Ауыл • 11 Қараша, 2021

Бірлік бар жерде бәрі де болады

235 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгінде Жамбыл облысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асып жатқан «Асарлатып үй салу» жобасы әрі қарай жалғасып жатыр.

Бірлік бар жерде бәрі де болады

Көптеген ауылда жергілікті тұр­ғындардың көмегімен бас­панаға мұқтаж жандарға үйлер са­лынып, пайдалануға берілді. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылды­ғы­на орай, Байзақ ауданы, Жа­ңа­­тұрмыс ауылдық округіне қа­расты Көкбастау елді мекенінде де аз қамтылған, көпбалалы Әліп­бековтер отбасы баспаналы болды.

Аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетовтің айтуынша, «Асарлатып үй салу» жобасының мәні мен мазмұны айрықша. Бұл бастама ел-жұртты бірлік пен ынтымаққа ұйыстыруда, жарасымды татулықты насихаттауда, мұқтаж жандарды баспанамен қамтуда өз жемісін беріп келе жатқанын айтты. «Биыл аудан бойынша 18 ауылдық округте жағдайы төмен отбасыларына баспана салып беру қолға алынған болатын. Жыл басынан бері Аймантөбе және Кеңес ауылдарында қамқорлықты қажет ететін отбасыларына жаңа баспана берілді», дейді ол. Ал Әліпбековтер отбасының баспаналы болуына тұрғындар мен жас­тар, еріктілер мен демеушілер қолдау көрсетіпті. Ауылдықтар баспана қуанышына ортақтасып, өздерінің игі тілектерін жеткізді. Өз сөзінде Көкбастау ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдібек Байділдаев мұндай игілікті істің кейінгі жастарға да үлгі болатынын айтса, жаңа үйдің иесі Нұржан Әліпбеков пен ағасы Сәрсен Әліпбеков те игі іске атсалысқан барша азаматтарға алғыс білдірді.

 

Жамбыл облысы