Театр • 17 Қараша, 2021

«Көлеңке» – қазіргі қоғам көрінісі

781 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстық қазақ драма театрында Рақымжан Отарбайдың «Көлеңке» эксперименттік қойылымының тұсауы кесілді. Дос Құбаштың режиссерлігімен сахналанған бұл драманы дүниеге құныққан, нашақорлыққа бой алдырған, жат діни ағымның арбауында жүрген азаматтар көрсе ғой дейміз. Сабақ болар ма еді?!

«Көлеңке» – қазіргі қоғам көрінісі

Бір отбасындағы келеңсіз жағ­дайлар арқылы бүгінгі қоғам­ның қасіретін көрсеткен қо­йылым түйсіксіздің өзіне ой түй­гізуі бек мүмкін. Әртістер адам мен қоғам, тұлға мен тобыр тар­тыс­қан заманның шындығын бүк­песіз суреттеп, автордың ойын кө­рерменге анық жеткізді.

Береке-бірліктен жұрдай әу­леттің үлкен ұлы тендерге тү­сіп, қомақты қаржы ұтқанымен мақ­танады, болашаққа жоспар құрады. Менмендігі басымдау. Оның екі жүзді келіншегі дү­кен­нің иесі. Ой-өрісі таяздау әйел. Ортаншы ұлдары не бітіріп жүр­гені белгісіз. Ал кенже ұл мен келін жат діни ағымға саналары уланған, тіпті әке-шешесінен бе­зініп кетуге әзір. Туғандарын кәпір деп, араласудан қалған. Әке-ше­шесі болса, бала-шағасының қас-қа­бағын бағып, тілеуін тілеп оты­ру­дан басқа амалдары қал­маған.

Шиеленістің бәрі шолжаңдаған кенже қыздарынан басталады. Қыдырып Бурабайға барып ке­лемін деп, ірі көлемде есірткі әкетіп бара жатқандардың көлігіне соқтығысқан. Содан әулеттің тө­бесіне қара бұлт үйіріліп, ақыр соңы бес бөлмелі баспаналарынан айырылған. Үлкен ұлдары шетелге қашып тынған. Жат діни ағымның жетегінде жүрген кенже ұл мен келіндері Сириядағы ұшқан оқ пен жарылыстардың ортасынан бір-ақ шыққан. Шаңы­рақтың ортаға түскені осы шығар. Иә, қойылым қоғамның айнасы іспетті. Ең бастысы, заман дерті дендеп, қазақтың қаймағы бұзыл­маса екен деп тіледік. «Көлеңке» қойылымының мақсаты да сол еді, елдің ойын түзеу...

 

Өскемен