Қазақстан • 14 Қараша, 2021

Алтын құйманың ұпайы түгел

403 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Біз болашаққа инвестиция салуды тек теңге немесе доллармен ғана елестетеміз. Ал бағалы металдарды сатып алып, оны депозит ретінде сақтауға үйренісе алмай келеміз. Шынтуайтында, алтын – нағыз құнын жоғалтпайтын инвестиция құралы. 

Алтын құйманың  ұпайы түгел

Құнды металдардың ішінде ең танымалы – алтын. Бұл металл түрі қай заманда да құнды болған. Бағзы заманда да алтын үшін таласқандар да, адамның құнын алтынмен бағалағандар да аз болмаған.  Қазақ өте қымбат тұратын, көлемді заттың мөлшерін «ат басындай алтын» деп бейнелеуі де тегін емес.

Қазір де алтын бағалы биігі­нен түскен жоқ. Кей­біреу­лер банкке салған депозиті­нің бір бөлігін алтынға айырбас­тап қоя­тыны да сондықтан. Елі­міз­де де осы құнды металға сұ­раныс бар. Осыны ескерген Ұлт­тық банк 2017 жылдан бас­тап, халық үшін тазартылған алтын құймаларын сату және сатып алу бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама іске қосыл­ғаннан бері жалпы салмағы 2,4 тонналық 65 416 алтын құйма сатылыпты.

Бүгінде Қазақстанда алтын құйма­лардың бес түрі сатылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г сал­мақтағы құймалар. Ал сатып алушылар арасында ең та­ны­малы 10 грамдық құйма екен. Оның жалпы сатылым көле­міндегі үлесі шамамен 29%-ды немесе 18 672 дананы құрайды.

Өткен айда қазақстандықтар қанша алтын құйма сатып ал­ғаны жөнінде есепті жария­лаған Ұлттық банк 2021 жыл­дың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында екінші деңгейлі банк­тер мен банктік емес айыр­бастау пункттерінен жалпы сал­мағы 822,9 кг болатын 22 837 құйма сатылғанын айтады. Тек қыркүйек айында өткен 2 578 құйманың жалпы салмағы – 108,3 кг. Одан кейін халық көп сұрайтын құйма түрі – салмағы 100 грамдық құйма.

«Бағдарлама басталғалы бері 100 грамдық 15 001 дана (23%) құйма сатылды, кейін 20 грамдық құймадан – 12 750 дана (19%), 5 грамдық құймадан – 10 933 дана (17%), 50 грамдық құймадан – 8 000 (12%) дана сатылды. Көбінесе, алтын құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалалары­ның тұрғындары арасында сұ­ра­нысқа ие», делінген Ұлттық банк таратқан хабарламада.

Жалпы, алтын құймалар инвес­тицияның сенімді құралы бола алады. Айталық, теңге­мен, басқа валютамен салын­ған депозиттерге әлемдік эконо­ми­кадағы өзгерістер, инфля­ция әсер етеді. Осыған сай салы­­мыңыз не өсіп, не құл­ды­­рап, өзгеріп отырады. Ал алтын­мен салынған депозит олар­ға қарағанда әлдеқайда тұрақ­ты әрі сенімді. Ашық дерек­көздерге жүгінсек, егер сіз 2001 жылы 1000 долларға алтын алып қойсаңыз, қазір салымы­ңыз кемі 5 600 доллар болар еді. Осы активтің кірістілігі соңғы жиырма жылда 550%-ға өскен.

Біздегі алтын тек құйма күйінде экспортқа шығары­ла­ды. Құйма сатып алу арқылы оның биржадағы бағасын да қарап отыруға болады. Қым­бат­таған сәтте сатып, табыс табуға болады. Бірақ бұл бағалы металды инвесторлар табыс табу үшін ғана сатып алмайды. Алтын олар үшін қорғаныс ак­тиві де іспетті. Нарықтық эко­но­мика саласы дағдарысқа ұшы­рап, құбылған сәтте алтын­мен сақталған активтер құ­нын онша жоғалта қоймайды. Белгілі инвесторлар жинақ ақша­ның 10%-ын алтынмен сақтау керек деп кеңес беретіні сондықтан.

Алтын құймалар нарығын­дағы жоғары сатылымды қам­та­масыз ететін тағы бір фактор – екінші деңгейлі банк­тер мен банктік емес ұйымдар тұтыну­шыға ақшаны тапсырған күні төлеп, алтын құйманы кері сатып ала алады.

Ұлттық банктің мәліметін­ше, алтын құйманы сату бағ­дар­ламасы жүзеге асқалы аумақтық филиалдар жалпы салмағы 21,9 кг өлшенген 229 құй­маны кері сатып алуға қабылдаған. Ал екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пункттері жал­пы салмағы 236,9 кг өлшенген 9 484 құй­маны кері сатып алған, бұл жалпы құймалардың 14%-ын құрайды. Қабыл­данған құй­малардың барлығы дерлік Ұлт­тық банктің аумақтың филиал­дарына жетпей-ақ, халыққа са­ты­лыпты. Демек ақшасын ал­тын құймамен сақтағысы келе­тіндер баршылық деген сөз.

Ақшаңызды алтын құйма­мен сақ­тағыңыз келсе, оны қалай күтіп-баптау­ды да біл­геніңіз жөн. Өйткені тауарлық, эсте­ти­калық түр-әлпеті бүлін­ген металды өткізу де қиын болады.

Ұлттық банк мамандары әрбір алтын құйма оны қорғап тұратын элементтермен және арнайы қорапқа салынып жасалатынын айтады. Қорап құй­маны механикалық тұрғыда қорғайды әрі қорап ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорап, сондай-ақ сапа сертификатына да жауап береді. «Құймалардың беті айнадай жылтырақ келеді, микрожазба бейнеленіп, арнайы бедерленеді. Алтын құймасы сатыларда осының бәрі тексеріледі, сапа сертификатына сай болуы ескеріледі. Сондықтан құймамен қоса, оның қаптамасын да бұзбай, ыждаһатты сақтаған дұрыс», дейді банк мамандары.

Ал алтын құйма алғысы келетіндер­ге айтарымыз, көздің жауын алар­дай жылтыраған құйманы Halyk Bank, Еура­зия­лық банк, Jusan Bank, БанкЦентрКредит және банктік емес айырбастау пункттерінен сатып алуға және кері сатуға болады.