Теннис • 10 Қараша, 2021

Керберді ұтуға әлеуетіміз жете ме?

98 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Күні кеше Чехияның астанасы – Прагада теннистен әйелдер арасындағы Билли Джин Кинг кубогының финалдық сайысы аяқталды. Ақтық сында Ресей мен Швейцария құрамалары күш сынасып, бұл бәсеке 2:0 есебімен алғашқылардың пайдасынан шешілді. Шешуші тұста Дарья Касаткина Джил Тайхманды тізе бүктірсе, Людмила Самсонова Белинда Бенчичтен басым түсті. Ал келесі жылы жерлестерімізге осы мәртебелі жарыста өнер көрсетуге тамаша мүмкіндік туып отыр.

Керберді ұтуға әлеуетіміз жете ме?

Әр жыл сайын әйелдер арасында үздіксіз өтіп тұратын дәс­түрлі турнир бұған дейін Фе­дерация кубогы деп аталып келді. Былтырдан бері ол Билли Джин Кинг кубогы деген атауға ие болды. Бұл есім жанкүйерлерге жақсы таныс. Америкалық теннисші өткен ғасырдың 60-шы және 70-ші жылдары дүбірлі додаларда дара талантымен оқшауланып, көптеген толағай табыстарға қол жеткізді. Кинг «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерде 36 мәрте топ жарды. Тарқатып айтсақ, 12 рет жекелеген бәсекенің жеңімпазы атанып, 16 рет жұптық сайыста дара шықты. Тағы бір мәрте миксте бас жүлдені олжалады. WTA турнирлерін 67 рет ұтып, әлемнің бірінші ракеткасы атанған Билли өз дәуірінің дара тұлғаларының бірі болды.

Аталған додада АҚШ құра­масы ең көп олжаға кенелді. Аме­рикалықтар 18 жарыста алдарына жан салмады. Чехия 11 мәрте шашасына шаң жұқтырмаса, Аус­тралияның асығы 7 рет алшысынан түсті. Сондай-ақ Испания – 5, Италия мен Ресей – 4, Франция – 3, Германия – 2, Бельгия, Словакия және ОАР бір-бір реттен теңдессіз деп танылды.

Жекелеген ойыншылар арасында Крис Эверттің шоқтығы биік. Әйгілі америкалық тен­нисші өз командасымен бір­ге кубоктың сегіз мәрте ие­гері атанды. Билли Джин Кинг пен Розмари Касальс АҚШ құ­рамасының ең биік белестерден көрінуіне жеті рет орасан зор үлес қосты. Петра Квитова мен Бар­бора Стрыцова сынды тен­нисшілер Чехияны алты турнирде өрге сүйреді. Испаниялық Кончита Мартинес пен Аранча Санчес-Викарио, чехиялық Лу­ция Градецкая мен Луция Ша­фаржова бес мәрте дәл сондай құрметке бөленді. Міне, атал­ған жарыста ең табысты өнер көрсеткен ойыншылар осылар.

Билли Джин Кинг кубогы финалына жолдама алу үшін Қа­зақстанның теннисшілері Гер­маниямен ойнайды. Бұл бәсеке келесі жылдың 15-16 сәуірі күн­дері Нұр-Сұлтанда өтеді. Егер жер­­лестеріміз жеңіске жетсе, онда өз тарихымызда тұңғыш рет әлем­нің ең үздік командаларымен күш сы­насу мүмкіндігіне ие боламыз. Ал сол шешуші тұста бізбен бәсе­ке­лесетін команда жайында не білеміз?

Германия құрамасы аталған жарыстың тұсауы кесілген кезден, яғни 1963 жылдан бері үздіксіз өнер көрсетіп келеді. Сол 51 жылдың ішінде олар 44 рет Әлемдік топта ойнады. Бар­лығы 141 кездесу өткізіп, 91 рет жеңіске жетті. Құрамында Штеффи Граф пен Клаудиа Коде-Кильш сынды мықты ой­ын­­шылары бар немістер 1987 жылы бас жүлдені олжаласа, сол көр­сеткішін 1992 жылы тағы қайталады. Ол кезде команда намысын Штеффи Графтан бөлек, Анке Хубер мен Барбара Риттнер қорғаған еді. Шешуші тұста олар алғашында АҚШ, одан кейін Испания құрамаларын қапы қалдырды. Ал 1966, 1970, 1982, 1983 және 2014 жылдары неміс қыздары ақтық сайыста ұтылды.

Бұл күндері де Германия құрамасы жер-жаһандағы ең мықты командалардың санатында. Әлемдік рейтингте олар 7-орынды иеленуде. Немістердің бүгінгі таңдағы ең үздік ойыншысы 33 жастағы Ан­желика Кербер екені даусыз. Кезінде АҚШ пен Аустралияның ашық бірін­шіліктерін ұтып, Уимбл­донда топ жарған ол осыдан бес жыл бұрын ғана әлемдік рейтингтің көш басында тұрды. Қазіргі кезде Кербер WTA тізі­мінде 16-орынды иеленуде. Әлем­дік топқа жолдама алу үшін біз­дің қыздарға ең бірінші кезекте осы теннисшіні тұсаулау керек.

Германияның екінші ракеткасы 34 жастағы Андреа Пет­ковичтің ең жақсы көрсет­кіші – Ролан Гарростың жартылай финалына дейін жетіп, WTA турнирлерінде жеті рет бас жүлдені олжалауы. Тасы өрге домалап тұрған кезінде Петкович «ТОП-10» теннисшінің қатарына енсе, бүгінгі таңда ол 75-орынды еншілеуде. Сонымен қоса, Лаура Зигемунд, Джули Нимайер және Анна-Лена Фридзамды да атап өтуге болады. Есімдері аталған неміс қыздарының барлығы да «ТОП-150» ойыншының санатында.

Қазақстан құрама коман­дасының мүшелері арасында Елена Рыбакинаның қарқыны айтарлықтай. Қазіргі кезде жерлесіміз әлемнің 14-ракеткасы атанып отыр. Елена Путинцева 42-орынға жайғасса, Зарина Диас 97-сатыға тұрақтады. Нұр-Сұлтанда өтетін жарыста осы үшеуіне ерекше сенім артылады. Жастар буыны арасынан Анна Данилинаның аяқ алысы жаман емес. Әзірге ол WTA рейтингінде 340-орында тұрғанымен, бірте-бірте шеберлігі шыңдалып келе жатыр деуге негіз бар.