Қазақстан • 10 Қараша, 2021

ЕҰУ студенттеріне «Ұлттық Рухани жаңғыру» бағдарламасы таныстырылды

309 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктерінің өкілдері Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттерімен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

ЕҰУ студенттеріне «Ұлттық Рухани жаңғыру» бағдарламасы таныстырылды

Кездесуге университеттің ректоры, ҰҒМ академигі Ерлан Сыдықов қатысты. Ол ұлттық бағдарламаның білім, мәдениет, жастар саясаты салаларындағы ерекше маңызды рөлін атап өтті.

ҚР АҚДМ Рухани жаңғыру бағдарламасын үйлестіру департаментінің директоры У.Тналиев «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының негізгі бағыттары және міндеттерімен таныстырды.

Білім және ғылым бірінші вице-министрі Ш.Каринова мемлекеттік тілді дамыту және білім беру саласындағы өзекті мәселелерді шешу жөніндегі іс-шаралар туралы баяндады.

р

ҚР МСМ Мәдениет комитетінің төрағасы А.Әбдуәлиев Ұлттық жобаның «Ел рухы» бағыты бойынша қарастырылған іс-шараларға егжей-тегжейлі тоқталды. 

Өз кезегінде, ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Ш.Байманов «Тәуелсіздік ұрпақтары» бағытында қарастырылған жастардың негізгі сұраныстарын, соның ішінде тұрғын үй, жұмыспен қамту, білім беру, жастарды қоғамдық пайдалы қызметке тарту, NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру мәселелерін шешуге бағытталған шаралар жөнін тарқатты.

Айта кетсек, Ұлттық жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленді және қазақстандық қоғамның мәдениет, ағарту және ұлттық рух деңгейін арттыруға бағытталған.

Сондай-ақ, Ұлттық жоба Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламалық мақаласында айтылған «Рухани жаңғыру» құндылықтарын ілгерілетудің келесі кезеңі болып табылады.