларға арнап сөз сөйледі. Ол Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы аясында алға қойылған міндеттердің Қазақстан ғылымын дамытудағы маңызын айта келіп, венчурлық қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулер мен инновацияны қолдау тетіктерін жетілдірудің заңнамалық аспектілері және ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыру Президент Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауын іске асырудың Жалпыұлттық жоспарына енгізілгенін атап өтті.
Өзінің сөзінде жиналыс төрағасы А.Бижанов еліміздің ғылыми әлеуетін нығайту, ғылымға негізделген экономикаға көшу орнықты экономикалық дамуға және Қазақстанның әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың ауқымды мәселелерін шешуге ықпал ететінін атап өтті. Осыған байланысты сенатор Мемлекет басшысының Жолдауында ғылымды дамытуға, оның ішінде саланы қаржыландыруды ІЖӨ-нің қазіргі 0,28 пайызынан 3 пайызға дейін көтеру арқылы ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді.
Дөңгелек үстелде негізгі баяндаманы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов жасады. Ол Президент Жолдауындағы міндеттерден туындайтын министрліктің жұмыс жоспары туралы айтты. Министрлік жұмысы ғылым мен инновациялық дамуды үйлестіруге, мамандар әлеуетінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ғылым инфрақұрылымын жаңғыртуға және одан әрі дамытуға бағытталатыны аталды. А.Сәрінжіповтің айтуынша, бұл жоспар ғылымның экономика мен инновацияға іс жүзінде араласуын қамтамасыз ету мақсатында ғылымдағы реформаларды тереңдетуді көздейді. Ол үшін министрлік «Ғылым туралы» және ғылым саласындағы нормативтік-құқықтық қосымша актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды. Олар ғылыми қызмет нәтижелері айналымын ынталандыруда құқықтық реттеудің кемшіліктерін кешенді түрде жоюға және экономиканың нақты секторына енгізуге бағытталған, деді министр.
Ғылымды одан әрі дамытудың келешегі, онда өндіріс пен бизнестің ықпалдасуы, ғылыми қызметтің коммерциялануы, ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыру мәселелері басқа да қатысушылардың сөздерінде айтылды.
Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленіп, ол тиісті мемлекеттік органдардың алдағы жұмыстары үшін жіберілетін болды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».