«Мектептегі орын тапшылығы өте өзекті мәселе. Мен биылғы Жолдауымда 2025 жылдың соңына дейін 1 мың мектеп салу туралы тапсырма бердім. Бұл - маңызды міндеттің бірі. Жауапты мемлекеттік органдардың жұмысы осы тапсырманы сапалы әрі тиімді орындауына қарай бағаланады. Қазір мектеп салу үшін жер телімін алу айтарлықтай қиындық туғызатын болды. Өңір әкімдеріне барлық мектепке жер телімін алдын ала бөлуді тапсырамын», деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президенті елді мекеннің жоспарын жасап, тұрғын үй салған кезде әлеуметтік нысан салу қажеттігі ескерілуі тиістігін баса айтты.
«Бұл - заңнамада көрсетілген талап. Бірақ, жергілікті атқарушы органдар белгіленген талапты орындай бермейді. Тағы да қайталап айтамын, тұрғын үй алаптары бой көтерген кезде онымен бірге міндетті түрде мектеп пен балабақша салынуы керек. Үкіметке заңның сақталуын қатаң бақылауды тапсырамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.