Аймақтар • 12 Қараша, 2021

Сутегі – сарқылмайтын қуат көзі

982 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ықылым заманнан бері адамзат ағаш, таскөмір жағып, оттан жылу энергиясын алып келеді. Кейіннен ғалымдар энергия көзін күннен, судан тапты. Кө­гілдір отынды пайдалана бас­­тады. Дегенмен, газ, көмір қо­ры шектеулі. Күндердің күні сарқылады. Соны ескерген әлем ғалымдары термоядролық син­тез арқылы шексіз қуат өндіруді қолға алған. Курчатов қала­сын­дағы «Токомак» реакторы сол мақсатта жұмыс істеп тұр.

Сутегі – сарқылмайтын қуат көзі

Шексіз қуат көзін ғылыми тіл­­де термоядролық синтез дей­ді екен. Қарапайым тілмен айт­сақ, миллиондаған градус тем­пе­ратурада жүзеге асатын ядро­лық бірігу реакциясы. Мұн­дай әдіспен өндірілген энер­гия көзі басқадан әлдеқайда қуат­ты болмақ. 1999 жылы қолға алын­ған «бейбіт атом» бойынша жұ­мыс­тар әлі жалғасып келеді. Со­ғ­ан қарағанда, «Токомак» өте күр­делі жоба секілді. Осыдан елу жыл бұрын вакуум ішінде плаз­маны қалықтатып қойып, әлгіден қуат алу қиял-ғажайып ертегі сияқты елестер еді. Бүгін ше?! Сутегінен энергия өндіруге әлем ғалымдары бір табан ғана жет­пей тұр. Егер жүзеге асса, кө­мір мен газдың қуатынан ана­ғұр­лым жоғары энергия көзінің табылғаны. Төрткүл дүниені дүр сілкіндірген ғылыми жаңалық болмақ. Қуатты болған соң да Се­мей­дің сайын даласында қырық жыл термоядролық жарылыстар жасады емес пе?!

Курчатов қаласына барған са­па­ры­мызда «Токомакқа» арнайы соққанбыз. Алдын ала хат жол­­да­ғанымызбен, күзеті мұқият тек­­­серіп барып ғана енгізді. Бізді қар­сы алған сынамалы физи­ка зерт­ха­насының басшысы Әнуар Садықов алып катушка тұр­­ған цехқа тура алып барды. Үл­кен ангар секілді. Іші толған түрлі-түсті темір-терсек. Ненің не екені, қарапайым адамның миы­на кіріп шықпайды. Сайдың тасындай қазақтың жігіттері әлде­не­ні бұрап, өлшеп, тынымсыз еңбектеніп жүр. Енді біреулері экранда жыбырлаған цифрларға тесіле қарап отыр. Қуандық іш­тей. Қазақ жастарының мұн­дай күрделі салаға бет бұра баста­ға­ны­на қуандық. Білдей бір бөлім­ді басқарып отырған Әнуар Са­ды­қовтың өзі бұл бағытта он жыл­дан астам уақыт еңбек етіп келеді. Жобаның әр тетігіне де­йін меңгерген. Ангар ішін аралап жүріп, катушканың жұмыс істеу принципін қарапайым тіл­мен түсіндіріңізші дейміз ғой. Сөйт­сек, алып аппараттың ішінде вакуум бар. Содан өте жоғары температурада термоядролық синтез арқылы энергия өндіруді көздеп отыр. Бұған дейін сан мәрте сынақ өткізді. 2017 жылы шағын бір сынақ өткізсе, 2019 жылы 100 кило/ампер энергия алған. Алай­да плазма өте нәзік дүние бол­ғандықтан, вакуум ішіндегі магнит ұзақ ұстап тұра алмаған.

– Былайша айтқанда, әлем ға­лымдары күннің шағын нұс­қ­а­сын жасауды көздеп отыр. Жүзеге асуға сәл уақыт қалды. Шексіз энергияға адамзатты жа­қын­да­та­тын алғашқы қондырғы қа­зіргі уақытта Францияның Ка­да­раш қаласында іске асыры­латын ITER (International Thermonuclear Experimental Reactor) болады деп болжануда. Термоядролық синтез реакциясын игере отырып, адамзат сарқылмайтын, экологиялық таза энергия алады, – дейді сынамалы физика зертханасының басшысы.

Әлдебір уақытта сарқыл­май­тын энергия алуын алдық, тиімді делік. Алайда плазманы өте нә­зік дүние деп ескертті. Алда-жалда, ақау шығып, апат болса, жер-әлемді жайрап өтпей ме деген үрейлі сауал санаға сақ ете қалды. Білмеген соң «Токомакта» ядрошы болып жұмыс істеп жүрген Сағынғали Жүнісбектен сұ­радық. Оның айтуынша, ауыр апат бол­ғанымен термоядролық реак­­тор алаңынан тыс жерде эко­ло­­гия­лық жағдай өзгермейді. Тер­мо­ядролық реактордың жұ­мыс процесінде ұзақ өмір сүре­тін ра­дио­активті заттар түзіл­мейді екен. Сутегінің аз мөлшері ғана ауа­ға таралуы мүмкін. Яғни қор­ша­­ған ортаға титтей де қауіп жоқ. Яд­рошы маманның сөзін Әнуар Сыдықов та қостады.

– Міне, осы суырма арқылы сы­науға арналған затымызды ва­куум­­ның ішіне өткіземіз. Бұл зат магнитті қабырғаның көме­гі­мен ауада қалықтап тұрады. Егер жарамсыз болса, алып тастап басқа ма­териалды көреміз. Ал вакуумды ашып, қайта қалпына келтіру үшін бір апта уақыт керек. Сол үшін де шағын суырма секілді құ­рыл­ғыны ашып, вольфрам сынды элементтерді салып, модельдеу жұмыстары жасалады, – дейді Ә.Сыдықов.

Сарқылмайтын энергия көзіне бастайтын бұл жоба 1998 жылы басталған-ды. Семей ядролық полигоны жабылған соң атомшылар қалашығы аталып кеткен Курчатовтан жұрт үдере көшкен. Сонда қолдағы техникалар мен ға­лымдардың білім-білігін егемен елдің мүддесіне пайдалану мақсатына 1992 жылы Тұңғыш Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық ядролық орталық құруды тап­сырған еді. Ал 1998 жылы Кур­чатовта «Токомак» реакто­рын салу жөнінде қаулы қа­был­­­данды. Қазіргі уақытта жас ға­лымдар алпауыт елдер­мен үзең­­гілесіп, шексіз қуат кө­зін іздестіру бо­йынша айтулы жұ­мыс атқарып жатыр. Бұл – Тәуелсіздік жылдары жеткен айтулы белестердің бірі. 2017 жылы елордада өткен ЭКСПО көрме­сін­де де «Токомак» реакторы әлем халқының назарын аудар­ғаны белгілі.

Жоғарыда айтқандай, білімді ядоршы-атомшылар, физиктер шексіз энергия көзін өндірудің жолын тапты. Сынақ жұмыстары сан рет жүргізілді. Жақын жылдары жер-жаһанға жар салатын жаңалықтың бірі осы болмақ.

Шығыс Қазақстан облысы,

Курчатов қаласы