Аймақтар • 16 Қараша, 2021

Мерейтойға дайындық пысықталды

6630 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсын­ұлының 150 жылдық мерейтойын атап өту үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Мемлекеттік комиссия бекітіліп, республикалық жос­пар әзірленгені белгілі. Жоспарда белгіленген 60 шараның 23-і облыс әкімдіктеріне жүктеліп отыр.

Мерейтойға дайындық пысықталды

Осыған орай, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов арнайы кеңес өткізіп, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын мерекелеуге дайындық мәселесін талқылады.

Қостанай облысына келесі жылы Ахаң­ның мерейтойына арналған 8 іс-ша­ра ұйымдастыру туралы міндет жүк­тел­ген. Биылдың өзінде Қарасу ауылы Ахмет Байтұрсынұлы ауылы болып өзгертілді, сондай-ақ Жангелдин ауданы­ның көлік инфрақұрылымын жақ­сарту бойынша 1 млрд теңгеден астам қаржыға бірнеше жоба іске асырылды. Атап айтқанда, аудан орталығы Торғай ауылындағы Ахмет Байтұрсынұлы көшесі абаттандырыл­ды, Шұбалаң, Қарасу, Көкалат ауылдарының арасындағы жол жөндеуден өтті, сондай-ақ бірнеше көше­ге жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар жергілікті халықтың өтініші бойынша Ақкөл мен А.Байтұрсынұлы ауыл­дарын және басқа да инженерлік нысанды жалғайтын Ұлы Жыланшық өзені арқылы көпір салынды.

– Аталған іс-шаралардан басқа, қала мен аудан әкімдіктеріне республикалық және облыстық жоспарларда көзделген барлық ғылыми-ағартушылық, мәдени-бұқаралық және басқа да имидждік іс-шараның орындалуын қамтама­сыз ету тапсырылды. Мерейтойлық күнді ЮНЕСКО аясында халықаралық деңгейде атап өту жоспарлануда. Осыған байланысты халық­ара­лық ғылыми-тәжірбиелік конференция­лар, Ахмет Байтұрсынұлының туған жері­не ғылыми-танымдық экспедиция ұйым­дастыру жоспарланған. Жангелдин ауданы­ның мәдениет басқармасы және әкімдігімен бірлесіп маусымдық-тарихи және арт-алаң ашу мәселесі қарастырылуда, сондай-ақ А.Байтұрсынұлына арналған Визит-орта­лықтың мазмұны мен форматы бойынша пысықтау жүргізілуде, – деді облыс әкімі.

Мұның сыртында, 2022-2023 оқу жылында жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Алтын белгі» иегерлеріне облыс үшін маңызды педагогикалық және инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гранттар берілетін болады. Сондай-ақ Қостанай, Арқалық қалалары мен Әулиекөл, Жангелдин аудан­дарында орналасқан А.Байтұрсынұлы ескерткіштеріне ағымдағы жөндеу жүр­гізіледі.

 

Қостанай облысы