Әлем • 10 Қараша, 2021

Түркия халқы Ататүрікті бір минут үнсіздікпен еске алды

236 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркия тұрғындары республиканың негізін қалаушы, танымал мемлекет қайраткері, саясаткер және реформа құрушы Мұстафа Кемал Ататүрікті үнсіздік минутымен еске алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркия халқы Ататүрікті бір минут үнсіздікпен еске алды

Бұл туралы Анадолы агенттігі мәлімдеді.

Бүкіл ел аумағында сәрсенбі жергілікті уақытпен сағат 09:05-те үнсіздіктің жарияланғанын білдіретін дабыл қағылды. 83 жыл бұрын дәл осы минутта Ыстанбұлдағы «Долмабахче» сарайында Түркия Республикасының негізін қалаушы және тұңғыш президенті қайтыс болған.

Елде көлік қозғалысы бір минутқа толық тоқтатылып, көптеген жүргізуші мен жолаушылар көліктен шығып, мемлекеттік қайраткерге құрмет көрсетті. Дабыл ойнатылып біткен соң бүкіл елде ресми рәсімдер басталды. Олардың бастысы Анкарада мемлекеттің бірінші тұлғаларының қатысуымен өтіп жатыр.

Рәсімдердің бірі Түркия парламентінде өтеді, онда Ататүрік мүсініне гүл шоқтары қойылады.

«Долмабахче» сарайының жанында Ыстанбұл тұрғындары мен қонақтары кезекте. Олардың барлығы Түрік республикасының негізін қалаған қайраткердің соңғы күндерін өткізген бөлмеге кіріп шығуға ниетті. Түркияның бірінші президенті 1938 жылдың 10 қарашасында 57 жасында дүние салды.