Өркениетке ұмтылған елімізде табыс көзінің тағы бірі күн нұрынан электр қуатын алу болып отыр. Табиғат-ананың осынау теңдессіз тартуы Алматы облысының Қапшағай қаласында пайдаланылуда.
Елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін тетіктің бірі жасыл экономика екендігі биік мінбелерде айтылып, жалпы табиғат жанашырлары ортасында да дәлелденуде. Міне, сол жасыл экономикаға көшу Қазақстанды әлемдегі дамыған 30 өркениетті мемлекет қатарынан орын алуына мүмкіндік тудыратыны ақиқат. Елбасының жасыл экономикаға көшу туралы Жарлығына сәйкес «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы күн көзінен күш алатын қуаттылығы 2 меговатт электр стансасының құрылысын Қапшағай қаласында аяқтады. Жобаның басты мақсаты – күн нұрының әлеуетін толығымен пайдаланып, өңірде электр энергиясын өндіруде атмосфералық ауа қабатына шығарылатын зиянды газ мөлшерін азайтып, электр энергиясына деген қажеттілікті толығымен қамтамасыз ету болып табылады. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында Еуропаның озық технологиясы пайдаланылды. Құралдардың 70 пайызы күн нұрынан бойына сәуле тартып, ұстап тұрса, талапқа сай қондырғылардың өзге 30 пайызы күн нұрын үзіліссіз өндіріп пайдалануға дайындайды. Күн электр стансасы барлығы 6 гектар жерді алып жатыр. Онда 8 мың күн монокристалды панельдері қойылған. Соның ішінде 2,5 мыңға жуығы трекерлік қондырғыға орнатылған. Стансада қондырғы құралдарды пайдалану жөнінде арнайы оқып, кәсіби біліктілігін көтеріп келген жоғары санатты 5 маман жұмыс істейді. Қапшағайдағы күн электр стансасы жылына 3 млн. 600 мың киловатт сағат электр энергиясын өндіреді. Қуаттылығы 2 меговатт. Бүгінгі таңда Қапшағай қаласында салынған күн электр стансасы Қазақстанда күн масштабындағы ең бірінші күн электр стансасы болып саналады.
Жобаға тапсырыс беруші «Самұрық-Энерго» АҚ. Жоба құны – 1 700,1 млн. теңге. Жоба 2011-2013 жылдары жүзеге асырылды. 7995 күн панелі орнатылды. Осы станса қондырғыларын орналастыру кезінде 100 адам жұмысқа тартылған еді, бүгінде дайын қондырғыларды 11 адам басқарып, өндіріс орнын тоқтаусыз жұмыс істетіп тұр. Сөйтіп, өңір экономикасын дамытқан үстіне дамыта түсу барысында бірлесе жұмыс атқарылуда.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы,
Қапшағай қаласы.