07 Мамыр, 2010

АРМАНДА КЕТКЕН БОЗДАҚТАР

872 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Сыртқы істер министр­лігінде Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысы уақытында Германия мен Австрия аумағында қаза тапқан қазақ­стан­дықтарға арналған “Арманда кет­кен боздақтар” атты естелік кі­тап­тың таныстырылымы болып өтті. Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республи­ка­сындағы елшілігі Саксондық мемориал бірлестігінің жанындағы құжаттау орталығымен бірлесе жүр­гізілген іздеу жұмыстарының нәти­жесінде жарық көрген бұл кітапта Германия аумағында концентра­ция­лық лагерьлерде қаза тапқан 6228 адамның аты-жөндері берілген. Фашистер билік басына келген­нен кейін іле-шала лагерьлер құ­рылысын бастап, алғашында “Да­хау”, “Эстервеген”, “Лихтенберг”, “Заксен­бург”, “Бад-Зульц”, “Ко­лум­биа-Хауз”, “Фиюль­с­бюттель” сынды 6 лагерьге өз азаматтарын қа­маған фашистер соғыс аяғында “Өлім лагерь­лерінде” адамдарды азаптап, оларға хайуанға да жаса­майтын неше түрлі аяусыз тәжі­ри­белер жүр­гізіп, атып, пештерде өртеп, газ камераларында тұншық­тырумен жүйелі түрде айналысты. ГФР Ішкі істер министрлігінің 1967 жылы берген деректері бойынша фашистік Германияның жаулап алған жерлері мен өз жеріндегі лагерьлерді қосқанда 1634 азап лагерьлері болыпты. Туған жердің топырағы бұйырмағанының үстіне фашист тозағында қаза тауып, қор­лық көрген аталарымыздың есім­дері, туған жылдары, қай лагерьде фәнимен қоштасқандығы көрсетіл­ген кітапты қарап отырып, шейіт болған, арманда кеткен боздақтар- ай дейсің. Таныстырылымда жұртшылық назарына тағы бір кітап ұсынылды. Ол – Қазақстан Респуб­ликасының Австрия Республикасындағы елшілігі мен Больцман атындағы соғыс зардаптарын тексеру  инс­ти­туты және Австрияның қара кре­сі­мен бірлесе отырып, 980 қазақ­стан­дықтардың жерленген жері туралы ақпарат беретін Естелік кітабы. Оның тұсаукесері Австрияда сәуір­дің 27-сі күні болып өткен екен. Салтанатты таныстырылым рәсімінде  Сыртқы істер министрі­нің орынбасары Нұрлан Ермек­баев, Ардагерлер кеңесі төрағасы­ның орынбасары Бек­болат Мұқы­шев соғыс ардагерлерін мерекемен құт­тықтаса,  ардагерлер атынан Айдархан Бай­ке­нов, Сейілбек Усин сөз сөйледі. Шараға Қорғаныс ми­нистрлігі, Сыртқы істер министр­лігі, шетелдік дипломатиялық кор­пустың, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.