Қостанайдың маңайында тас отынды көтерме бағамен сататын 5-6 кәсіпорын бар. Жылда осы уақытта көмірден қаратау тұрғызып, саудасы қайнап жататын бұл кәсіпорындардың көмір түсіретін ауласы биыл тез босап қалуда. Араға бір апта, он күн салып бір келетін 5-6 вагон қысқы отынды алдын ала кезекке тұрып қойған жүк көліктері бір күннің ішінде талап әкетіп жатыр.
Қала шетіндегі көмір сататын орындардың біріне барып едік, бұл кәсіпорынның ауласы да тып-типыл тақырланып қалыпты. Көмір тиейтін техникасы қаңтарылып тұр. Өзін Владимир Ильичпін деп таныстырған күзетші түнде келген 8 вагон көмірдің түс ауа бітіп қалғанын айтты.
– Биыл тек Қаражыра көмірі ғана келіп жатыр. Тоннасын 15 мың 500 теңгеден сатамыз. Бұл – көтерме баға. Жүк көліктері осы жерден тиеп алып, үстіне ақша қосып ауыл тұрғындарына сатады. Келесі көмірдің қашан келетіні белгісіз. Кейде 2 немесе 3, кейде 5 вагон келеді. Кезекте тұрғандар көп, алыс аудандардан келгендер түні бойы кезек күтіп тұрады, – деді Владимир Ильич.
Күзетшінің айтуынша, қазір көмір өндіретін өңірлердегі карьерлер отын тасымалдау мәселесін оңтайлы шеше алмай отыр. Қостанай облысындағы көмір саудасымен айналысушылар бір апта бұрын тапсырыс береді екен. Соның өзінде вагондар кешігіп қала береді. Мұның зардабы, айналып келгенде, қарапайым халыққа тиіп жатыр.
Қостанай қаласының тұрғыны Олег Полищук көтерме сауда орындарына келген көмірді «ГАЗ-53» жүк көлігіне тиеп алып алыс-жақын ауылдарға апарып сату арқылы нәпақа айырып жүр. Көбіне отын тиейтін жерде көлік ішінде түнеп қалатын ол соңғы кездері көмірдің қат болып кеткені соншалық, бірнеше күн қатарынан күтіп, кезегі енді жете бергенде көмір бітіп қалып, бос қайтып жүргенін айтты.
– Бір жарым айдан асты, көмір жоқ. Бүгін де ерте келдім. Кезек тиетін түрі жоқ. Түнде Шұбаркөлдің көмірі келген. Бұрынғыдай емес, сапасы өте нашар, құм сияқты бірдеме. Кеше 6 вагон Қаражыра көмірі келіп еді, күн ұзақ кезекте тұрғанмен, үлгере алмай қалдым. Енді, міне, бүгін 4 вагон Шұбаркөл көміріне де қол жеткізу мүмкін болмай тұр. Бәрін алдын ала жасалған келісімшартымыз бар деп Меңдіқара ауданынан келген «КамАЗ»-дар тиеп алып кетіп жатыр. Облыста Шұбаркөлдің тоннасы – 18 500, Қаражыранікі – 15 500, Богатырь 13 мың теңге тұрады. Қазір бықсып жанбай қоятын Богатырьдің өзіне жете алмай қалдық, – дейді қажыған жүргізуші.
Көмір алып сатумен айналысатын «Қостанай Угольпром» серіктестігінің басшысы Сергей Калюжныйдың сөзінше, өңірдегі тас көмір тапшылығы жүк вагондарының жетіспеушілігінен туындап отыр.
– Мұның сыртында, темір жол тарифі де ай сайын қымбаттап жатыр. Міне, екі күн болды, кәсіпорында көмір жоқ. Ертең бірнеше вагон келуі тиіс. Бірақ ол да тез сатылып кетеді. Ал көмірдің жеткілікті қорын жазда сатып алатындай қаражат жоқ. Банктерге барып, жеңілдетілген несие сұрап едік, бермеді, – деді С.Калюжный.
Облыс орталығындағы жұрт қарбаласқа түсіп, әбігер болып жатқанда, алыс-жақындағы ауылдардың не күй кешіп жатқанын білмек болып бірнеше ауданға хабарласып көрдік. Облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Шыңғыс Кежалы: «Әулиекөл ауданына 600 тонна Шұбаркөл көмірі келді. Ауданға осы отын жетеді», деп еді. Алайда аудан тұрғындарының әңгімесі басқа.
– Әулиекөлдің іргесіндегі Аманқарағай бекетіне он күнде бір 4-5 вагон көмір келеді. Кезек – қырғын. Бұрын Шұбаркөл келуші еді, биыл сапасы төмен Богатырь келіп жатыр. Көбі амалсыз соны алып жатыр, бағасы – 11 мың теңге. Осы ауылда көмір тасымалдаумен айналысатын 10 шақты көлік бар, жұрт содан сатып алады. Науырзым ауданы мен Октябрь ауылының жүк көліктері де осы Аманқарағайдан көмір алады. Бірақ қазір «КамАЗ»-дардың өзіне 5 тоннадан артық тиемей жатыр, – деді Әулиекөл ауылының тұрғыны Бақыт Төрин.
Қарасу және Науырзым аудандары жылда осы Аманқарағайға келген көмірден тасып алады. Биыл Наурызым өңірінде жекенің меншігіндегі он шақты жүк көлігі бірігіп, тікелей Шұбаркөлден көмір әкеп жатыр екен. Аудан тұрғындарының айтуынша, елдің көбі осы сапалы көмірдің тоннасын 24 мың теңгеден сатып алып жатыр.
Арқалық қаласы мен Амангелді, Жангелдин аудандарында қысқы отын жеткілікті. Бірақ Қостанайдың маңайындағы бірқатар елді мекен мен Жітіқара, Бейімбет Майлин ауданының кейбір тұрғындары әлі де көмірге қол жеткізе алмай отыр.
Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы Еркін Әубәкіровтің айтуынша, 1 қыркүйекке дейін облыстағы аурухана, мектеп сияқты әлеуметтік нысандардың бәрі толықтай көмірмен қамтамасыз етілген. Енді жеке тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету мәселесін шешу міндеті тұр.
– Қазір көмір тапшылығын жойып, қысқа қажетті отынның жеткілікті мөлшерін жеткізуді қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатыр. Таяуда елордада өткен арнайы жиында да қысқы отын тапшылығы туралы сөз болып, өңірлерге қосымша жүк вагондарын бөлу мәселесі қарастырылған. Одан кейін облыс басшылығы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне және «ҚТЖ – Жүк тасымалдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне хат жолдап, көмірді жедел әрі кедергісіз тасымалдау үшін қосымша вагондар бөлу, негізгі темір жол тораптарында көмір тиеуді қамтамасыз етуге көмектесуді өтінген. Жағдайды министрлік те біліп отыр. Облыс басшылығы да жіті бақылауына алды. Таяу күндері қосымша жүк вагондары бөлініп қалар деп үміттеніп отырмыз. Қазір өңірде Богатырь көмірі бар, бірақ оны ешкім алғысы келмей отыр, – деді энергетика бөлімінің бастығы.
Қостанай ауданына қарасты Надеждин ауылының тұрғыны Қабылжан Абзаров қарияның сөзінше, жұрттың Богатырьді алмау себебі – бұл көмірдің жануы қиын, бықсып, үйді түтінге толтырып жібереді екен. Әрі қызуы жоқ, үйді жылыта алмайды. Оның үстіне, неше шелек көмір салсаң, сонша шелек күл аласың. Сондықтан елдің бәрі Шұбаркөл, ол болмаса, Қаражыра көмірін алғысы келеді.
Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының мәліметінше, облысқа қараша айының соңына дейін 30 мың тонна, желтоқсан айында 35 мың тонна көмір жеткізіледі.
Қазірше Қостанай қаласының өзінде көмірді көліктеп емес, қапқа салып сатушылар көбейіп тұр. Бір қабы 1300 теңге тұрады. Олардың бір-екеуіне қоңырау шалып, көмір сұрап едік, «бітіп кетті» деген жауап алдық.