Аймақтар • 16 Қараша, 2021

Жас архившілер жарысты

628 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Орал қаласында Қазақстан Республикасының мемлекеттік және ведомстволық архивтер арасындағы IV Республикалық жас архившілер онлайн байқауы өтті. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған байқауға Қазақстанның әр аймағынан 7 команда қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Жас архившілер жарысты

Еліміздің жас архившілер байқауы осымен төртінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Бұл шараның басты мақсаты – жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, архив құжаттарының құндылығын дәріптеу, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында архив саласының рөлін, архивші мамандығының мәртебесін көтеру және жастар арасында архив саласының маңыздылығын түсіндіру екен. Орал қаласында ұйымдастырылған онлайн-байқауға қазылар алқасы қатарында қатысып, жас архившілердің тартысты сайысына куә болдық.

Айта кетейік, пандемия салдарынан алғаш рет онлайн форматында өткен бұл байқауды Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архиві мен Қазақстан Республикасы Президенті Архиві бірлесе ұйымдастырды. Батыс Қазақстан облысы әкімдігі ерекше  қолдау көрсетті. Байқаудың ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ Орал қаласына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министірлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті төрағасының орынбасары Бағдат Танысбеков пен Қазақстан Республикасы Президенті архивінің директоры Жәмилә Әбдіқадырова арнайы келді.

Тартысты бәсекеге Алматы қаласы мемлекеттік архивінің «Верный» командасы, Ақтөбе облысы мемлекеттік архивінің «Аманат» командасы, Атырау облысы мемлекеттік архивінің «Мұнайлы Астана» командасы, Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің «Тараз ғибраты» командасы, Жезқазған қаласы мемлекеттік архивінің «Тәуелсіздік тұмары» командасы, Солтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік архивінің «Қызылжар қырандары» командасы, Қазақстан Республикасы Президенті архивінің «Қыран» командасы қатысты.

Байқау онлайн форматта өткендіктен, негізгі күш техникалық мүмкіндіктерге, креативті идеяларға түсті. Конкурс шартындағы «команданың өзін таныстыруы», «Тәуелсіздік жылдарындағы менің архивімнің жетістіктері» туры, «Тәуелсіздік - мәңгілік елдің тұғыры» атты шығармашылық тур өте қызықты болды. Әр команда дайындаған бейнероликтер көркемдік дәрежесі жоғары шығарма дәрежесіне жетіп жатты. Мысалы, «Қызылжар қырандары» тобының патриоттық рухы, «Верный» командасының жаңашылдығы, «Тараз ғибраты» тобының дәстүршілдігі ұнады. «Аманат» тобы Әлия Молдағұлова хақында көркемдік элементтері мол бейнефильм жасаған екен. Ал жезқазғандық «Тәуелсіздік тұмары» командасы барлық турда да ерекше дайындығымен, шығармашыл тапқырлықтарымен көзге түсті. Облыс орталығы емес, аудандық деңгейдегі ұжымның атышулы әріптестерінен еш қалыспай өнер көрсеткеніне жюри мүшелері риза болып қол соқты.

Республикалық жас архившілер байқауының 2-туры тест сынағы еді. Бұл турда қатысушыларға Қазақстан Республикасындағы архив саласына қатысты заңнамалар, архив мекемелері жұмысының нормативтері мен регламенті бойынша 30 тест сұрағы берілді. Командалар 20 минут ішінде берген жауап нәтижелеріне қарай бағаланды. Бұл сатыда 30 сауалдың 24-не дұрыс жауап берген «Қыран» командасы топ бастады. Алдын ала дайындалып, таспаға түсірілген өзге турларға қарағанда, бұл сайыс шынайы сынақ болғаны анық. Нәтижесінде IV байқаудың бас жүлдегерін де анықтауға осы сеп болды.

Сонымен, ІV Республикалық Жас архившілер байқауының бас жүлдесін Қазақстан Республикасы Президенті архивінің «Қыран» командасы жеңіп алды. Шыны керек, еліміз бойынша алдыңғы қатарлы мұрағат ұжымының бұл жетістігі заңды да. Республикадағы архив қызметінің көшбасшы туын ұстаған ұжымда лайықты ізбасар жастар өсіп келеді екен.

- Бүгінгі байқаудың І орын жүлдесіне Жезқазған қаласы мемлекеттік архивінің «Тәуелсіздік тұмары» командасын лайық деп таптық. Байқаудың бағалы сыйлығы, алтын медалі мен сертификаты киелі Ұлытау өңіріне жолданады. Сонымен бірге, 2023 жылы өтетін V Республикалық Жас архившілер байқауын өткізу құрметті мәртебесі де Қарағанды облысына беріледі, - деп жариялады Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министірлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті төрағасының орынбасары Бағдат Танысбеков.

Оралда өткен байқаудың екінші-үшінші жүлделерін «Тараз ғибраты» мен «Верный» командалары бөлісті. Олардың бәрі байқаудың бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Ал Солтүстік Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облысы командалары алғыс хатқа ие болды.

Әрине, өткені жоқ ел, тарихы жоқ халық болмайды. Тарих қойнауына тереңдеп енген әрбір ғасырдың, әрбір кезеңнің айтулы оқиғалары, жылнамасы архив қорларында жатыр. Халықтың құжаттық жадын өскелең ұрпақ үшін сақтап отырған Қазақстан архивтерінің рөлі өте зор. Елімізде әр жылдары қолға алынған «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Архив-2025» бағдарламалары, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры», Президентіміздің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақалаларында айтылған міндеттер, тіпті дәл қазір қолға алынған репрессия құрбандарын толық ақтау бойынша құрылған комиссиялар қызметі де архивсіз еш жүзеге аспас еді. Архив ұжымдары да құжаттарды сандық жеткізгіштерге аударып, ғылыми-анықтамалық аппарат пен архив қорларының автоматтандырылған дерекқорын құрып, мемлекеттік органдарда «Электронды құжаттар қоймасы» сервистік бағдарламалық өнімі енгізіліп, заман талабына сай дамып келеді. Архив саласы қызметкерлерінің жалақысы да көтеріліп, мұрағатшы деген мәртебелі мамандыққа айналды. Оралдық ардагер Вячеслав Иночкиннің айтуынша, осыдан отыз жыл бұрынғы архив пен қазіргі мұрағаттардың арасы жер мен көктей, салыстыруға келмейді. Бұл үрдіс тоқтамауы тиіс, әрдайым алға дамуы керек. Сондықтан да елімізде екі жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан жас архившілер байқауы жаңа буын мамандарға ерекше стимул берері анық.

1