Қоғам • 15 Қараша, 2021

Қазақстандағы саяси жүйені либерализациялау: партиялар жаңа деңгейге көтерілді

2099 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Мемлекет тарихының әрбір кезеңіне қоғам өмірінің барлық салаларын либерализациялауды көздейтін өзіндік жаңғыру үдерістері тән.

Қазақстандағы саяси жүйені либерализациялау:  партиялар жаңа деңгейге көтерілді

Тұрақты эволюция

Қазақстанда бұл үдеріс эволюциясы рет-ретімен және ұлттық ерекшеліктер ескеріле отырып дамуда. Осыдан ширек ғасыр бұрын, біз либерализациялау туралы айтқанда тек экономикалық тәртіптің ұғымында түсіндік және бұл көбінесе «шок терапиясының», кооперативті экономиканың, жекешелендірудің сипаттарымен байланысты болды. Ал қазір, либерализациялау әкімдердің сайлануымен, көппартиялы ұғыммен, партиялардың ауылға келуімен, сөз ала білу және өзіңді есіте алу құқығымен, яғни саяси жаңғыру аясындағы сипаттармен байланысты.

Демократия мен плюрализмге бағытталған қозғалыс жаңғыру үдерістерінің, либерализациялаудың әсері екені түсінікті. Және бұл кездейсоқтық емес. Бұл «классикалық» демократиялы елдердің демократияның батыстық стандарттарына сәйкес келу талаптарына деген құрмет немесе бір адамның саяси ерік-жігерінің әрекеті ғана емес. Бұл мүлдем басқа. Бұл саяси режимдер жүріп өтетін кезекті эволюция. Дәл осылай Еуропаның бір бөлігі, Латын Америкасы мен Шығыс Азияның көптеген елдері жаңғырды және демократия жолына түсті.

Көп партиялы жүйені қалыптастыру, сайлау арқылы саяси бәсекелестікті институцияландыру, оппозициялық қызметтің бірқатар нысандарын заңдастыру, азаматтық қоғам мен өзін-өзі басқару институттарын дамыту, сөз бостандығын кеңейту – бұның барлығы жаңғыру үдерістері дамуының кезеңдері.

Бұл әлеуметтік-экономикалық дамудың әртүрлі кезеңдеріне, элитаның жағдайына, саяси құрылымның мазмұнына, сондай-ақ әртүрлі меншікті және бір-бірімен тығыз байланысты институттар мен дәстүрлерді біріктірген қоғамдық мәдениетке тәуелді саяси либерализациялау кезеңдері. Айта кету керек, Оңтүстік Корея немесе Малайзия секілді табысты дамушы елдерде «әдеттегі емес» демократия деп аталатын феномен құрылды. Олар, демократиялық рәсімдер мен практиканы өздерінің тарихи-мәдени, әлеуметтік және экономикалық ерекшеліктеріне бейімдей отырып, саяси трансформацияның өзіндік прагматикалық жолын тапқан елдер. Бұл тұрғыда Қазақстан да құр алақан емес.

Саяси реформалар стратегиясы

30 жыл бұрын біздің республикамыз қиын таңдау алдында тұрды. Күн тәртібінде күрделі қоғамдық-саяси жағдайларда елдің дамуын қамтамасыз етуге қабілетті негізгі мемлекеттік және саяси институттарды құру мәселелері тұрды. Егеменді және тәуелсіз мемлекет құру, ел экономикасын дамытуда қуатты серпіліс жасау және Қазақстанның саяси жүйесін либерализациялау талап етілді. Таңдау либералды құндылықтар мен қағидаттарға негізделген демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құру пайдасына жасалды.

Азаматтық қоғам белсенді араласпай тұрақты саяси жүйені қалыптастыру мүмкін болмады және Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мұны анық ұғынды. Демократиялық транзиттің табысы көп жағдайда саяси реформалар стратегиясының болуымен айқындалды. Еліміз саяси күн тәртібі мен экономикалық дамудың әсерімен қолда бар тәжірибені елдегі ағымдағы ахуал мен әлемдік трендтерге бейімдеп, дамудың бірнеше сатысынан өтті. Бұл процесс толығымен аяқталған жоқ.

1991-1993 жылдары саяси тұрақтылық өмір сүрудің және қажетті реформаларды бастаудың маңызды шартына айналды. Мемлекеттік аппаратты деидеологизациялау, президенттік және парламентаризм институттарын қалыптастыру процесі басталды. Көппартиялық жүйенің негіздері және саяси өмірді либерализациялауға арналған заңнама, міне, сол кезеңде қаланды.

Келесі кезең үшін (1995 – 1998 жж.) президенттік билік рөлінің күшеюі, демократияның институционалдық құрамдас бөліктерін дамыту (көппартиялылық, кәсіби парламент және сайлау жүйесі) аясында «Азия жолбарыстары» елдерінде жаңғырудың негізі болған экономикалық даму моделі бар елдердің саяси моделі басты бағыт етіп алынды.

Экономикада реформалаудың басты көрсеткіші – өсім болса, саясатта – тұрақтылық. Мұндай жаңғыру жолына түскен мемлекеттер табысының біріктіруші шарттары – тұрақсыздыққа апарар кез-келген тенденцияны тоқтата алатын заңды билеуші партиясы бар күшті саяси режим.

Реформалардың жоғары қарқынына қол жеткізу үшін қоғамды шоғырландыруға қабілетті саяси күш қажет еді. Мұндай күш саяси және экономикалық реформалардың басында тұрған «Отан» республикалық саяси партиясы болды. Сонымен қатар, осы кезеңде көппартиялық жүйенің даму процесі басым мәнге ие болды. Бұған саяси бірлестіктердің рөлін және олардың заң шығару процесіне әсерін күшейтетін 1998 жылы Конституцияға енгізілген түзетулер негіз болды.

Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев саяси либерализациялау жолында әлеуметтік-экономикалық реформалардың басымдығын негіздейтін «алдымен – экономика, содан кейін – саясат» қағидатын дамудың негізгі бағыты ретінде белгіледі.

Мұндай жағдайда белгілі американдық әлеуметтанушы және саясаттанушы Баррингтон Мурдың әйгілі «буржуазия жоқ – демократия жоқ» деген аксиомасы ерекше мағына мен мәнге ие болды. Уақыт осы бағыттың тиімділігін көрсетті. Саяси реформалардың басымдылығы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ете қоймайтындығына Қырғызстан тәжірибесі айқын дәлел бола алады.

 Жеделдетілген жаңғыру бағыты

Қазақстандағы саяси жаңғыру, ең алдымен, осындай эволюцияның ұзақ жолынан өткен Батыс демократиясының тәжірибесін пайдалануға негізделген жеделдетілген реформалардың нәтижесі деген тезиске ешкім дау айта қоймас.

Біз үшін плюралистік демократияға, орталықтандырылған жоспарлы экономикадан қазіргі нарықтық экономикаға, көпұлтты мемлекеттің идеологиясынан ұлттық идеологияға көшудің күрделілігі тоталитарлық дәуірдің құндылықтарынан бас тарту қажеттілігінде  болды. Және біз мұны жасай алдық.

Келесі кезеңде (2004 – 2007 жж.) саяси кеңістікті реформалау процесі саяси реформалар стратегиясының мазмұнына елеулі әсер етті. Бұл жарқын сайлау науқандарының, элита ішіндегі қайшылықтардың, оппозицияның жаңа толқынының пайда болуының, азаматтық белсенділіктің арту жылдары болды. Демократияландыруға деген қоғамдық сұраныс ел басшылығы мен «Отан» партиясы үшін саяси күн тәртібін де айқындады.

Елбасының саяси жаңғыруды жеделдету бағытының нәтижесінде саяси жүйе елеулі өзгерістерге ұшырады. Партиялық-саяси жүйені либерализациялауға бағытталған үдеріс биліктің өкілдік жүйесінің рөлін күшейтті.

Осы кезеңде «Саяси партиялар туралы» жаңа заң қабылданды, сондай-ақ «Сайлау туралы» Заңға түзетулер енгізілді. Алғаш рет партиялардың ұсыныстары бойынша сайлау комиссияларын мәслихаттар құрады. Партиялар мен кандидаттар арасында теледебаттар өткізу тәжірибесі енгізілді. Жаңа партияны тіркеудің ең төменгі шегі 50 мың мүшені құрады. Отандық ҮЕҰ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесі арқылы қолдау тапты. Қоғамдық сарапшылар кеңестері, Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата мемлекеттік басқару процесіне қоғамдық қатысуды кеңейтті.

Кешенді түрде алып қарағанда бұл еліміздегі саяси алаңды қайта қалыптастырды. «Асар», Аграрлық және Азаматтық партияларының «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы деп атауын өзгерткен партия қанаты астында бірігуі басым саяси күші бар көппартиялылықтың мүлдем жаңа моделін құрды. Бұл саяси кеңістік акторларының реформаларға кепілдіктер орнына өзара мүдделерді сақтау туралы келісілген пактісі болды.

Мұндай прагматикалық модель Сингапур, Оңтүстік Корея, Жапония және т.б. елдердің тәжірибесіне сәйкес келіп қана қоймай, саяси элита мен контрэлита арасында келісілген іс-қимылдардың, саяси реформалардың бұдан әрі қарайғы процесінің қуатты катализаторына айналды.

2007 жылы конституциялық реформа жүргізілді. Пропорционалды сайлау жүйесін енгізу нәтижесінде партиялық фактор артты. Осы жүйе бойынша өткен Мәжіліс сайлауы партиялар мен көшбасшылар жауапкершілігінің айтарлықтай артқанын көрсетті.

Демократияның Қазақстандық моделі нысаны мен мазмұны жағынан әртүрлі саяси мүдделердің өзара іс-қимылының аса күрделі, бірақ, ең бастысы, қоғам белсенді қолдайтын бәсекелі алаңда  жедел түрде қалыптасты. Тәжірибе көрсеткендей, барлық партиялар мен партия көшбасшылары өзгерістерге тез бейімделе алмады. Сайлау науқанына қатысқан 7 партияның ішінен «Нұр Отан» депутаттық мандаттардың абсолюттік санын алды – 98. «Ақ Жол» ҚДП, «Ауыл» ҚӘДП, ҚКХП, ЖСДП, Қазақстан патриоттары партиясы және «Руханият» 7%-тік межені еңсере алмады.

 Саяси қатынастар моделін жетілдіру

Саяси жаңғырудың келесі кезеңіне (2008-2012 жж.) бастау болған одан әрі саяси либерализациялау жолындағы қисынды қадам – бір партиялы Парламентке конституциялық тыйым салу болды. Ел болашағы үшін жауапкершілікті сезініп, сондай-ақ Парламенттің төменгі палатасын қалыптастыруда көппартиялылық қағидаттарының маңыздылығын ескере отырып, партия Төрағасы Н.Назарбаев жетекшілігімен «Нұр Отан» тіпті заңда белгіленген 7%-тік меже еңсерілмеген жағдайда да сайлау қорытындылары бойынша Мәжіліске кемінде 2 партия өтуінің құқықтық тетігінің бастамашысы болды.

«Саяси партиялар туралы» және «Сайлау туралы» Заңдарға 2009 жылы енгізілген түзетулер саяси партияларды мемлекеттік тіркеу үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етті. Сайлау процесінің рәсімдік мәселелерін жетілдірумен қатар, БАҚ жұмысын реттейтін кедергілерді алып тастау партиялық жүйенің ғана емес, жалпы саяси жүйенің де одан әрі дамуына ықпал етті.

2009 және 2012 жылдардағы сайлауда «Нұр Отан» өзінің бірінші екенін, жүргізіліп жатқан саясаттың тиімділігін, сондай-ақ саяси жүйені одан әрі либерализациялау бағытын растады. Бәсекелестіктің күшеюі нәтижесінде көппартиялықты кеңейту есебінен саяси өмір айтарлықтай жанданды, Парламенттің жұмысы жақсара түсті.

«Нұр Отан» ұзақ мерзімді саяси көшбасшылықты нығайтып, елді модернизациялаудағы реформалардың драйверіне айналды. Қоғамдық санада партия билеуші, елдің болашағы үшін жауапты біріктіруші саяси күш ретінде орнықты.

Бұл ретте, саяси кеңістікті либерализациялаудың конституциялық новеллалары оппозицияны институцияландырудың, оның билікпен диалогын құрудың құқықтық нормаларын орнатты. Осылайша қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайтуға ықпал етті. Бұл Қазақстанды халықаралық демократиялық стандарттарға одан әрі жақындата түсті.

Осыған байланысты мемлекеттік хатшының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Роберт Блейк Қазақстанның саяси реформаларға бейілділігі мәселелеріне пікір білдіре отырып, «Неғұрлым ашық әрі серпінді саяси жүйе Қазақстанның мемлекет ретінде кемелденуінің көрінісі болады және Қазақстан Республикасының халқы лайықты болатын ұзақ мерзімді тұрақтылық, болжамдылық пен даму үшін институционалдық негіз береді»,- деді.

Соған қарамастан, азаматтардың құқықтарын және олардың басқару шешімдерін қабылдау мен іске асыру технологиясына қатысуын, саяси коммуникациялардың артуын және билікті ұйымдастырудың плюралистік моделін қамтитын саяси либерализациялау стандарттарының әмбебаптығының басымдығын мойындау дамушы мемлекеттер үшін бағдарламаның «міндеттілігінің» мызғымас ережесі болып табылмайды. Қазақстандағы осы үдерістердің қарқыны, нысандарын таңдау мен оның сипаты, ең алдымен, елдің ішкі факторларына, ұлттық және тарихи мүмкіндіктеріне байланысты болды.

Алайда саяси жүйені либерализациялау бойынша қабылданған бағыт өзгеріссіз қалды. Саяси реформалар жолын ұстану Тұңғыш Президент және билеуші партия тарапынан партиялық-саяси алаңды саяси либерализациялаудың келесі кезеңінде (2013-2018 жж.) расталды. Президенттік партияның басым рөлі мен Парламентте саяси партиялардың өкілдік етуі қамтылған саяси кеңістіктің базалық моделін растайтын демократиялық реформалардың стратегиялық бағытын орнықтыру 2013 жылғы «Қазақстан – 2050» саяси құжаты арқылы іске асты.

«Нұр Отан» парламенттік көпшілік партиясы ретінде мемлекеттік бағдарламалардың іс жүзінде іске асырылуына ықпал етіп, жүзеге асырылып келе жатқан бағыттың ұзақ уақытқа тұрақтылығына кепілдік берді. Осы тұста Жапония, Сингапур, Малайзия және Тайваньның билеуші партиялары өз елдерінің табысты дамуын қамтамасыз еткенін айта кету керек. Сонымен қатар, президенттік партия саяси қайраткерлер мен мемлекеттік басқарушылар тобын жаңартуды қамтамасыз етуші рөл атқарды. Оның нәтижесі үш партиялы Парламент құрылған тұстағы партияның 2015 жылғы парламенттік сайлаудағы жеңісі болды.

Сайлауда конституциялық көпшілікті иеленген «Нұр Отан» Елбасының басшылығымен дереу сайлауалды уәделерін іске асыруға кірісті. Конституциялық реформа (2017 ж.) және «Сайлау туралы» Конституциялық заңға түзетулер (2018 ж.) Парламенттің рөлін елеулі түрде нығайтты және Үкіметтің жауапкершілігін арттырды. Бұл Парламенттік партияларға атқарушы билікке әсер етудің нақты тетіктерін қолдануға мүмкіндік берді.

 Президент Қ.Тоқаевтың саяси реформаларының кейсі

2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстанда саяси реформалардың жаңа кезеңі басталды. Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекет басшысы ретіндегі өкілеттілігін тоқтатуы биліктің саяси транзиті процесін іске қосты және көп жағдайда саяси жаңғырудың алдағы күн тәртібін айқындады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысы аясында бастамашылық еткен саяси реформалардың 4 пакеті партиялық-саяси жүйені либерализациялау процесін жалғастырды.

Бұл ретте, «Сайлау туралы» Конституциялық Заңға және «Саяси партиялар туралы» Заңға «Nur Otan» ұсынған түзетулердің арқасында Парламенттегі партия фракциясының қолдауымен 2020 жылы партиялар құру үшін тіркеу шегі 40 мыңнан 20 мың адамға дейін төмендетілді. Бұл жаңа партияларды институцияландыру арқылы елдегі саяси алаңдағы бәсекелестікті күшейтуге мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, парламенттік азшылық депутаттарының арасынан Мәжілістің бір тұрақты комитетінің төрағасы және екі хатшысы қызметіне кандидатура ұсынуға кепілдендірілген құқық алған парламенттік оппозиция институты енгізілді.

Сондай-ақ, өзінің демократиялық мәні бойынша жаңадан қабылданған «Бейбіт жиналыстар туралы» заңды және партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілгенін атап өткен жөн. Бұл норманың ықпалы парламент және мәслихаттар сайлауы науқандарының нәтижелерінде көрініс тапты. Бұған дейін квотаны енгізу «Nur Otan» партиясы 2020 жылдың күзінде өткізген праймериз кезінде өзінің тиімділігін көрсетті.

Жас Отан жастар қанатының болуын ескерсек, билеуші партия үшін партиялық тізімдерге жастар квотасын енгізу ерекше маңызға ие болды. Парламент пен мәслихаттарда жастардың өкілдік етуі 2019 жылы Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін әзірленген «Жастар – Отанға!» бағдарламасының орындалуын заңнамалық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев саяси реформалардың екінші пакетін 2020 жылғы қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында ұсынды және ол 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерін тікелей сайлауға көшуді, Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын, «Қоғамдық бақылау туралы» заңды қабылдауды және бірыңғай онлайн-петиция институтын құруды көздеді.

Қаңтарда VII сайланған Мәжілістің бірінші сессиясының ашылуында Президент Қ.Тоқаев саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5%-ке дейін төмендетуді, сайлау бюллетеньдеріне «барлығына қарсы» деген белгі енгізуді, «Омбудсмен туралы» арнайы заң қабылдауды көздейтін саяси реформалардың үшінші пакетін ұсынды.

Естеріңізге сала кетейін, өткен сайлауда науқанға қатысқан бес партияның үшеуі – «Nur Otan», «Ақ жол», Қазақстанның Халық партиясы жеті пайыздық шекті еңсерді.

Мәжіліс сайланғаннан кейін партиялардың парламенттің төменгі палатасына өту шегін 7-ден 5 процентке дейін төмендету туралы бастама жүзеге асырылды. Айта кететін жайт, ауыл әкімдерін сайлауда «Nur Otan» партиясының кандидаттары көптеген сайлау округтерінде – 730 округтың 627-сінде сенімді жеңіске жетті. Сонымен қатар, әкім болып Қазақстанда тіркелген барлық алты саяси партиядан ұсынылған кандидаттар сайланды. Бұл партиялық бәсекелестікті жоғары деңгейге шығарды.

Партиялық-саяси жүйені либерализациялау Президент Қ.Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған саяси реформалардың 4-ші пакетінде де көрініс тапты. Квота бөлінетін азаматтар санаттарының тізбесін кеңейту және сайлау тізімдерінде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін міндетті квотаны қарастыру ұсынылды. Бұл бастама «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасында қарастырылған ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін инклюзивті ортаны қалыптастыру жөніндегі міндеттерінің тікелей көрінісі болды.

Қазақстандағы саяси жаңғыру мемлекеттің ұзақ мерзімді күн тәртібіндегі негізгі тармақтардың біріне айналды. Биліктің осы бағыттағы жаңа бастамалары елді саяси либерализациялау мен демократияландырудың әрі қарайғы процесіндегі маңызды қадамдарға айналып, азаматтық қатысу, көппартиялылық пен парламентаризмді дамыту мүмкіндіктерін кеңейтті.

 

Е.Т. Жұмағұлов,

Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ саясаттану және әлеуметтану кафедрасының меңгерушісі