Әлем • 10 Қараша, 2021

Мирзиеев өзбектердің неден жиі қайтыс болатынын айтты

2090 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

9 қарашада Өзбекстан Президентінің төрағалығымен жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу және емдеу жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша бейнеконференция өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мирзиеев өзбектердің неден жиі қайтыс болатынын айтты

Жиын барысында министрлер кабинеті мен Денсаулық сақтау министрлігінің аталған салалардағы қызметіндегі кемшіліктер сынға алынды. 

«Халқымыздың денсаулығы – біздің байлығымыз, оның құнын ештеңемен өлшеуге болмайды. Сондықтан медицинаны халық талабына сай жүйеге айналдыру жөнінде алдымызға ауқымды міндеттер қойдық. Осы мақсатта біз алғашқы медициналық-санитарлық көмекке бөлінетін қаражатты екі есеге арттырып, жиі кездесетін аурулардың алдын алу бойынша жеке бағдарлама қабылдаймыз», деді Өзбекстан Президенті. 

Сондай-ақ кардиология саласындағы алдағы міндеттер қарастырылды. Талдау нәтижесіне сүйенсек, Өзбекстанның 30-70 жас аралығындағы тұрғындардың өлімінің 53 пайызы жүрек-қан тамырлары ауруларымен байланысты. Соңғы бес жылда олардың саны 20 пайызға өсті, тіпті жастар арасында да. Жүрек-қан тамырлары ауруларының диагнозы елдегі шамамен 4 миллион адамға қойылған. Бұл жалпы халықтың 12 пайызын құрайды. 

Сондықтан жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу, ерте анықтау және тиімді емдеудің жаңа жүйесін енгізу жоспарлануда. Мәселен, келер жылдан бастап отбасылық емханалар мен медициналық бригадалар арқылы 40 жастан асқан бүкіл халық жылына кемінде бір рет мақсатты скринингтен өтеді, аудандық зертханалар коагулометрлермен және қажетті реагенттермен қамтамасыз етіледі. Жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан науқастардың бірыңғай электронды тізілімін енгізу, дәрі-дәрмекті мұқтаж жандарға тегін тарату жоспарлануда.