Әлем • 10 Қараша, 2021

Ұлттық павильонға келушілер көп

333 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Дубайдағы ЭКСПО-2020 көрмесі ашылғалы да бір айдан аса уақыт өтті. Осы аралықта Қазақстанның ұлттық павильонын 200 мыңнан астам адам тамашалаған. Осылайша, біздің павильон аз ғана уақыттың ішінде көрмедегі танымал орындардың біріне айналып үлгерді. Жалпы, осы сәтке дейін халықаралық көрмені тамашалауға 2 млн 350 мың турист келген.

Ұлттық павильонға келушілер көп

Мәселен, қазан айында ұлттық павильонды Премьер-Министр Асқар Мамин арнайы келіп аралады. Бұдан бөлек, Халықаралық көрмелер бюро­сының бас хатшысы Димитрий Керкентзес өз бағасын берді. Сондай-ақ Біріккен Араб Әмір­лік­терінің жоғары лауазымды министрлері, көрмеге қатысу­шы елдердің елшілері мен бас комиссарлары да ұлттық павильонға қонақ болып қайтты.

Бұған дейін жазғанымыздай, Қазақстан павильоны 2021 жылдың 1 қазанында ресми түрде ашылған болатын. Дәл сол күні павильонды Дубайдың билеу­шісі, Біріккен Араб Әмір­лік­терінің вице-президенті Мұхам­­мед ибн Рашид Әл-Мактум мен Дубайдың мұрагер хан­задасы Хамдан ибн Мұхам­мед Әл-Мактум, ЭКСПО-2020 көрмесінің бас директоры Рим әл-Хашими алғашқылардың бірі болып аралап, жұмысына сәттілік тіледі. Сол күні кешке павильонға Татарстан Республи­касының президенті Рустам Миннихановтың да арнайы келгенін атап өткен жөн.

QazExpoCongress ұлттық компаниясының хабарлауынша, қазан айында павильонда мазмұнды іскерлік әрі мәдени бағдарламалар ұсынылған. Атап айтқанда, 3 қазанда ЭКСПО-ның климат және биоалуандық тақырыптық апталығы аясында Kazakhstan Green Day іскерлік іс-шаралар сериясы өтті. Оны Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар ұйымы ұйымдастырған. Бұған қоса «Қазстандарт» кәсіпорны араб серіктестерімен бірқатар іскерлік кездесу өткізген.

«11-14 қазан аралығында шетелдік және қазақстандық суретшілердің қатысуымен Sal-Seri галереясының «Өркендеу сызықтары» көрмесінің вернисажы өтті. Онда бей­нелеу өнеріндегі жаңа бағыттар ұсы­нылды.

Сонымен қатар 24-28 қазанда павильонда Қазақстанның туризм күндері ұйымдас­тырылды. Оның аясында панельдік сессиялар, іскерлік кездесулер, мәдени іс-шаралар өтті. Атап айтқанда, «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі өнер көрсетіп, MarinoMadi брендінің фэшн көрсетілімі көпші­лік назарына ұсынылды. 1 қарашада Біріккен Араб Әмірліктерінің іскер қауымы Nur-Sultan Investment and Tourism Forum форумына жиналды», деп хабарлады QazExpoCongress.

Павильон медиа тұлғалардың да қызығу­шылығын тудырып отыр. Миллиондаған жа­зылу­шысы бар танымал блогерлер павильон­нан алған әсерін әлеуметтік желі арқылы бөліскен. Осы орайда ұлттық павильонның ішінен ашылған Qazaq Gourmet мейрамханасы да келушілерді таңдаулы әрі таңсық ұлттық тағамдар мәзірімен таңғалдыруда.

Павильонның ішкі мазмұны еліміздің туристік және инвестициялық әлеуетін паш етеді. Сондай-ақ ол халықаралық көрменің «Ақыл-ойды біріктіре отырып, болашақты қалып­тастыру» тақырыбымен толық үндесіп жатыр. Келушілер табиғатпен, тарихпен, мәде­ниет­пен, дәстүрмен тыныстап, ел дамуының әлеуе­тті жобаларымен танысады. Әсіресе, көп­шілік арасында «Роботтың қолы» аталып кеткен финалдық шоу талайдың таңдайын қақтыру­да. Мұндағы адам мен жасанды интеллек­тің өзара әрекеті жұртшылықты бірден баурап алады.

Қазақстанның ЕХРО-2020 көрмесіне қатысудағы негізгі мақсаттың бірі – ел экономикасына тікелей және жанама инвестициялар тарту. Бұл ретте ұлттық павильонда 30-ға жуық іскерлік іс-шара өткізу жоспарланған.

Еске сала кетейік, дүниежүзілік EXPO-2020 көрмесі 2021 жылдың 1 қазаны мен 2022 жылдың 31 наурызы аралығында өтеді. Негізі бұл шара былтыр ұйымдастырылуы керек еді. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты оның мерзімі шегерілді. Көр­меге әлемнің 192 елі қатысуда. Оны шамамен 25 млн адам тамашалайды деп күтілуде.