Айтпақшы, оқырман назарына ұсынылып отырған кітапта КСРО тарихында Сталиннен Горбачевке дейінгі кезеңге сол заманның куәгері емес, сол уақытта билік басында болған саяси қайраткердің көзқарасымен салқынқанды баға берілген.
Аталған кітаптардың жарық көруіне демеушілік танытқан азаматтар Димаш атамыздың 1990 жылдардың бас кезінде «Өтті дәурен осылай» деген атпен жарияланған мемуарлық еңбегі оқырмандар ықыласына бөленгенін, оны атамыздың өзі көзі тірісінде қайта қарап, толықтырып, «Ақиқаттан аттауға болмайды» деп өзгерткенін еске алды.
Осы жиынға қатысқан Димекеңнің ұрпақтары кітапты жариялауға шешім қабылдаудың өзі қиынға түскенін айтады. Себебі атамыздың о дүниелік болғанына 28 жылдан асып барады. Осы уақыт ішінде бір буын, тәуелсіздік қалыптастырған буын ержетті. «Димекеңнің көзін көрген толқынның ықыласы бізге белгілі болса да кейінгі ұрпақ қандай ойда» деген сауал біз үшін маңызды еді. Содан жастар арасында Д.Қонаев туралы жазылған эссеге конкурс ұйымдастырдық. Нәтижесінде, 15-18 жас арасындағы жас буынның жүрек жарды сезімдері көңілімізді толқытты, ойға алған шешімді орындауға жетеледі», дейді Диар Қонаев.
Кезінде атамыздың өзі үлкен сенім артқан, кейіннен 1986 жылғы Желтоқсан пленумы кезінде қасынан табылған, заманымыздың заңғар қайраткері Олжас Сүлейменов Димекең өмірінің бізге белгісіз кезеңі туралы сыр шертті. Димекең билік басында болған 1960-1986 жыл қазақтың әдебиетінде, тарихындағы ең қолайлы жылдар болғанын еске алды: Тіпті бұл жылдардағы қазақ руханиятының мизам шуағы деп баға беруге болады екен. Себебі 1960 жылдардың арғы жағы – қуғын-сүргін, 1990 жылдардың бергі жағы – қоғамдық формацияның ауысқан кезі.
«1990 жылдардың бергі жағындағы жетістігіміз – университеттердің санының көбейгені. Бұл университеттер тым құрығында қол қоюға құқы бар аудан әкімдерінің орынбасарларын даярлау үшін ашылған университет екеніне енді көзім жетіп тұр. Біз қазір заманымыздың заңғар перзентін еске алып отырмыз. Әдемі естеліктер айтылып жатыр. Егер, мәдениетті, білімді жүйелендіргенде бұл жерде Қонаевтың көзін көрген достарынан бөлек жастар да толып отырар еді. Мен кітапхана қызметкерлерінен өзге ешкімді көріп тұрған жоқпын», деп сөзін бір түйіп өтті Олжас ақын.
Қалған әңгімені ақынның сөзімен сабақтасақ, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін мылтықтың, жазалау машинасының нысанасы – Димекеңе бұрылып қалған екен. Сол кезде Қазақстанда Олжас Сүлейменов бастаған аз ғана топ Мәскеудегі достарына шығып, Димаш Қонаевты сақтап қалу үшін басын бәйгеге тігіпті. Бір бұл топта мәскеулік зиялы қауым өкілдері де болған. «Алғашқы келісім – аты-жөнімізді ешкім білмесін деген пайымға тоқталды. 1986 мен 1988 жылдардағы жағдайды алды құз, арты жартас қыл көпірге теңеуге болатын еді. Егер, Қонаевқа бағытталған машинаның беті қайтпаса, бұл топты да не күтіп тұрғаны белгілі. Бірақ соған қарамастан жасырын әрекет жалғаса берді. Бір күні мәскеулік достарым келісімді бұзып, атымды атап тұр. «Мұның не?» десем, «енді бәрі артта қалды. Димекеңе ешкім тимейді. Алаңдамаңдар» деп тұр. Содан кейін Димекеңнің басына үйірілген қара бұлт сейілді. Содан кейін өзін Қонаевтың досымын деп таныстырған адамдар да көбейді» деп сөзін бір түйіп өтті.
Кеш барысында сөз алған қайраткердің көз көргендері Қазақстан тарихында Қонаев басқарған кезеңдер жіті зерттелу қажеттігін тілге тиек етті: Тек қана 1960-1985 арасында Қазақстанда 40 қала салынды, өндіріс ошақтары бой көтерді. ІЖӨ 9 пайызға жетті. Қазір бұл көрсеткішті әлем елдері арасында ҚХР ғана бағындыра алыпты.
Өз кезегінде сөз алған Серік Әбдірахманов Қонаев дәуірі – тәуелсіздікке жол ашқанын еске салып өтті. 1960-80 жылдары сайдың тасындай іріктеліп шыққан қазақ жастары, барлық салада өзін өзі танытты. Қазақ руханиятының алтын қорына айналған кесек шығармалар дүниеге келді. Олар күні бүгінге дейін құндылығын жоғалтқан жоқ.
«Димаш ағамыздың атындағы қордың аясын кеңітетін кез келді. Оны Академия деңгейіне көтерсек, бағытын әртараптандырсақ, 1960 жылдардың тарихын зерделеуге мүмкіндік ашылар еді. Бұл мәселе, енді сіздерге, ағайынды Қонаевтарға аманат. Біз сіздерге қолдау білдіруге әрқашан дайынбыз», деп сөзін түйіндеді С.Әбдірахманов.
Айтпақшы, осы жиында Д.Қонаев жайлы деректі-көркем фильм түсіріліп жатқаны белгілі болды. Оның таныстырылымы 2022 жылдың басында Д.Қонаевтың 110 жылдығы құрметіне көрсетіледі.