Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жарылыс бүгін, 10 қарашада түнгі сағат 1:24-те болған.
«Атырау қаласының Балауса шағын ауданындағы №24 көшеде орналасқан жеке тұрғын үйде табиғи газбен жылыту қазандығында газ-ауа қоспасының жарылысы болды. Жарылыстың салдарынан жалпы көлемі 120 шаршы метр болатын тұрғын үй отқа оранды. Тұрғын үйдің төбе жабындысы мен бөлмелері толықтай өртеніп кетті. Өрт сағат 2:15-те оқшауланып, сағат 2:40-та өшірілді», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Жалынның салдарынан 19 жастағы екі жігі пен 22 жастағы бойжеткен зардап шегіп, облыстық ауруханаға жатқызылды.
Өртті сөндіруге департаменттің құтқару қызметінен 16 қызметкер мен 6 техника, жедел жәрдем бригадасы 9 адам мен 3 техника, облыстық полиция департаментінен 8 адам және 3 техника жұмылдырылды.