Саясат • 18 Қараша, 2021

«Астана клубы»: Әлемдік ауқымдағы талқылаулар алаңы

312 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Елордада 15-17 қараша күндері «Астана клубының» алтыншы отырысы өтті. Бұл жолғы жиын «Пандемиядан кейінгі жаңа әлем» тақырыбына арналды. Үш күнге созылған іс-шара барысында жаһанданудың болашағы, әлемдік державалардың мүдделері, әлемдік дамудың сын-қатерлері, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Орталық Азия елдерінің жаңа стратегиясы секілді өзекті тақырыптар қамтылды.

«Астана клубы»: Әлемдік ауқымдағы талқылаулар алаңы

 Суреттер Елбасының баспасөз қызметінен алынды

«Астана клубының» негізгі жиыны 17 қараша күні өтті. «Үлкен Еура­зия: жаңа әлем көрінісі» атты пле­нарлық отырыс пен ядролық қауіп­сіздік үшін көшбасшылардың жаһан­дық альянсының басқосуына Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Сондай-ақ аталған отырыста БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун бастаған әлемге танымал тұлғалар да сөз сөйледі. «Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеді. Заманауи қазақ мемлекетінің құрылуы мен қалыптасу процесін басқару мәртебесін халық сеніп тапсырған елдің Тұңғыш Пре­зиденті ретінде мен үшін осынау меже зор маңызға ие. Бұл халқымыздың ма­ңызды тарихи датасы. Тарихи өлшеммен алып қарағанда қысқа ғана кезең ішінде Қазақстан өз дамуында ма­ңызды жетістіктерге жеткені өздері­ңізге де жақсы таныс. Еліміз нарықтық экономиканың жолына нық түсіп, ТМД кеңістігінде құрылымдық реформалар, халықаралық сауда мен инвестиция үшін ашықтық тұрғысынан көшбасшыға айналды. Тәуелсіздік жылдарының ішінде Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 16 есе артты. Бүгінде біз Орталық Азиядағы ірі экономикаға айналдық», деді Тұңғыш Президент.

Елбасы өз сөзінде бүкіл өңірдегі жалпы өнімнің жартысынан көбі Қа­зақстан үлесіне тиесілі екеніне назар аударды. Елімізге шамамен 250 млрд доллар тікелей инвестиция тартылды. Азаматтардың әл-ауқаты еселеп, Қазақстан Шығыс Еуропаның бірқатар елінің деңгейіне жетті. «Ресейді ғана алға жіберіп, ТМД-да екінші орынға шықтық. Ұлттық қор құрылды. Бұл қазіргі және болашақ ұрпақ үшін қалқан, байыпты актив. Еліміздің алтын-валюта қоры шамамен 100 млрд долларды құрайды. Экономиканы қарқынды индус­трияландыру және сервистік өнеркәсіп құру ісі жүргізіліп жатыр. Ол шикізат ресурстарына тәуелділіктен арылуға бағытталған. Теңізге шығар жолы жоқ ел болғандықтан 15 мың шақырымнан астам автомобиль және темір жол салдық. Бұл Қазақстанға Тынық және Атлант мұхиттарына, сонымен қатар Парсы шығанағына шығуға мүмкіндік берді. Және де 3,6 мың шақырым темір жол салынды. Егер салыстырмалы түрде айтар болсақ, Кеңес билігі 70 жылдың ішінде ұзындығы 1 300 шақырым болатын бір ғана Түрксіб темір жолын салды. Ал біз қысқа ғана уақыттың ішінде осыншама жол салуымыздың өзі талай жайтты аңғартады. Басқаша айтар болсақ, Қазақстан Азия мен Еуропаны, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын маңызды транзиттік көпірге айналды. Біз ұзындығы 15 мың шақырымды құрайтын мемлекеттік шекарамызды заңды түрде рәсімдедік», деді Елбасы.

Н.Назарбаев көршілес елдермен, әлемдегі ірі мемлекеттермен, ең алдымен, Ресей және Қытаймен, сонымен қатар Орталық Азия елдерімен тату көршілік белдеу құрылғанына назар аударды. Сонымен қатар АҚШ, Түркия, Еуропалық одақ, Еуропа ел­дерімен, Шығыспен, Иран, Жапония, Оң­түстік Корея және Азияның өзге де мемлекеттерімен сындарлы ынты­мақ­тастық жолға қойылған.

«Әлемдегі қуаты жағынан 4-орын алатын ядролық арсеналдан бас тартқанымыз, Қазақстан аума­ғын­да 49 жыл бойы жұмыс істеген ғалам­шар­дағы ең ірі полигондардың бірі – Семей ядролық полигонын жапқа­нымыз өздеріңізге де белгілі. Қазақ­стан аумағында МАГАТЭ-нің қамқор­лығымен төмен байытылған уран банкі салынды. Бұл банк кез келген елге бейбіт атом энергетикасын дамытуға деген өзінің заңды құқығын қамтамасыз етеді. Өңірдегі көршілермен бірге бізде Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ құрылған. «Ядролық қарусыз әлем үшін» және «Жаһандық қауіпсіздік үшін» сыйлықтарын бекіттім. Бұл сыйлықтарды жеңімпаздарға екі мәрте табыстау мәртебесіне ие болдым. Мәні жағынан маңызды осынау қадамдарды жасау арқылы Қазақстан шын мәнінде жаппай қырып-жоятын ядролық қарусыз әлем құру жаһандық қозғалысын бастады», деді Тұңғыш Президент.

Елбасы өз сөзінде Ұлы дала төрінде ғаламат қала салынғанын атап өтті. Қа­зір­гі таңда елорда әлемдегі маңызды мәсе­лелер талқыланатын іргелі алаңға айнал­ды. Атап айтсақ, Сирия дағдарысы бо­йынша «Астана келіссөздері». Еуро­падағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымының саммиті өтті. «Кейінгі жыл­дары әлемдегі ахуал қарқынды түрде кері кетіп барады. Басты сын-тегеу­рін коронавирус пандемиясы болып тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қазірдің өзінде әлемде вирус жұқтырғандардың саны 250 млн адамнан асып түсіп, 5 млн-нан астам адам ажал құшты. Бұл – бей­біт уақыттағы жаға ұстатарлық статис­тика. Жаһандық қоғамдастық әзірге вирустың таралуын тізгіндей алмай отыр. Әлемдік ірі державалар арасын­дағы текетірестің күшеюі де теріс фак­тор­ға айналған. Әсіресе АҚШ пен Қытай күш­тік құрылымдарын көбейтіп отырған Тай­вань төңірегіндегі ахуал ерекше алаң­даушылық тудырады. Ресей мен еуро­палық елдер арасындағы геосая­си шие­леніс те төмендер емес. Украина төңіре­гіндегі жанжал сақталуда», деді Н.Назарбаев.

Ауғанстан төңірегіндегі ахуалдың да күрделі болып отырғанына назар аударды. Талибандардың тез арадағы жеңісі мен америкалықтардың елден кетуі ондағы ахуалды түбегейлі күрделендіріп жібергенін атап өтті. «Ауғанстан таяу келешекте-ақ ауқымды гуманитарлық апатпен бетпе-бет келуі мүмкін. БҰҰ мәліметінше, 23 млн адам немесе ауған халқының жартысынан көбі азық-түлік жетіспеушілігінің зардабын тартады. Бұл босқындардың жаңа толқынына түрткі болуы ықтимал. Тек 2021 жыл­дың бірінші жартыжылдығында ғана олар­дың саны 400 мың адамнан асып түсті», деді Елбасы.

Тұңғыш Президент ядролық стра­те­гиялық тұрақтылық саласындағы жағ­дай да барынша күрделі болып тұр­ға­нын атап өтті. Ядролық қару-жарақты бақылаудың жаһандық жүйесі күйреді.

«Әлемде байқалып отырған дағ­да­рысты жағдай Еуразиядағы коопе­ра­цияның жаңа әдістерін әзірлеуді талап етеді. Ең алдымен, Үлкен Еуразиядағы диалог пен сенім институтын нығайту қажет. 1992 жылы Еуропадағы ЕҚЫҰ-ға ұқсас Азиядағы өзара іс-қимыл жә­не сенім шаралары кеңесін құруға бас­та­машылық жасадым. Осы уақытқа дейін ұйым өзінің қажеттілігін дәлелдеп берді. Бүгінде бұл форум 27 мемлекетті бірік­тіреді. Осы уақыттың ішінде АӨСШК-нің 5 саммиті өтті. Бұған қоса оның бе­делі де, географиясы да ұлға­йып келеді. Осыған орай біздің идеямыз – АӨСШК-ні Азиядағы қауіпсіздік архи­тек­турасының орталық элементіне айнал­дыру. АӨСШК ашық құрылым ретін­де Азиядағы жалпы бәрін қамтитын диа­логті жолға қою үшін оңтайлы платформа бола алады деп санаймын. Келер жылы АӨСШК-нің құрылуының 30 жыл­­дығына орай мерейтойлық саммитін өткізу жоспарланған», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Еуразия елдері жаңа дағ­да­рыстың алдын алу мақсатында жүйелі диа­логті жолға қоюы қажет екеніне екпін берді. Бұл үшін баяғыдан бері үшінші елдермен де жұмыс істеп тұрған өңірлік халықаралық бірлестік негізгі арна бола алады. Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропалық одақ, Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымы, сонымен қатар таяу­да құрылған Түркі мемлекеттері ұйы­мы арасында тікелей байланыстарды да­мытатын уа­қыт жеткенін атап өтті. «Олардың барлығында ең алдымен экономикалық ынтымақтастыққа бағ­дар­лану тән. Дәл осы экономикалық ын­ты­мақ­тастық базасында саяси, мәдени және өзге де байланыстар артады. Бұл бү­кіл ғаламшар үшін үлкен жеңіс болар еді. Осыған орай Үлкен Еуразияның төрт­жақты экономикалық форумын құру­ды ұсынамын», деді Нұрсұлтан Назар­баев.

Тұңғыш Президент мұндай форум Еуразиядағы кооперацияның барлық мүмкіндігін талқылап, ілгерілетуге сер­пін беретінін жеткізді. Осы орайда, Қазақ­станға Мемлекет және Үкімет басшы­лары деңгейіндегі мұндай форумды ұйымдастырушылардың бірі ата­нуына мол мүмкіндік бар. «Ауған­стандағы күрделі ахуалды тұрақтандыру үшін халықаралық күш-жігерді шоғыр­ландыру маңызды. Қазақстан бұл процесс аясында маңызды орталық болуда үлкен әлеуетке ие. Біз Карзай мыр­замен Президент кезінен бірге жұмыс істей бастадық. Мыңдаған ауған­дық Қазақстанның оқу орындарын­да оқып, мамандық алды және еліне орал­ды. Үнемі гуманитарлық көмек көр­сеттік және қазір де оған дайынбыз. Биылғы тамызда Алматыға БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдем көрсету жөнін­дегі миссиясы қызметкерлері көшіп келді. БҰҰ да Ауғанстанға гумани­тарлық көмек жеткізу үшін Алматыда халықаралық логистикалық хаб құру бастамамызға қолдау көрсетті. Қазан айының ортасында делегациямыз Ауғанстанға барып, ауған халқына 5 мың тонна қазақстандық ұн жеткізді. Халықаралық донорларды Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету және қалпына келтіруде Қазақстанды белсенді пайдалануға шақырамын. Осы тұрғыда менің Алматыда БҰҰ-ның Ауған­станды оңалту халықаралық орталы­ғын құру идеямның өзектілігі арта тү­седі. Қазақстан БҰҰ тетіктері арқылы ауған халқына азық-түлік жеткізу көлемін арттыруға дайын. Осы орайда Қазақ­станда құрылған KazAID халықаралық даму агенттігін қарқынды іске қосу қажет», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

568498

Осы орайда, Елбасы әлемдік қоғам­дастық ядролық қауіп-қатермен бетпе-бет келгендіктен бірігудің маңызын атап көрсетті. Н.Назарбаев ядролық қару­ды таратпаудың шынайы жұмыс істей­тін тетіктерін әзірлеу қажеттігі бая­ғыда-ақ пісіп-жетілгеніне тоқталды. «Бұл ретте айрықша жауапкершілік «яд­ролық бестік» елдерінде жатыр. Бір­неше жыл бұрын, нақтырақ айтқанда «Азия-Еуропа» конференциясында мен барлық ядролық мемлекеттің қатысуымен стратегиялық шабуылдау­шы қару-жарақтарды жалпыға бірдей қысқартудың нақты жоспарын әзірлеуді ұсынған едім. Оны БҰҰ қамқорлығымен қабылдауға болар еді. Жоспарда жаппай қырып-жою қаруын сатып алуға және таратуға қатысты қатаң санкция­лар қамтылуға тиіс. Бұл тұрғыда әлемнің танымал 70 саясаткері қолдау білдірген Яд­ролық қауіпсіздік және ядролық қарудан азат әлем жаһандық альянсы көшбас­шыларының қызметі айрықша мәнге ие бола түседі. Альянс мен ұсын­ған жоспарды талқылау және әзірлеу үшін орталық алаң әрі қозғаушы күш бола алар еді деп ойлаймын», деді Нұр­сұлтан Назарбаев.

Осыған орай Қазақстан астанасында Ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жөніндегі жаһандық форум өткізудің маңызын атап өтті. Елбасы қазіргі таңда мұндай алаң жоқ екенін еске салып, оны жаңартуды ұсынды. «Бү­гін­гі әлемде біреудің жеңілісі екінші­сінің жеңісі екендігін білдірмейді. Бұл көнерген түсінік әрі баяғыдан-ақ қазіргі заманғы шындыққа сай келмейді. Біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана жо­ғарыда атап өткен сын-қатерлерге қарсы тұра аламыз. Сондықтан ашық, әділ, тіпті қолайсыз болса да диалогтің болғаны маңызды. «Астана клубымыз» бүкіл Еуразия үшін жаңа идеялар мен шешімдердің генераторына ай­наларына сенемін. Біздің ой-пікір­леріміз бен шешімдеріміз, осынау ізгі мақ­саттарымыз әлем тұрғындарының қолдауына ие болуы үшін барлық мемлекетке жеткізілуге тиіс», деді Тұңғыш Президент.

Сондай-ақ жиын барысында БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы, Жасыл дамудың жаһандық институтының прези­денті және төрағасы  (GGGI) Пан Ги Мун да сөз сөйледі. Ол ядролық қару­дың әлемге төндіріп тұрған қаупі­не тоқталды. «Ядролық қару қаупін жоймай, жаһандық бейбітшілік пен қауіп­сіздік орнамайды. Осал топтағылардың тұрақты өсімі болмаса, бейбітшілікті қам­тамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан ядролық ғылым мен технологиялар тек бейбіт мақсатта қолданылуға тиіс. Ядролық сынақтар өткізілмейтін қауіп­сіз, бейбіт әлем үшін бірлігімізді сақтауға тырысайық», деді Пан Ги Мун.

Сондай-ақ ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ядролық қауіпсіздік үшін Көшбасшылардың Альянсын құруды ұсынғанын еске салды.

«Біз ортаға салып, талқылауды жал­ғас­тыратын маңызды мәселелердің бірі – ядролық қару қаупі. 2019 жылы Қазақ­станның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық қауіпсіздік үшін Көшбасшылардың альянсын құруды ұсынды. Ол Қазақстанның осы саладағы үлгі боларлық көшбасшылығын көрсетті. Мен осы бастама үшін Қазақстан мен Назарбаевтың еңбегін атап өткім келеді. Бұл Альянс ядролық соғыс қаупінен азат болашақ құру мақсатында әлемдік лидерлердің басын қосты», деді Пан Ги Мун.

Пленарлық отырыс кезінде 2004-2014 жылдары Ауғанстан президенті қызметін атқарған Хамид Карзай өз елін­дегі ахуалға тоқталды. Оның айтуын­ша, Ауғанстандағы жағдайды тұрақ­тан­­дыру үшін екі бағытта жұмыс істеу керек. «Біріншісі, ауған халқының құнды­лықтарына негізделген және халық­тың ерік-жігерін білдіретін тәртіп құру қажет. Бұл елде тиімді үкіметтің қа­лып­тасуына әкеледі. Екіншіден, Еуро­па мен АҚШ, өңірлік көршілер секіл­ді ха­­лықаралық қоғамдастық тарапы­нан шынайы қолдау өте маңызды. Ын­ты­мақ­тастық форматындағы, араласпау қағи­даттарымен үйлескен осы екі іс-қи­мыл бізді жетістікке әкеледі. Бұл гу­­­ма­ни­тарлық және экономикалық дағ­­­да­рыстар, сондай-ақ халық­аралық тер­­роризмнің шиеленісуі сынды екі негізгі мәселені шешеді», деді Х.Кар­зай.

«Астана клубы» пікірталас алаң­ында «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Назар­баев стратегиясы және Қазақстан мен Орталық Азия болашағы» сессия­сы өтті. Отырыста жаңа геосаяси жағ­дайдағы аймақ перспективалары тал­қыланды. Сессия жұмысына Шанхай ын­тымақтастық ұйымының Бас хатшы­сы, 2006-2010 жылдары Өзбекстан Рес­пуб­ликасының сыртқы істер министрі қызметін атқарған Владимир Норов, Еуропалық одақтың Орталық Азия бо­йын­ша Арнаулы өкілі Терхи Хакала, «Пос­­тиндустриалдық қоғамды зерттеу орта­лығының» директоры Владислав Иноземцев, Атлант Кеңесінің аға ғылыми қызметкері, Энергетика және қауіпсіздік бағдарламасының директоры (ITIC) Ариэль Коэн секілді спикерлер қатысты.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Владимир Норов сес­сия кезінде тәуелсіз Қазақстанның құ­рылуы, оның үдемелі дамуы және халық­аралық аренада лайықты орын алуы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екенін атап өтті. «Қара­пайым азаматтардың мүдделерін ескере отырып, жаңа саяси жүйе құру, олардың мемлекеттік басқаруға қатысу құқықтарын кеңейту, демократия институттарын қалыптастыру және нығайту, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті дамыту маңызды. Ол цифрлы технологияларды кеңінен енгізуге, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, теңгерімді өңірлік дамуға, өндірісті жаңғырту мен әртараптандыруға, тауарлар мен қызмет­тердің сапасын арттыруға бағытталған экономикалық дамудың қазақстандық моделін айқындауға қол жеткізді.

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің есімі Қазақстанның халықаралық аре­на­дағы беделінің өсуімен байланысты. Ол халықаралық қауымдастықтың назарын аударған ауқымды инновациялық идеялардың бастамашысы болды», деді В.Норов.

Сондай-ақ спикер Орталық Азияда жаңа мүмкіндіктер пайда болып, ай­мақ­тың инвестициялық тартымдылығы артып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, талдау қорытындысына сәйкес алдағы 10 жылда аймақтағы шетелдік инвестиция көлемі 170 млрд долларға жетеді. Оның 70 млрд-ы шикізаттық емес саладан келуі мүмкін екен.

Британ-қазақ қоғамының төрағасы, FIRST баспасының негізін қалаушы Руперт Гудман сессия кезінде Ұлы­бри­тания премьер-министрінің құттықтау сөзін оқыды. «Мен Қазақстанды ел Тә­уелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, өз лебізімді жеткізгім келеді. Бұл – үлкен жетістік. Қазақстан дамып, Еуразия орталығындағы мықты елге айналғанын көрдік. Келесі жылы дипломатиялық бай­ланысымыздың 30 жылдығын атап өтеміз. Байланысымыз жаһандық пан­де­мияға қарамастан, одан әрі дамитын болады», делінген Борис Джонсонның құттықтау сөзінде.

Атлант кеңесінің аға ғылыми қыз­меткері, Энергетика және қауіпсіздік бағ­дарламасының директоры Ариэль Коэн өз сөзінде Қазақстанның пандемия­мен күресін жоғары бағалады. Сондай-ақ Қазақстанның дамуына Елбасының қосқан үлесін ерекше атап өтті. «Мен болашаққа оптимизммен қараймын. COVID-19 бәрін дүрліктірді. Қазақстан қиын кезеңді сәтті еңсерді деп ойлаймын», деді А.Коэн.

«Постиндустриалдық қоғамды зерт­теу орталығының» директоры Вла­дислав Иноземцев Қазақстанның эко­но­микалық табыстарына тоқталды. Оның айтуынша, еліміз шартараптың түкпір-түкпірінен инвестиция тартуда озық елдердің қатарында тұр. «Қазақстан өте мол тікелей инвестиция тартты. Өзге посткеңестік елдерде көрсеткіш әлдеқайда төмен. Қазақстанды шетелдік инвестиция тарту бойынша посткеңестік кеңістіктегі чемпион деп атауға болады», деді Владислав Иноземцев

Сондай-ақ Көшбасшылардың Жаһан­дық Альянсының «Түн ортасы: Ядролық диалог бойынша іс-әре­кет уақыты» атты отырысы аясында ядро­лық қауіпсіздік мәселесі сөз болды. Оты­рысқа қаты­су­шылар жаһандық страте­гиялық тұ­рақтылық саласында қалып­тасқан дағ­дарыс жағдайынан шығу мәселесін ортаға салды. Сондай-ақ Альянс­тың ал­дағы жылдары атқаратын жұмыс­тары­ның басым бағыттары айқындалды.

Айта кетерлігі, ядролық қауіпсіздік үшін Көшбасшылардың Жаһандық Альянсы 2019 жылы «Астана клубының» бесінші отырысының қорытындысы бо­йынша Елбасы бастамасымен құрылды. Қазіргі уақытта альянс саясаткерлер, сарапшылар және Нобель сыйлығының лауреаттары сынды 70-тен астам ха­лықаралық қайраткерді біріктіріп отыр.

Сондай-ақ «Астана клубының» алтыншы отырысы кезінде «АҚШ-Қытай текетіресі: әлем экономикасы мен геосая­сатына әсерлері» тақырыбындағы сессия өтті. Жиынға «Еуразия шұғыласы» бестселлерінің авторы, Flint Global бас кеңесшісі, Португалияның еуропалық істер жөніндегі бас хатшысы қызметін атқарған Бруно Масаеш модератор болды.

Бұл сессия жұмысына Хадсон институты Қытай жөніндегі орталығының директоры, «Жүз жылдық марафон: Қытайдың құпия стратегиясы» бест­селлерінің авторы Майкл Пиллсбери, Азиялық қоғам саясаты институтының президенті және бас директоры, Аус­тралияның Премьер-министрі қызметін атқарған Кевин Радд, «Қытай мен жа­һандануды зерттеу орталығының» пре­зиденті Ван Хуэйяо, Дүниежүзілік банк вице-президенті лауазымын иеленген, Брукингс институтының ғылыми қызметкері Йоханнес Линн қатысты.

«АҚШ халқы соғыс кездейсоқ бас­талуы мүмкін деп алаңдайды. Соңғы 2 жылда мен мұндай көп сценарийді естіп талқыладым. Бұл – өте ауқымды мәселе. Бүгінгі сессия аясындағы қарама-қай­шылық туралы айтар болсақ, мен үшін бұл әскери қақтығыс, оның ішінде ядролық соғыстың ықтималдылығы», деді Майкл Пиллсбери.

Азиялық қоғам саясаты инсти­ту­тының президенті және бас директоры Кевин Радд Қытай бүгінде әлемдегі эконо­микалық көшбасшы, ірі саяси күшке айналғанын айтты. Қытай қазірдің өзінде Америкамен күресіп, бәсекелес болып жатқан қуатты және ықпалды күш орталығы саналады. «Қазір Америка барлық негізгі заман­ауи технологияға ие және технологиялық дамуда Қытайдан алда. Қытайда АҚШ-тағыдай өткізгіштер мен жартылай өткізгіштер жетіспейді. Олардың өндірісі АҚШ-та шоғырланған. Бұл тұрғыда Қытай Америкадан артта қалды. АҚШ-ты басып озу үшін жаңа технологиялық саясатты қолға алды. Сондықтан екі ел арасындағы қарым-қатынас ушыға түседі – сын-қатерлердің алмасуы болады және бәрімізді шиеленіс кезеңі күтіп тұр», деді спикер.

Клуб жұмысы барысында «Батыс vs Ресей: Еуразиялық экономикалық одақ үшін салдарлар» сессиясы өтті. Оған қазақстандық Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаев, Бельгия премьер-министрі болған Ив Летерм, Энергетикалық хартия хатшылығының бас хатшысы Урбан Руснак, мәскеулік Карнеги орталығының директоры Дмитрий Тренин секілді спикерлер қатысты.

Сонымен, үш күнге созылған «Ас­тана клубының» отырысы кезінде жа­һан­данудың болашағынан бастап әлемдік дамудың сын-қатерлеріне дейінгі көптеген мәселе қамтылды. Жиын­­ға шартараптан келген спикерлер Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ­станның дамуын­дағы, жаһандық тұрақтылық пен қауіп­сіздікті сақтаудағы рөлін жоғары баға­лады.

Қорыта айтқанда, «Астана клубы» әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарапшылар мен көшбасшылар бас қосып, жаһандық мәселелерді талқылайтын іргелі алаңға айналғанын тағы бір рет дәлелдеді.