Экономика • 11 Қараша, 2021

Ресей ақша-несие саясаты қалай әсер етеді?

1036 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда Экономикалық қолданбалы зерттеулер орталығының (AERC) аға талдаушысы Евгения Пак Ресейдегі ақша-несие саясатының Қазақстанға әсері туралы талдауын жария етті. Онда сарапшы бірнеше факторға кеңінен тоқтала отырып, экономикалық ахуалды таразылап көруге тырысады. 

Ресей ақша-несие саясаты қалай әсер етеді?

Қазақстанға жалпы инфля­цияның әлемдік үдерісі ғана емес, сауда-серіктес елдердегі дең­гейі де әсер етеді. Бірінші кезекте соңғы жылдары ЕАЭО аясында қарым-қатынас дең­гейі артып келе жатқан – Қазақстанның негізгі сауда серік­тесі болып саналатын Ресей экономикасын айтар едік дейді сарапшы. Мысалы, 2021 жылдың қаңтар-тамыз ай­ларында Қазақстанмен сауда айна­лымында ЕАЭО-ның үлесі 25,3 пайыз болса, соның 23,5 пайызы Ресейге тиесілі екен. Ресейдің Қазақстаннан сатып алатын тауарынан бізге сататын тауарының көлемі әлдеқайда көп. Жыл басталғаннан та­мыз­ға дейінгі аралықта Ресей­ден келген импорт жалпы им­порт­т­ың 35,4 пайызын құ­раса, ал Қазақ­станнан Ресейге жасал­ған экс­порт бүкіл отандық экспорт­тың 10,5 пайызына әрең жетеді.

«Аталған феномен қағидатты маңызға ие. Өйткені Ресейдің Қазақстанға тауарды көбірек сатуына байланысты Ресей инфляциясы Қазақстандағы инфляция динамикасына қысым көрсетеді. Ресей экономикасы ауқымы жағынан Қазақстан экономикасынан 9 есе және өзге 3 елдің экономикасынан 20 есе үлкен. Осы үш елдегі жан басына шаққандағы ІЖӨ-де 2-8 есе аралығында Ресей көрсет­кішінен төмен» дейді Е.Пак.

Сарапшының айтуынша, Ресей ақша-несие сая­сатының ЕАЭО елдеріне ық­палын тигізетін бірнеше арнасы бар. Алғашқы­сы – инфля­циялық арна. Ресей ақ­ша-несие саясатының уақытша кешеуіл­деп жұмсаруы ресейлік инфляцияның өсуіне алып келеді. Бұл ретте ЕАЭО ел­деріне, оның ішінде Қазақстанға ресейлік тауарлар импорты үлесінің жоғары болуы инфля­цияға қысым көр­се­теді. Әсер етудің бұл каналы Қазақ­станда кеңінен зерттелген. Ұлт­тық банктің зерттеуінше, Ресей азық-түлік бағаларындағы 1 па­йыз­дық өсім Қазақстанда сол баға­лардың 1-1,5 пайыздық тар­маққа дейін жылдамдауына әке­п соғады. Азық-түліктік емес өнімдердің бағаларының ұшуы Қазақстандағы азық-түліктік емес инфляцияның екі пайызға дейін қымбаттауына әсер етеді.

Екіншісі – сауда арнасы.

«Ресейдегі ақша-несие саясатының жұмсаруы (негізгі мөлшерлеменің төмендеуі) рубль­дің теңгеге қатысты курсы­ның әлсі­реуіне алып келеді. Өйт­кені рубль активтерінің тартым­дылығы азаяды. Ал рубль курсы­ның төмендеуі ресейлік тауарларды қазақстандық тауарлармен салыстырғанда тартымды қыла түседі. Нәтижесінде, эконо­ми­ка­лық теорияға сәйкес Ресей тауарларына деген қазақстандық сұраныс күрт артады. Бұл Ресей­ден Қазақстанға жасалатын экспорт­ты күшейтеді. Сонымен қатар монетарлық саясаттың жұмсаруы Ресей халқының да та­бы­сын арттыруға ықпал етеді, се­бе­бі несие арзандайды. Бұл ретте тек ресейлік тауарларға ғана емес, қазақстандық тауар­ларға да сұ­ра­ныс артады (кіріс эффектісі). Со­­ған орай Қазақ­стан мен өзге ел­­­дер­­дің (одаққа мүше елдер) Ресей­ге экспорты да көбейеді» дейді, ол.

Алайда соңғы уақытта кіріс эффектісі айтарлықтай әсерін тигізіп отырған жоқ. Себебі Қазақстанның Ресейге тауар экспорты, Ресейдің бізге жасайтын экспортынан бірнеше есе төмен. Сарапшы атап өткен үшінші арна – пайыздық мөлшерлеме.

«Пайыздық ставкалар ара­сын­дағы айырмашылық екі ел арасын­дағы капитал ағыны­на, тиісінше екі елдің валюта курсы­на әсер етеді. Ресейде негізгі ставка жоғарыласа және Қазақ­станда базалық ставкамен айырмашылық төмендесе ресейлік активтер тартымды бо­ла түседі. Теңгеге қатысты рубль ны­ғаяды. Керісінше, Ресейде негіз­гі ставканың төмендеуі және Қазақ­станда базалық ставкамен айырмашылық жоғарыласа онда теңге күшейеді.

Еске салайық, Ресей Ор­та­лық банкі 2020 жылдың ақпанында негізгі пайыз­дық мөлшерлемені 6,25-тен 6,00 пайызға төмендетті. 2020 жылдың сәуірінде мөл­шерлеме 5,5 пайызға дейін төмен­деді. Маусымда 4,5 болып, шіл­деде тағы 0,25-ке төмендеп 4,25 па­йызға тұрақтады. Эконо­ми­каны қалпына келтіру про­цес­терін ынталандыруға бағыт­талған мұндай жұмсақ монетар­лық саясат 2021 жылдың нау­рызына дейін жалғасты. Биыл наурыздан бастап жылдамдаған инфляциялық процестердің ізін ала пайыздық мөлшерлеме да өсе бастады. Сөйтіп, негізгі пайыз­дық ставка 7,5 пайыз деңгейінде бекітілді. 2020 жылы ақпанда базалық ставканы 9,25 пайыз деңгейінде ұстаған Қазақстан Ұлттық банкі наурызда оны күрт 12 пайызға көтеріп жіберді. Бұл шешім – мұнай бағасының тым төмендеп, соған орай дол­лар­ға қатысты теңге курсы­ның құ­былуын және валю­талық спекуля­­цияны тежеу мақ­сатында қабыл­данып еді», дей­ді сарапшы.

Оның айтуынша, бұл шешім шынында да теңге құбыл­малы­ғына тежеу салды. 2020 жыл­дың сәуір, мамыр айларында долларға қатысты рубль баға­мы 5,2 және 5,7 пайызға құн­сыз­данып кеткен. Ал теңге сәуірде 5 пайызға, ал мамырда 3,26 па­йызға ғана құнсызданған.