Қазақстан • 17 Қараша, 2021

Мұраты – қазақты әлемге таныту

280 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жо­басының тағы бір жеңімпазы – қазақ мәдениетін әлемдік ауқымда дәріп­теу­ге үлес қосып жүрген отандасымыз Данияр Қожан. Еске сала кетейік, бұған дейін бірқатар басылым мен ақпарат агенттігі мұхиттың ар жағындағы АҚШ радиоларының бірінде қазақ тілін­де бағдарлама ашылғанын жарыса ха­бар­­лаған-ды. Міне, осы бас­таманы қолға алған, бүгінде АҚШ-та қазақтың музы­касын, мәдениетін насихаттайтын хабардың авторы бүгін біз сөз еткелі отырған Данияр Қожан.

Мұраты – қазақты әлемге таныту

АҚШ-қа алғаш рет 2017 жылы жолы түскен Данияр әуелі бұл елге турист ретінде сапарлап бар­ған. «Сол кезде АҚШ-та жұмыс істеп жүрген бір заңгермен танысып, ол маған көшіп келудің жолдарын айтты. Мен тиісті құжат­тарды рәсімдеп, көп ұзамай алты құр­лық­ты аузына қаратқан Амери­каға көштім. Жоғарыда айт­қан заң­гер танысымның PR менед­же­рі, яғни оның қоғаммен байланыс бойынша менеджері ретінде жұ­­мыс істей бастадым», дейді Данияр.

«Елден жырақта жүрген отан­даста­ры­мыздың басын қосуды көп­тен ойлап жүре­тінмін. Одан бөлек Америкадағыларға Қазақ­стан ту­ралы айтып бергім келетін. «Бо­рат» фильмінен кейін елімізге көз­қарас өзгеруі мүмкін. Көргеннің бәрі оның автор қиялының жемісі екенін түсінбеуі ғажап емес. Осы­лардың барлығы жоспар еді. Бір күні көлікте радио тыңдап келе жатып, бірнеше тілде бағдарлама барын байқадым. Қытай мен испан тілін айтпағанда, құлағым орыс тілін де шалып қалды. Сол кезде өзім радио ашсам деген идея пайда болды. Әлбетте, бұл үлкен қаражат пен көп уақытты қажет етеді. Сонда әртүрлі этностардың тыныс-тіршілігі, мәдениеті туралы бағдарламалары бар Freedom FM басшылығымен кездесіп, өз ұсынысымды білдіруге бел будым», дейді Данияр.

Freedom FM басшылығы шетел­дегі әуе толқыны бағдарламалары тізіміне Қазақстан туралы да жобаны қосуға келісімін беріпті. Әлбетте, бұған оңайлықпен қол жеткізілді деп айта алмаймыз.

Көп ұзамай Данияр Қожан Qazaq time бағдарла­ма­сын­да 2 сағат бойы Қазақстан ту­ралы айтып, қазақтың күмбір­ле­ген күйін, әуезді әнін Америка жұрт­шылығын таныстыруды бастайды.

«Нью-Йоркте 2 мыңға жуық қазақстандық тұрады. Мен шетел­де жүріп қазақтың қамын жеп, еліміз үшін қызмет еткен бабала­ры­мыздың ізін жалғастырып келе­мін деп сенемін. Геннадий Голов­кин сияқты еліміздің танылуы үшін өз үлесімді қосып жүрмін.

Бағдарлама бірыңғай қазақ тілінде емес. Оған бірте-бірте қол жет­­кізерміз деп ойлаймын. Freedom FM радиосы орыс тілінде ха­бар тара­татын толқын. Оған қоса Нью-Йоркті тұрақ еткен бауырлас ұлт­тардың бәрі де орыс тілінде еркін сөйлейді. Сондықтан аудиторияны баурау үшін де осы тілге басымдық беріліп отыр. Дегенмен бағдарлама барысында шырқалатын әндердің 95 пайызы қазақ тілінде деп айта аламын. Сондай-ақ қазақтың күйлері, терме-толғаулары да тақырыпқа сай беріліп отырады. Осының өзі бүгінде үлкен жетістік болып тұр. Себебі Америкада дүниенің төрт бұрышынан жиналған жүздеген, тіпті одан да көп ұлт өкілдері бар. Өкінішке қарай, олардың көпшілігі қазақ елінен мүлде бейхабар», деді кейіпкеріміз.

Қазақ гуманитарлық заң академиясын заң­гер мамандығы бо­йынша тәмамдаған Данияр­дан радиода бағдарлама жүргізу қиын емес пе деп сұрағанымызда, ол бағдарламаны қолға аларда көп дайындалғанын жеткізді.

«Қазір әлеуметтік желінің дәуір­леп тұрған заманы. Мен Instagram желі­­сінде тікелей эфир ұйым­даст­ы­рып, оқырмандармен сұх­бат құр­дым. Бұл маған көп көмек­тесті, тосыннан қо­йылған сұ­раққа тапқырлықпен жауап беру, көп­ші­лік алдында еркін сөйлеу, сөз сап­­тау сияқты машықтарды да­­мыт­­тым. Радионың мен үшін жақ­сы жері – сені бәрі естігенімен, көр­­мей­ді. Бұл да бір өз кезегінде қолайлы.

Данияр бір кездері белгілі продюсер Қы­дыр­­әлі Болмановпен бірге жұмыс істеген. Оның айтуынша, қазақтың ұлттық мәдение­тіне қызығушылығы сол кезде оян­ған. «Мен қашанда елімнің патриотымын. 2005-жылдары Қыдырәлі Болманов Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы болып қызмет етті. Мен оның көмекшісі болып жұ­мысқа тұрдым. Онымен жұмыс істегенімде қазақтың мәдениеті қызықтыра түсті. Сол кезде-ақ елім үшін елеулі іс атқарғым келе­тін. Сол кісіден үйренгенім көп болды, оның мектебінен өттім десе де болады», дейді Данияр.