Риота Мурата деген кім?
Жапонияның Нара қаласында 1986 жылы дүниеге келген Мурата әуесқой бокстан 2011 жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы болса да, өз еліндегі аса танымал спортшының бірі деп айту қиын. Өйткені сумо спортының даңқы аспандап тұрған елде басқа спорт өкілінің әйгілі бола қоюы қиын. Десе де ол бокс бойынша Жапониядағы ең атақты былғары қолғап шебері саналады. Тіпті оның бұрынғы қарсыласы Роб Брант (АҚШ) Муратаны «Жапониялық Леброн Джеймс» деп атаған. «Жапонияда болған жекпе-жегіміздің алдындағы баспасөз конференциясына менің кейбір жекпе-жектерімдегі сияқты Риотаны көру үшін көптеген жанкүйер келді», дейді ол.
Алты жасында бокс қолғабын қолына киген Мурата 2004 жылдан бастап ірі жетістіктерге қол жеткізе бастады. Сол жылы университеттің бірінші курсында оқып жүргенінде Жапония чемпионы атанып, 2005 жылы Хошиминде өткен Азия чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді. Ал 2006 жылы Қатар астанасы – Дохада өткен жазғы Азия ойындарының бастапқы бәсекесінде Афина Олимпиадасының чемпионы, отандасымыз Бақтияр Артаевқа тап келіп, 24:5 есебімен оңбай жеңілгені есімізде. Содан кейін Риота қатарынан төрт жыл (2007, 2009, 2010 және 2011) Жапония біріншілігінде қарсылас шақ келтірген жоқ.
2008 жылы Олимпия ойындарына қатысуға бел буған ол алғаш Бангкоктағы іріктеу турниріне қатысып, жартылай финалға дейін жетті. Финалға жолдама беретін бәсекеде өзбекстандық Эльшод Расуловтан жеңіліп, жарысты қола жүлдемен түйіндеді. Бірақ ол бұл нәтижемен жолдамаға қол жеткізе алмады. Астанада өткен екінші іріктеу кезеңі де Риота үшін сәтсіз аяқталды. Ширек финалда Хомаён Амириден ұтылған Мурата жарысты небәрі жетінші орынмен қорытындылады. Осы бір сәтсіздіктен кейін жапониялық боксшы қолғабын шегеге ілуді жөн көріп, өзі оқыған университетте студенттерге дәріс беріп, бокс клубында жаттықтырушы болып жұмыс істеді. Алайда арада бір жарым жыл өткенде карьерасын қайта бастаған Муратаның екінші тынысы ашылып, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізе бастады.
Карьерасын қайта жалғағаннан кейінгі Муратаның алғашқы ірі жарысы 2010 жылы Астанада өткен Президент кубогы болды. Өкінішке қарай, оның елімізге жасаған екінші сапары да нәтижесіз аяқталды. Алғашқы кезеңде грузиялық Леван Гуледаниді жарыс жолынан ығыстырғанымен, ширек финалда жерлесіміз Данабек Сужановтан айласын асыра алмады.
Муратаның жұлдызы 2011 жылы Бакудегі (Әзербайжан) әлем чемпионатында жанды. Жаһандық доданың бірінші айналымында ол екі дүркін әлем чемпионы өзбекстандық Аббос Атоевты техникалық нокаутпен жеңсе, кейінгі кезеңдерде ирандық Мохамед Саттарпурды, германиялық Штефан Хартелді еліне қайтарды. Осыдан кейін ол ширек финалда ирландиялық Даррен О’Нилді, жартылай финалда бразилиялық Эскива Фалканды жеңді. Финалда украиналық Евгений Хитровтың осал тұсын таба алмай, алғашқы әлем біріншілігін күміс жүлдемен аяқтады.
Араға бір жыл салып Риота 2012 жылы Лондон Олимпиадасында атой салды. Іріктеу кезеңдерінде Алжир және Түркия өкілдерінен басым түссе, жартылай финал мен финалда ежелгі қарсыластары Аббос Атоев пен Эскива Фалканды бір ұпай айырмашылығымен жеңіп, Олимп шыңының төрінен көрінді. Осылайша, Мурата Жапонияға 48 жылдан кейін алғаш рет Олимпиаданың алтынын сыйлады. Лондондағы табысты өнерінен кейін ол кәсіпқой бокстағы қырағы промоутерлердің көзіне түсіп, 2013 жылдан бастап біржола кәсіпқойлар арасында бақ сынауға бел буды.
Әйгілі Боб Арум басқаратын Top Rank Promotions компаниясымен келісімшарт жасаған жапониялық боксшы сегіз жылдан бері 18 жекпе-жек өткізіп, 16-сында жеңіске жетті. 13 қарсыласын нокаутқа жіберді. Екі айқасында қарсыласына есе жіберді. 2017 жылы Хассан Н’Дам Н’Жикамнан жеңілсе, 2018 жылы Роб Бранттан ұтылды. Бірақ екі реванш кездесуінде де Мурата есесін қайтарды. Хассан Н’Дам Н’Жикаммен болған екінші жекпе-жегінде Риота жетінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетіп, WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы белдігіне иелік етті. Кейін ол италиялық Эмануэле Бландамура, америкалық Роб Брант және канадалық Стивен Батлер сынды былғары қолғап шеберлерімен қолғап түйістіріп, әлем чемпионы атағын сәтті қорғады.
Үшінші боксшының үміті
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Мурата – Головкиннің карьерасындағы үшінші жапониялық боксшы. Отандасымыздың Күншығыс елінің боксшыларымен таныстығы сонау 2012 жылы басталды. Сол жылы Украинаның Бровары қаласында өткен бокс кешінің андеркардында Геннадий Макото Футигамимен (19-6) қолғап түйістіріп, өзіне тиесілі орта салмақтағы WBA белдігін төртінші мәрте, ал IBO чемпиондық атағын бірінші рет қорғады. 12 раундқа жоспарланған жекпе-жек үшінші раундта отандасымыздың техникалық жеңісімен аяқталды.
Осы кездесуден кейін Головкин атақты америкалық HBO телеарнасымен келісімшартқа отырып, ірі жекпе-жектер өткізе бастады. Отандасымыз 2013 жылы бес жекпе-жек өткізуді мақсат етіп, қарсыласының атақ-даңқына қарамай кез келген боксшымен шаршы алаңда кездесуге дайын екенін мәлімдеді. Бірақ атақты боксшылар Геннадиймен айқас өткізуден бас тарта бастады. Сөйтіп жүргенде жапониялық Нобухиро Исида отандасымызбен жұдырықтасуға келісімін берді. 2013 жылы 30 наурызда Геннадий Головкин Монакода жапон боксшысымен кездесті. Раундтың алғашқы секундтарынан бастап алға ұмтылған Головкин бұл жолы да қарсыласын үшінші раундта тізе бүктірді. Бір айта кетерлігі, Исида бұған дейінгі бірде-бір айқасында қарсыластарынан мерзімінен бұрын жеңілмеген еді.
Жапониялық боксшылармен үш раундтан артық жұдырықтаспайтын Головкинге Мурата неше раунд шыдар екен? Бұл сұрақтың жауабы 29 желтоқсанда Сайтама қаласындағы Saitama Super Arena спорт кешенінде өтетін бокс кешінде белгілі болмақ.