– Бұл фотоқұжаттың тұпнұсқасы Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық музей қорында сақтаулы тұр, – дейді Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалды музейінің басшысы Марғұлан Оспанов. Осы орайда ағартушының өмір тарихына қатысты құжаттық деректерді зерттеумен айналысқан адамның бірі – ұзақ жыл Орталық музейде мұрағаттанушы қызметін атқарған Марат Ескендір-Әбдешов. Бұл кісі 2008 жылы Алматыда жарық көрген «Қазақ портреттерінің тарихы» кітабында: «Ыбырай Орынборда қызметте жүргенде Шолақ бидің ауылына қымыз ішуге келіп жүріп, Айғаныспен көңіл жарастырып, кейін жар етіп алады. Екі жас 1868 жылы 1 маусым күні Николаев (Қостанай) уезінің Арақарағай болысы дәргейінде неке қидырғаны жайында берілген куәлік сақталған. 1880 жылы 15 қазанда тұңғыш баласы Абдолла, 1887 жылы 15 ақпанда екінші баласы Әбдірахман, 1889 жылы 5 ақпанда қызы Шарипа туған» деп жазады. Осыған ұқсас мәліметті 2000 жылы жарық көрген «Ыбырай Алтынсариннің отбасы және туысқандары» атты әдістемеліктен де көреміз. Бірақ жоғарыда айтылған деректерге қатысты ыбырайтанушы Серікбай Оспанов көкейге қонымды қосымша балама құжаттар ұсынып жүр. Десек те бұл тұжырымдар әлі ғылыми айналымға түсе қойған жоқ. Алдағы уақытта ыбырайтанудағы қиғаштықтар бір ізге түсер деген үміттеміз.
Ал өздеріңіз көріп отырған сурет жайлы филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадық ағартушы атамыздың төл шәкірті Ғабдолғали Балғынбаевтың естелігіне жүгіне отырып былай дейді: әкенің қасында тұрған бала Алтынсариндердің тұңғышы – Абдолла, анасының қолындағы бөбек – екінші ұлы Әбдірахман, ал бойжеткен қыз – бала күтуші деп санаймыз. Бұл отбасының үшінші баласы Шарипа аталған суретте бейнеленбеген: ол әлі дүниеге келмеген немесе әлдебір себептермен (құндақтаулы немесе бесікте жатуы мүмкін) фотоға тартылмаған болуы мүмкін десе, Ыбырай Алтынсарин мемориалды музейінің мұрағат қорындағы анықтамалықта сол жақ шетте тұрған бойжеткенді ағартушының інісі Оспанның қызы Зылиха депті.
Ал бұл фотодағы адамдарға жеке-жеке тоқталар болсақ, ұстаздың жары Айғаныс апамыз жайлы зерттеуші С.Оспанов биыл жарық көрген «Ыбырай жолы» атты монографиясында: «Айғаныс ұзын бойлы, қызыл шырайлы, сәл сопақ бетті, татар тектес, қой көзді, аққұба, көп сөйлемейтін, мейлінше қарапайым, сауаты жоқ кісі еді. Үйдің бар шаруасын өзі атқаратын» деп Алтынсариннің шәкірті Ғ.Балғынбаевтың дерегін келтірсе, филолог ғалым Алмасбек Ахметұлы: «Ы.Алтынсариннің екінші баласы Әбдірахман Троицк қаласындағы гимназияда оқып жүріп, 15 жасында құрт ауруына шалдығып, қайтыс болған. Қызы Шарипа 6 жасында дүние салған. Ұлдарының үлкені Абдолла жиі ауыратын болғандықтан, тек үй шаруашылығымен ғана айналысатын. Ол 52 жасқа дейін өмір сүрді. 1916 жылы Абдолладан жалғыз Нағима есімді қыз, яғни Ыбырайдың тікелей ұрпағы дүниеге келді. Ол 1998 жылы наурыздың 30 жұлдызында 82 жасқа келгенде дүниеден өтті» дейді.
Сондай-ақ зерттеушілер бұл фото 1886 немесе 1887 жылы Ыбекеңнің Қостанай іргесіндегі қыстау үйінде жаз мезгілінде түсірілген болуы мүмкін десе, мұрағаттанушы Марат Ескендірұлы Ыбекең қайтыс болғанда артында қалған мал-дүниесін фотодағы әйелі мен балаларына мұрагерлік етіп қалдырғаны жайында құжатты көргені жайлы жазады. Ол тізімде: 157 бас жылқы, 17 бас ірі қара, 38 түйе, 250 қой және фотода көрініп тұрған бір қабатты ағаш үй (қоражайымен), сонымен қатар Арақарағай болысының 2-ауылындағы Жиенбай көлінің жағасындағы 9 верст (1 верст – 1067 метр) аумақты алып жатқан жекеменшік жері болғаны жайлы мәліметті келтіреді.