Алматыдағы Мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы музейде жақында ашылған «Ақшамда» атты көрменің авторы, белгілі өнер зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Байтұрсын Өмірбековтің туындыларын тамашалап жүріп, алуан түрлі бояу тілімен композициялық шешімін тапқан картиналардағы уақыт ырғағы мен бояу сыры таныммен бойлайтын тұңғиыққа жетелей жөнелді.
Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет факультетінен бастап, И.Репин атындағы кескіндеме, мүсін және архитектура институтында, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде, Мәскеу жоғары көркем-өнеркәсіп университетінде үздіксіз білімін жетілдірген Байтұрсын Есжанұлы өзі де ұзақ жылдар Ә.Қастеев атындағы музейдің директоры болып, қазақтың бейнелеу, қолданбалы-графикалық өнерінің өркендеуі үшін тынымсыз еңбек етті. Суретшінің шығармашылығын қадағалап келе жатқан өнертанушы әріптесі Камилла Ли: «Осындай өмір бойғы жауапты да қарқынды жұмыс барысында жас кезде таңдаған шығармашылық мамандығы бойынша өнер тұңғиығына терең бойлап, уақытты тек түр-түстің тылсым әсерлерін ашуға арнап, адам болмысы мен ойшыл сезімді оятуға ықпал еткен, жол сілтеген тұлғалардың образдарын көркем полотноларға айналдыруға уақыт шіркін жете бермеген. Тек соңғы кезде соның бәрінен бас тартып, өзімен өзі болуға мүмкіндік алғандағы Б.Өмірбековтің көптен армандаған жеке көрмесіне қол жеткізіп, ол болса мерейтойлық – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына сәйкес келіп отыр», деп жазады Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен шығарылған жаңа альбом-жинақтың алғысөзінде.
«Ақшамда». Автор көрмесін неге «Ақшамда» деп атады екен? Күн еңкейген екінті уақытынан кейін тылсым түн алдында жұлдыздары жамырап, бір жарық, бір қараңғы сәулесін себезгілеп жанға жайлы мамыражай мақпал тыныштығын әкелетін осы ақшам мезгілі емес пе еді? Тіршіліктің қарбаласы мен жанталасы аяқталып, екі өкпені қолға алып, әлдеқайда асығуды қажет етпейтін жан сейілтер жақсы шақ, білуімізде, осы ақшам. Ұлттық бейнелеу өнерінің беделді тұлғасы саналатын Байтұрсын Өмірбековтің қарындаштан бастап майлы бояуға дейінгі түрлі сурет құралдарын пайдалана отырып кенепке салған картиналары тұтас ғұмырына бүгінгі парасат биігінен көз жіберіп, кемел кезеңіндегі зиялы адамның өзінен өзі есеп алған ақшамдағы ойлы сәтіне көбірек ұқсайды.
Бүкіл әлемді Мона Лизаның миығындағы жұмсақ жымиысқа табындырып қойған Леонардо да Винчи, бір ғана теңіз тақырыбына алты мыңнан астам туынды арнаған Айвазовский, орман мен тоғайдың ғана суретімен танылып «орыс орманының патшасы» атанған Иван Шишкиндер сияқты әр қылқалам шеберінің шығармашылығында көш бастайтын тақырып, басымдық берілетін бояудың бір түрі болады. Байтұрсын Есжанұлы абстракционист те, имрессионист те емес, сюрреалист те емес, атшаптырым залға ілінген картиналарына көз жүгіртіп өткенде, әр жанрда жазылған, түрлі тақырыпты толғаған туындыларының ішінде пейзаж бен портрет ерекше дараланады.
Күнделікті көріп жүрген қарапайым дүниенің өзін құдіретті өнер деңгейіне көтеретін суретші таланты. Егер суретші талантты болса, жүздеген жылдар бұрын салынып жауыр болып, ақжемге айналған жаттанды тақырыптың өзіне жаңа мазмұн беріп, өзегінен бүгінгі күннің тынысын аңқытып қояды. Оның «Әулиеағаш», «Қу өзені», «Қу өзенінің алқабы», «Қу өзенінің аңғары», «Карантин кезінде» секілді картиналарында туған жердің жұдырықтай ғана бөлшегі қаз-қалпында сурет бетіне қонақтай қалғандай табиғаттың бір сәтке мүлгіген мамыражай кейпі әсерлі көрініс тапқан. Табиғаттың адамға ерекше әсер беретін қасиетін жаратушының ғажап тартуы етіп бейнелейді. Суретшінің қылқаламында табиғат пен адам – егіз. Табиғат та адам сияқты бірде тұнжырап қалады, бірде аспан алтын арай сәулеге шомылып, қабағы жазылып жадырайды, кейде тұман басып, қазбауыр қара бұлттың арасынан болар-болмас күн сығалап, кейде ол ағыл-тегіл жылайды. Табиғаттың көктемі мен жазы, күзі мен қысы болса, осы төрт мезгіл адамның балалық шағынан бастап қарттықтың қара шекпенін киіп, бақиға аттанарға дейінгі өмірін сипаттайтын дәл балама. Байтұрсын Есжанұлы сан алуан бояулар гаммасы арқылы табиғаттың осы ерекшелігін тап басып көрсетеді.
Б.Өмірбековтің көрмесін көпшілікпен бірге тамашалаған өнердегі қанаттас әріптестерінің жүрекжарды ой-пікірі қылқалам шеберінің шығармашылығы мен адами болмыс-келбетіне берілген айқын анықтамасы іспетті.
Алпысбай ҚАЗЫҒҰЛОВ,
суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Байтұрсын Өмірбековтің қазақ сурет өнеріне қосқан үлесі орасан зор. Суретшілігі өз алдына, ол кісінің өнертану саласындағы еңбегінің өзі бір төбе. Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінде, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында ұстаздық қызмет атқарып жүріп қазақтың өте үлкен талантты суретшілер шоғырын тәрбиелеп шығарды. Мықты шәкірттерінің арасында есімі дүние жүзіне танылған біртуар суретші Ерболат Төлепбаев бар. Ол кісінің әлемдік деңгейдегі бір суретшіні тәрбиелеп шығарғанының өзі – қазақ сурет өнерін бір сатыға көтергені деген сөз. Ұстаздың тәлімін алған жүздеген шәкірттерінің арасында біз де бармыз. Ең алғашқы кіріспе дәрісін әлі еш ұмыта алмаймын. Қолына сурет салатын қалам ұстай кіріп, бейнелеу өнерінің әліпбиін ол кісі былай үйреткен еді: «Балалар, сендер мұны ауылда шөткі деп айтасыңдар, бүгіннен бастап мұның аты кисточка болады». Институттағы алғашқы ұстазымыз Байтұрсын ағаның содан кейінгі әр дәрісі біз үшін өмірлік азық, әр сөзі өмірлік ұстаным қалыптастыруға негіз болды. Кейін талай рет шетелдерге сурет көрмелеріне бірге бардық. Ұстазымыздың білмейтіні жоқ, арғы-бергі сурет тарихы туралы әңгімелегенде еріксіз таңырқатады, кез келген сауалға жан-жақты жауабы бар терең таным иесі. Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы болып тұрғанында қылқалам шеберлерінен қамқорлығын аяған жоқ, аға тұтып алдына барғанның меселін қайтармады, қолынан келгенше көмегі тиді. «Ақшамда» көрмесін тұтас аралап шықтым, көп жұмысы көңілімді тербеді. Әсіресе, Ә.Қастеевтің фонында бейнеленген М.Тынышбаевтың портреті ерекше ұнады. Өзінің достарын, замандастарын, жұбайы мен балаларын салған ертеректегі графикалық жұмыстары да зер салып, үңіліп қарауды қажет етеді.
Тоққожа ҚОЖАҒҰЛОВ,
педагог-профессор:
– Байтұрсын аға – жарығы мол адам. Жан-жақты терең білімімен, адамгершілігімен, іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетінің биіктігімен, үлкенмен де, кішімен де адал, әділ қарым-қатынас құра білуімен айналасындағы адамдардың жүрегін бірден жаулап алады. Сол себепті ол кісіні нағыз ұстаз десек, жарасар. Өнертану ғылымымен айналысқаннан бастап әріптестерінің, шәкірттерінің еңбектеріне терең талдау жасап, дәл бағасын беріп, кең танылуына ағалық ақ пейіл қамқорлығын аямады. Ә.Қастеев музейінің директоры болып жүргенінде суретшілердің жұмысын саралап, оны музейге қабылдау, көрмелерін ұйымдастырып, олардың туындыларын шетелге таныстыру сияқты суретші үшін аса маңызды саналатын үлкен еңбекті үндемей жүріп-ақ атқара беретін. Музейде қызметте жүргенде ескірген, бүлінген суреттерді реставрациялау жұмысын алғаш қолға алған да Байтұрсын аға болатын. Музейдегі директорлық қызметінен кейін Қазақстан Суретшілер одағының басқарма төрағасы болып қызмет атқарғанда да жанашыр қамқор пейілінен жаңылған жоқ. «Самұрық-Қазына» қорын демеушілікке тарта отырып, кескіндеме, графика, қолданбалы, сәндік өнер, мүсін саласында еңбектеніп жүрген шеберлердің бес томдық антологиясын дайындап шығарды. Ресеймен бірлесе отырып Мәскеу баспасынан «Қазақстан бейнелеу өнері» деген атаумен әр суретшінің шығармашылығынан таңдаулы бір туындысын топтастыра отырып, үлкен кітап әзірледі. Бұл – ауыз толтырып айтуға тұратын академиялық айтулы еңбек.
Көрмеде А.Қазығұлов та ерекше атап өткен Мұхаметжан Тынышбаев пен Мұхтар Әуезовтің портреті расында да, өзге жұмыстар арасында шоқтығы биік болып бірден назар аударады. «Түрксіб теміржол құрылысының бас инженері Мұхаметжан Тынышбаев портретінде Ә.Қастеевтің белгілі «Түрксіб» картинасы композициялық бірлікке негізделген. Бұл ерекше жаралған екі адамды – алғашқы инженер-теміржолшы мен алғашқы суретші-кескіндемешіні бір тақырып біріктіріп тұр», деп анықтама береді Камилла Ли. Тағы бір топ адамның портреті «Туған өлкенің әуендері» циклімен салынған. Халық суретшісі Әбілхан Қастеев, халық әртісі Дәнеш Рақышев, белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиев секілді қайраткер тұлғалардың, өзінің, жарының, ұлы мен қызының портреттері алыстан менмұндалап көз тартады. Мұхтар Әуезов, Шәмші Қалдаяқов, Жұмақын Қайрамбаев, Гүлфайрус Исмаилованың портреттерінен суретшінің ұлттың ұлы тұлғаларына деген ерекше құрметі танылады. Олардың болмысындағы тереңдік пен сұлулық сауатты әрі нәзік лиризммен айшықталған. «Портрет – қиын жанр. Адамның бетіне бір қарасаңыз, бірден ол туралы аздаған ақпаратың қалыптасып үлгереді. Ал ол адаммен жақын келіп тілдессең, арғы жағынан тағы бір қыры мен сыры ашылады. Мінез-құлқы, пайым-парасаты, ой тереңдігі, білім деңгейі біртіндеп көріне бастайды. Көңіліңе қонатын, өзің жақсы білетін адамның портретін салу жеңілдеу әрі қызық. Әуезовтің портретін салу – өз қарымын сынап байқағысы келетін әр суретшінің арманы болар деп ойлаймын. Портрет үлкен көлемде, ірі планда салынды. Ауқымды салу себебім, «мұндай алып қазақта көп емес» деген ойды меңзегенім» дейді автор.
Мерейлі 75 жасын кең мағыналы көрме жасап қарсы алып отырған Б.Өмірбековтің ұзақ жылғы жемісті еңбегі туралы ұзақ толғауға болады. Алайда бейнелеу өнеріндегі деңгей мен сапаның өлшеміне айналып кеткен қадірлі тұлғаның қайталанбас қолтаңбасы жайлы уақыт өзі үн қатып, шабытты шақтағы шығармашылық иесінің көркем кеңістігінің жаңа көкжиегі ашыла беретініне «Ақшамдағы» терең ойлы картиналар еріксіз сендіреді. Жылдармен бірге суретшінің көзқарасы өзгеруі мүмкін, бірақ нағыз суреткер үшін өзгермейтін бір қағида бар – тынымсыз еңбекпен жаңа туындыларға жарық күн сыйлау. Қара-құрасы қалың көрмеде, әсіресе, жаңалық һәм жаңашылдыққа құштар жастар шоғырының мол болуы сол өзгермейтін қағида тынысын сезінгендіктен болар деп топшыладық.
АЛМАТЫ