Тәуелсіздік • 17 Қараша, 2021

Қандастар көші қайта жанданады

1070 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің күні кеше өткен алтыншы отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің болашақтағы өсіп-өркендеуіне тікілей қаты­сы бар біраз маңызды мәселені ортаға салды. Солардың бірі – Елбасының тікелей қолдауымен алыс-жақындағы қандастар­дың атажұртқа бет бұрған Ұлы көші басталған 18 қарашаны атаулы күндер күнтізбесіне қосу мәселесі. 

Қандастар көші қайта жанданады

Бұл ең алдымен сырт жерлердегі сан миллион қазақ диаспорасы үшін үлкен қуанышты жаңалық. Өйткені алыс­тағы ағайындарымыздың арасында атажұртқа қоныс аударғысы келе­­­тіндердің қатары әлде де қалың. Бірақ соңғы кезде түрлі себептермен қандастар көшінің азайғаны да жасы­рын емес. Президенттің Ұлы көш мә­селесін көтеруі осы қандастар көшінің қайтадан көбеюіне жол ашатыны анық.

Бұл Ұлы көштің басында Қазақ­станның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғаны баршаға мәлім. Осыған орай ХІХ-ХХ ға­сыр­лардағы әртүрлі аласапыран жағ­­­­дай­лармен қазақ халқының үштен бір бөлігі өзінің ежелгі атамекені – қазіргі Қазақстан Республикасының жерінен сырт қалып қойғанын айта кеткен жөн. Міне, осы ағайындарды ата­жұртқа қайта жинау сонау сексенін­ші жылдардың аяғына дейін мүлдем қолға алынбады. Соған байланысты Нұр­сұл­тан Назарбаев республика бас­шы­лы­ғына келген алғашқы күн­нен бастап жер бетіндегі бүкіл қазақтың біртұтас ұлт ретінде өсіп-өркендей беруіне тікелей қатысты бұл мәселені қолға алып, сырт жерлердегі ағайындармен тығыз байланыс орнатып, олардың атажұртқа оралуына кең жол ашуға белсене кірісті.

Мұндай игі істердің алғашқылары­ның бірі Елбасының 1991 жылдың қыркүйек айында Түркияға барған сапарында Ыстанбұлдағы қазақтар­мен арнайы кездесу өткізуі болды. Кездесу ба­рысында Елбасы ағайындардың ұсы­нысымен алдағы уақытта Алматыда Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын өткізу жөнінде шешім қабылдады. Бұл жаңалық сол сәтте-ақ әлемнің әр түкпі­ріндегі қазақтарға кең тарай бастады.

Осыдан кейін Елбасының тапсырмасымен 1991 жылғы 18 қарашада Қазақ КСР Министрлер Кабинеті «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адам­­дарын Қазақ ССР-інде қоныстан­дыру тәртібі мен шарттары туралы» №711 Қаулы қабылдады. Бұл құжатта сырт жерлерден Қазақстанның ауыл­ды жерлеріне жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-іне қалай әкелудің тетіктері мен жолдары, көшіп келген соң оларды құжаттандыру, сондай-ақ әлеуметтік, дәрігерлік, білім беру, тұрғын үй, жаңа ортаға бейімдеу сынды толып жатқан мәселелер бойынша жеңілдіктер мен көмектер ұсыну егжей-тегжей қарастырылды. Сонымен қатар бұл мəселе жөніндегі үйлестіру жұмыстары Қазақ КСР Еңбек министрлігі мен Сыртқы істер министрлігіне тапсырылып, келушілерге қажетті құжаттарды əзірлеп, шетелдердің тиісті органдарымен келіссөздер жүргізіп жəне соның қорытындысы бойынша қоныстанудың тəртібі мен шарттары туралы келісім­шарт­тар жасау көрсетілді. Міне, осы­ның нәтижесінде алыс-жақындағы аға­­йын­дардың атажұртқа оралуының бар­лық мүмкіндігі қарастырылып, қажет­ті жеңілдіктер жасауды қамтама­сыз ететін аса маңызды заңды құжат Қазақ­стан тарихында тұңғыш рет өмірге келді.

1991 жылы 31 желтоқсанда Елбасы Қазақ радиосынан алыс-жақындағы ағайындарды атажұртқа шақырған тарихи Үндеуін жариялады.

1992 жылғы 26 маусымда «Көшіп келу туралы» Заң қабылданды.

Қазақстан Республикасының 1992 жылы 28 қыркүйек пен 4 қазан ара­­лы­­ғында Алматыда Дүниежүзі қазақ­­­тары­ның тұңғыш құрылтайы хал­қы­­­мыз­дың тарихындағы айтулы оқиға­лар­­дың бірі ретінде үлкен табыс­пен өтті. Құрылтайда Дүниежүзі қазақ­та­ры қауым­дастығы құрылып, оның Төр­аға­сы болып Қазақстанның Тұң­ғыш Прези­денті Нұрсұлтан Назар­баев сайланды.

1992 жылы 1 қарашадан бастап Қазақстан Республикасының Еңбек министрлігі жанынан Халықтың көші-қон департаменті құрылды.

Осындай игі істердің нәтижесінде алыстағы ағайындармен байланысуға кең жол ашылып, Қазақстанда көші-қон үрдісі жүзеге аса бастады. Тек 1991-1992 жылдары елімізге 10 мың­нан аса қазақ отбасы келіп, 60 мың адам туған жерімен қауышты. Ал бү­гінгі таңда атажұртқа оралған қан­дас­тардың жалпы саны бір жарым мил­лионнан асып отыр. Бұл көп халық Қазақстанның демографиялық жағдайының жақсарып, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани өсіп-өркендеуіне ұшан-теңіз үлес қосуда.

Міне, осындай жағдайда Ұлы көш­тің басталуына жол ашқан 18 қара­ша атаулы күндердің күнтізбесіне қосы­лып, жыл сайын мереке ретінде аталып оты­ратын болса, қандастар көшінің тоқта­май, үнемі жалғаса беруіне кең жол ашатыны анық.

Қазақстан Президентінің көші-қонға қатысты бұл аса маңызды тап­сыр­ма­сы нақты орындалып, көп ке­шік­пей жүзеге асады деп кәміл сенеміз.

 Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,

1992-2017 жылдардағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері