07 Мамыр, 2010

ҰСЫНЫМЫ МОЛ ЖӘРМЕҢКЕ

580 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Осы жолғы дәстүрлі жәрмеңке Тәуелсіздік алаңында өткізілді. Мұнда Зеренді, Сандықтау және Ақкөл аудандарының өкілдері ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрлерін кеңінен ұсынды. – Біздің тауар өндірушілеріміз 38 сауда нүктесінде жұмыс істеп жатыр, – дейді Зеренді ауданының әкімі Ербол Сағдиев. – Жергілікті шаруа қожалықтары мен жауап­кершілігі шектеулі серіктестіктер өнімнің жүзге жуық түрін сауда сө­ресіне қойып отыр. Әсіресе, Вик­торов ауылының балына, Иса­ков­каның жеміс қайнатпаларына, өсім­дік майына сұраныс көп. Ет, сүт және нан өнімдерімізбен қатар алты автокөлікке тиелген жемшөп пен құрама азықтың заматта өтіп кетуі қалалықтардың да  өз аула­сында мал өсіруге ден қойғанын аңғартады. Мұны қолдау қажет. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орын­басары Бекболат Елбергеновтің айтуынша, ресми бекітілген аудан­дардан басқа аймақтардың өнімдері де көптеп сатылуда. Бұл еліміздегі молшылық пен байлықты көрсе­теді. Бурабай ауданындағы “Есіл-Агро” ЖШС, “Бурабай құс” және Еңбекшілдер ауданындағы “Қаз Гер Құс” фабрикалары, Көкшетау қаласының жетекші кәсіпорындары дастархан мәзірімізді көркейтуге әрекет жасағаны көрініп тұр. Мұн­дағы баға да базарлар мен дүкен­дерге қарағанда анағұрлым арзан. Жұртшылық көңілінен шыққан жәрмеңкеге қатысушыларды облыс әкімі Сергей Дьяченко құттықтады. Бақберген АМАЛБЕК. Көкшетау қаласы.