Аймақтар • 15 Қараша, 2021

Қолында 45 мемлекеттің төл ақшасы бар

994 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кез келген адамның келешек үшін азды-көпті ақша жинайтыны рас. Дегенмен бұған хобби ретінде қарайтындар да жоқ емес. Мәселен, біреулер әлем елдерінің ақшасына құмартса, енді бірі көне тиындарды жинауға әуес. Журналист Жасын Біркенов те жүрген-тұрған жерінен банкнот үлгілерін жинап, жеке қорын молайтумен айналысып келеді.

Қолында 45 мемлекеттің төл ақшасы бар

Жасынды телеарна жұлдызы ретінде танымайтын адам кем­де-кем. Қоғамдық жұмыстардың бел орта­сында жүретініне де ел куә. Ал жуырда оны жаңа қыры­нан таныдық. Ол қолы қалт еткенде әлем елдерінің банкноттарын жинаумен айналысады екен. Бүгінде оның қорында 100-ге жуық банкнот бар. Бұл дегеніміз – 45 мемлекеттің төл ақшасы.

– Қордағы ең көне банкнот – 1898 жылы шыққан Ресей импе­риясының қағаз ақшасы. «Мем­лекеттік кредиттік билет» деп аталады. 1895-1897 жылдардағы ақша реформасы кезінде айналымға енген. Білуімше, бұл ақша 1922 жылға дейін қолданылған. Қорда Ресей империясының бұдан бас­қа да банкноттары сақталған. Революцияға дейінгі және кейінгі, сондай-ақ XIX ғасырдың басында жарық көрген бірнеше банкнот бар, – дейді Ж.Біркенов.

Нумизматика деген сала бар. Ол – тарих ғылымының тиындарды зерттейтін көмекші саласы. Ғылымның аты – «нумизматика», ал онымен айналысатын ғалымдар немесе тиын жинаушы коллекционерлер нумизматтар деп аталады. Бірақ Жасын өзін нумизматтар қатарына қоспайды.

– Өйткені ақша жинауға әуес бол­ғаныммен, оны әлемнің әр түкпірінен іздеп, сол үшін арнайы жолға шығып, сатып алу ешқашан мақсатым болған емес. Кездескен жерде ұнатқан дүниемді сатып алам. Жалпы, коллекция жинау­ды осыдан 10 жыл бұрын бастадым. Жеке топтамамдағы алғашқы жә­дігер – 1993 жылы шыққан «2 тиын». Кәдімгі банкнот. Қызы­ғушылық осы «2 тиыннан» ке­йін басталды. Кейін айналымнан шығып қал­ған өзіміздің төл теңгелерімізді жинауға кірістім. Сүйінбай атамыз бейнеленген «3 теңге», Шоқан Уәлихановтың бейнесі бар «10 теңге» және тағы басқалары көп­шіліктің есінде бо­лар. Бұлардың бәрі балалық шағымды еске түсіреді. 3 теңгеге балмұздақ сатып алып, рақатқа бөленуші едік, – дейді Жасын.

Ал Қазақстанда нумизматика ғы­лымымен айналысып жүрген ат төбеліндей азаматтың бірі – Дархан Ересенов. Ол – күйші Сансызбай Ересеновтің ұлы. Отандық бұқара­лық ақпарат құралдарында талай мәрте жазылғандай, Дархан­ның нумизматикаға деген қызы­ғушылығын оятқан да осы кісі. Әкесі он үш жасқа тол­ғанда бір кездері өзі жинаған бір уыс шетел тиынын сыйға тартады. Сол күн­нен бастап оның тиындарға деген қызы­ғу­шылығы да артады.

– Əкем сыйлаған тиындар ішін­де 1861 жылғы патшалық Ресейдің тиыны болды. Ең көнесі де сол еді. Он жыл бойы шетелдің тиындарын жинадым. Олардың саны 500-600-ден асып түсті. Бірақ оның түбіне түсіп зерттеген жоқпын. Тек тиын коллекционері ретінде қа­радым. 2011 жылы Өзбекстанға ба­рып қайтқан досым арабша жа­зуы бар тиын сыйлады. Басқа тиын­дарға ұқсамайды. Нағыз көне дү­ние екені көрініп-ақ тұр. Зерттеп көрсем, Əмір Темір мемлекетінде Бұхара қаласында 1432 жылы соғылған тиын екен. Бұл тиын менің шетелдік тиындарға деген қызығушылығымның соңы, ал шығыстық көне тиындарға деген қызығушылығымның басы болды. Содан бері тек Қазақстан аумағынан табылған тиындарды жинаумен айналыстым, – дейді ол.

Түптеп келгенде тарихты сөй­ле­тетіндер де дәл осы көне тиын­дар емес пе?! Өйткені тиындарда оны соқтырған адамның есімі, соғылған қаласы, соғылған жылы­на дейін жазылады. Дархан Ере­сенов айтпақшы, бұл жылнама­лар мен кітаптар жетпеген тарих­тың көлеңкелі тұстарына шам алып кіргенмен бірдей. Əр жерден табылған тиындар арқылы ежелгі мемлекеттердің сауда жүйе­сін, елдердің арасындағы дипло­ма­тиялық қатынастарға дейін зерттеп шығуға болады.

– Қалай десек те, біздің елде нумизматика анау айтқандай да­ми қойған жоқ. Айталық, оқу орындарында бұл сала оқытылмайды. Тиісінше, мамандар да дайындалмайды. Сондықтан археолог-ғалымдарымыз жаңа тиын жо­лық­тыр­са, шетелге ала жүгіреді. Жерімізден табылған байлықты өзгенің көмегінсіз өзіміз зертте­уіміз керек. Сонымен қатар Қазақ­­станда нумизматикамен айна­­лы­сушылардың көбі – өзге ұлт өкіл­дері. Қа­зақ жастарынан қы­зы­ға­тындар некен-саяқ, – дейді Д.Ересенов.

Біз білетін нумизматтардың қатарында павлодарлық Эдуард Лампартер де бар. Мектеп жасы­нан бері коллекция жинау­мен айна­лысып келе жатқан ол туған қа­ласынан ақша музейін ашқысы келеді.

– Ақша коллекцияларын жинаумен айналысып жүргеніме 20 жылдан асты. Мамандығым – антрополог. Қо­рымда жинақталған мыңдаған дүниені көп­ші­лікке ұсынғым келеді. Сондықтан ақша музейін ашуды жоспарлап жүрмін. Көне тиындарда ерекше энергия бар. Қолыңа ұстап тұрып тарихтың тылсымына сүңгіп шыққандай күй кешесің. Біздің елде жеке музейлер жоқтың қасы. Сондықтан осы бағытта батыл қадам жасап көру керек деп ойлаймын, – дейді ол.

Ұлттық банктің өкілі Алмат Ба­се­новтің пікірінше, соңғы бірнеше жылда коллекциялық монеталар нарығы сый­лық сегментіне қарай ойысқан. Бұрын коллекциялық нарыққа көбінесе нумизматтар қатысса, қазір адамдардың көбі монеталарды кәдесый ретінде сатып алады.

Деректерге сүйенсек, әлемде нумизматикамен әуестенетін жан­дардың ұзын саны 1 млн-ға жуық­тайды. Мұндай әуестік Еуропада Қайта өрлеу дәуірінде пайда бол­ған. Ал XVIII ғасырда профессор Иоганн Генрих Шульце алғаш рет тұрақты түрде монеталар туралы лекция оқуды бастаған. Ең танымал нумизматтардың бірі – Арт Коул Джирси. Ол коллекциямен ХХ ғасырдың басында айналыса бастаған әрі 1 мыңға жуық монета жинаған. Оның қорындағы дүниенің саны аз болса да, сапасы жоғары. Өйткені ол өте сирек кездесетін монеталарды жинаған. Бұл коллекциядағы ең арзан жәдігердің өзі 15 мың доллар тұрады.

Шынында да, титтей ғана тиын тұтас бір ұлттың тарихынан сыр шерте алады. Ондағы таң­балар өткен күннен белгі береді. Мәселен, ғалымдар ежелгі Рим­нің монеталарын «портреттер галерея­сы» деп атаған. Тіпті кейбір билеушілер­дің та­рихта болған, болмағанын тиын­дарға қарап білуге болады.

Осы орайда «қазақ дала­сын­дағы алғашқы тиындар қашан пайда болды?» деген заңды сұрақ туындайды. Зерттеу­ші­лер Қазақстан территориясын­да эко­номикалық екі орталық бол­ғанын алға тартады. Бірі – Оң­түстік, екіншісі – Оңтүс­тік Шы­ғыс. Бұл өңірлер отырық­шы­лық­қа жақын болған. Аталған өңір­­лерден табылған ең ескі тиын­дар – қытай тиындары. Одан кейін Кушан мемлекетінің монеталары Қазақстан территориясында алғашқы қолданылған тиындар болып саналады. Бұл – біз­дің заманымыздың 128 жылдары. Хронология бойынша Са­са­нидттердің драхмалары ІІІ ға­сырларда қолданыла бастаған. Бірақ бұл тиындар өте аз кездесе­ді. Қазақстаннан табылған тиын­дар­ға қарап отырып, қытай тиын­дарын негізінен толықтай соғды тиындары ысырып шығарғаны байқалады. Соғды тиындары ал­ға­шында қытай тиындарының дәл­ме-дәл көшірмесі болғанымен, кейіннен бұл тиындарда соғды жазулары пайда бола бастаған.

Қазақ даласында соғылған ал­­ғашқы тиын Жуантөбе қала­шығынан табылған. Алайда қай қалада соғылғаны белгісіз. Араб шапқыншылығы өтіп, халық ислам дінін қабылдай бастаған кезеңде соғылған тиын екенін әйгілейтін арабша жазуы бар.

Жоғарыда біз айтып өткен тиын­дардың барлығы дерлік Оң­түс­тік Қазақстан аумағынан та­былған. Ал экономикалық тұр­ғыдан дамыған екі ауданда да кездестін алғашқы тиын – Түргеш қағанатының тиыны. Qadam.asia сайтының жазуынша, VIII ғасыр басында соғылған бұл тиындарда соғды жазуы қолданылып, келесі бетінде Түргештердің таңбасы бейнеленген. Бұл тиындардың тағы бір ерекшелігі – құю әдісі арқылы жасалған. Тиындардың бір бөлігі Қырғызстанда, екінші бөлігі Тараз қаласында құйылған.

Түргеш қағанатының тиын­дары­нан соң Қазақ даласында Қарахан мемлекетінің би­лігі жүрді. Жоғарыда айтқан Еуро­падағы күміс тиындарды басқа металдармен араластырып тиын соғу осы Қарахан мемлекеті тұсында пайда болды. Өйткені Шығыста Х-ХІ ғасырларда күміс дағдарысы басталды.

ХV ғасырда шаңырақ көтерген Қазақ хандығында өз атынан тиын соқтырған хан болған жоқ. Бұл – Қазақ хандарының саудаға салғырт қарағанынан емес, апалаң-топалаң заманның кесірі. Қазақ хандығы тарихында соғылған тиын болған. Бірақ ол хан дәрежесіне ұлттық тұрғыдан көтеріле алмаған сұл­тан соқтырған тиын еді. Әңгіме өзін Ташкентке билеуші етіп қал­­дыр­ған Есім ханға қарсы шы­ғып, кейіннен қазақ тарихындағы ­«Қа­таған қыр­ғынына» себеп бол­ған Тұрсын хан туралы. Иә, тақ та­ласы тоқтап, тұрақтала бастаған мем­лекеттің бір бөлігін бөліп алып, заңсыз билікке ұмтылған Тұр­­сын хан Ташкентте өз атынан тиын соқтырып үлгерген. Бұл Қазақ хандығында соғылған ал­­ғаш­қы және ең соңғы тиын болатын.